Жолдың жайы басты назарда болады

(0 Votes)

Аудан әкімдігінде жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаевпен кездесу өтті.

Кездесуге аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірзақ Зинуллин, облыстық мәслихаттың депутаты Сабыржан Сұлтанов, бөлім басшылары, округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев кездесу барысында заң шығарушы органның қызметінен қысқаша хабардар етіп: - Құрманғазы Ресеймен шекаралас жатқан орны ерекше аудан. Жаңа осында келер алдында мектептерде болдық. Ауданда бірқатар жұмыстар жасалып жатыр екен. Парламентте бір жылдың ішінде 84 заң қабылдадық. Нәтижесінде экономика саласына, Конституцияға және басқаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Олар жайлы ақпарат құралдарынан оқып, танысқан да шығарсыздар. Өмір бір орында тұрмайды, өзгеріп отырады. Бекітілген заң да заман ағымынан қалмауы тиіс. Маңыздыларының бірі Конституциялық заңға өзгерістер енгізу. Соның ішінде Қауіпсіздік Кеңесінің статусы өзгертілді. Кеңес шешімдері Конституция бойынша міндетті түрде орындалуы керек. Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып Елбасымыз сайланды. Жалпы қандай заңға да өзгерістер мен толықтырулар енгізгенде Парламент, мәжіліс депутаттары болсын халықтың ой-пікірлері ескерілгенін қадағалаймыз. Мәслихат депутаттарын сайлау да өзгеріп отыр. «Нұр Отан» партиясынан басқалары сайлауда өтпей, бір партиялық мәслихат болып кетпес үшін 7 пайыздық өлшемге жақындап жүрген партиялардың да сайлануына мүмкіндік туғызылады. Жер қойнауын пайдалану туралы заңға да өзгеріс енгізілді. Заңда елге келіп жұмыс жасаймын деген қаржысы бар инвесторларға жеңілдік беру көзделді. Үш жылдық бюджет бекітілді. Күрделі мәселе Атырау-Астрахань жолы. Бұған дейін оған қаржы бөлуге тиісті Ислам даму банкінің ішкі ережелері біздегі заңдылықтарға сәйкес келмейтін болып шықты. Бұл мәселені облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та партия төрағасы алдында көтерді. Қазіргі күні жолдың құрылысын қаржыландыру жөнінде өзге банктермен келісімдер жасалуда. Әзірге бірінші кезекте 20, одан кейін 40 шақырымын жөндеуге қаржы бөлінбек. Осы айдың аяғына дейін мердігер мекеме анықталып, жұмыстар жасалады. Жұмыс тоқтап қалмау үшін 2 млрд. теңге қаражат табылып отыр. Ол қажетті материалдар алу жұмыстарына арналады. Бастысы бұл жұмыстың сеңі қозғалып кетуінде, арғы жағында кезек-кезегімен қаржымен қамтылары анық. Тағы бір мәселе ол балық қорғау инспекциясының материалдық-техникалық базасын жақсарту. Инспекцияның құрал-жабдықтары тозғаны, жаңалау қажеттігі де көптен айтылып жүр. Осы сұрақпен Премьер-Министрдің көмекшісіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне шықтым. Оған да қаржы бөлінгелі отыр. Бір жылда үш сауал жасадым. Оның ішінде жолға, көпірге ақша бөлу де бар. Әділет басқармасындағы, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі азаматтармен кездестім. Құрманғазы несие серіктестігі тарапынан қойылған сұрақтарды бердім. Парламентте қаржы жөніндегі комиссия құрамындамын, сегіз адамбыз. 18 жобаны біздің комитет бекітеді. Мен осында әлі біраз күн боламын. Толғандырған мәселелеріңіз бойынша сіздерді тыңдауға әзірмін, - деді.

Жиналыс барысында аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әлімбай Әбдрахман, аудандық мәслихаттың депутаттары Мансұр Қуаншәлиев, Бержан Кенжебаев, Рифхат Сұлтанияев, аудан әкімдігі жанындағы ақпараттық талдау орталығының басшысы Ернар Боранғалиев өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы кездеуді қорытындылап, ауданымызға келіп түсінік беріп жатырғаны үшін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірзақ Зинуллинге құрманғазылықтар атынан ризашылығын білдірді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521