Аудан әкімі ауызашар берді

(0 Votes)

Аудандық «Темірәлі» мұсылмандар мешіті медресесінің үлкен залында аудан әкімі Абат Жанғалиевтің атынан ораза ұстап жүрген адамдарға ауызашар берілді.

Оған аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім, мекеме басшылары, ардагерлер, зиялы қауым мен ақпарат құралдарының өкілдері, мешіт жамағаты қатысты. Қатысушыларды аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы құттықтап, ұстап жүрген оразаларыңыз қабыл болсын, еліміз бейбіт ғұмыр кешіп, өркендеп, дами берсін деген ізгі тілегін жеткізді.

Ораза ұстап жүрген абзал ақсақал, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, академик жазушы Өмірзақ Қажымғалиев дініміз, оразаның маңызы жайлы ой толғап, жас ұрпақ ұлттық діңгегіміз – бабалардан келе жатқан салт-дәстүріміз бен дәстүрлі діни бағытымыздан ажырамауы, олардың жат ағымдар жетегінде кетуіне жол бермеу қажеттігін алға тартты. Осы бағытта жұмыстанып жатқан аудан имамына ризашылығын білдірді. Құрманғазы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов бұрын ораза ұстаған үлкендер біреу көріп қалмасын деп есікті бекітіп алып ауыз ашса, бүгінде осындай үлкен дастарханда бас қосатынына шүкіршілік етті. Он екі айдың сұлтаны – Рамазан айында жасалған жақсылықтар, игі істер береке әкелетінін көріп жүргенін жеткізді.

Осындай ізгі тілектер жеке кәсіпкер Мұқар Шаяхметов, ақын-журналист, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Таңатар Дәрелов, мемлекеттік қызметтің ардагері Қанат Ғаббасов, аудан прокуроры Магилан Рахимов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Асқар Муфтах, аудандық полиция бөлімінің басшысы Найзабек Құбашев, жеке кәсіпкер Есболат Құбашев, аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров және басқалары тарапынан да айтылды. Ауызашардың соңында «Темірәлі» мұсылмандар мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев сөйлеп, қазақ тілін, салт-дәстүрін, дәстүрлі дінін білсе жастар адаспайтынын, осы үш тұғырды бекіте түсу үшін жұмыстана беретінін жеткізіп, аталардың баталарын алу, тілектерін есту өзі үшін үлкен мәртебе екеніне тоқталды. Қатысушыларға ризашылығын білдірді. Ауызашар соңында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев бата беріп, Құран оқылды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521