Мектептерге – он үш автобус

(0 Votes)

«AMANAT» партиясы аудандық филиалында партиялық фракция отырысы өтті. Оған аудан әкімі Абат Жанғалиев орынбасарларымен, бірқатар бөлімдердің, мекемелердің басшылары қатысты. Фракция отырысын партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Хисметуллин жүргізді.

Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы 2024 жылға жоспарланған негізгі іс-шаралар туралы хабарлама жасап, ауылшаруашылығын дамыту, сапалы білім беру, қолжетімді медицинамен қамту, мәдениет және бұқаралық спортты дамыту, өмір сүру, экологиялық жағдайды жақсарту бағытында атқарылатын жұмыстарға тоқталды. Хабарламашы мен аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров білім ұяларына күрделі жөндеу жүргізу, компьютермен, оқушыларды тасымалдайтын автобустармен қамту, жол бойына ағаш отырғызуға қатысты партиялық фракция мүшелері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарды.

Келесі кезекте аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Нурия Баймұқанованың аудандық бюджеттің орындалысы туралы, аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяровтың салада 2023-2024 жылдары жасалған жұмыстар жайлы хабарламалары тыңдалды. Партияның аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин, фракция мүшелері Есболат Құбашев, Гүлжанат Қалиева, Болатбек Өтегенов, Әнуарбек Сәбитов мектептерде диетолог жоқтығын, білім ұяларын интернетпен, музыкалық аспаптармен қамту, балабақшалар жеткіліксіздігі, асханалардағы ыссы тамақтың сапасына мән беру, қыруар қаражат бөліп салынған спорт алаңдарын теңгерімге алу, оқушылар тасымалы, кітапханаларды мектептен өзге нысандарға көшіру және тағы басқа мәселелерді көтерді. Негізгі сұрақтар бағытталған аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Ғарипұлы өңірімізде екі мектептің құрылысы басталып жатқанын, тағы үшеуін салу жоспарда тұрғанын, оқушылар тасымалдайтын 13 автобус алынғалы отырғанын айтты. Жүргізушілердің жалақысын 100 пайызға өсіруге ұсыныс жасалғанын, материалдық-техникалық базаны жақсарту мақсатында 12 кабинетке сұраныс берілгенін жеткізді. Күні бүгін балабақша қажет болып отырған 8 елді мекенде балабақша құрылысын бастауға фракция мүшелерінің қозғау салуын өтінді.

Аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Балағазы Иманғалиев өз саласы бойынша жасалған жұмыстар, аудан әкімінің орынбасары Марат Хасанов бөгеттерді бекіту, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ахат Ахбалин өр суы қауіп төндірген жағдайда тұрғындарды көшіруге байланысты қысқаша ақпараттар берді. Аудан әкімі Абат Жанғалиев қосымша толықтырулар жасады. Фракция отырысын партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Хисметуллин қорытындылап, аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиевадан өр суынан қорғау және мектептердегі ыссы тамақпен қамту мәселесін зерделеуді сұрады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521