Жазғы су құбыры тартылады

(0 Votes)

Округтің 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабарламасында әкім Анарбек Баймұханов түрлі салалар бойынша атқарылған жұмыстарға, жеткен жетістіктерге тоқтала келе, шешімін таппай тұрған мәселелердің қатарында ескі мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, сметалық-жобалау құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамаға жолданған 200 орындық мәдениет үйінің құрылысын бастау, жазғы су құбырының мәселесін шешу қажеттігін айтты.

Жиын барысында ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген өтініш-сауалдары да тыңдалды. Зейнеткер Темірхан Қауысов ауылдағы емдеу орнын дәрігермен және тегін дәрі-дәрмекпен қамтудың жайын сұрады. Жеке кәсіпкер Сәулеш Бегәлиева жедел-жәрдем көлігі мен зертханашы штатының қажеттілігі туралы көпшіліктің ортақ тілегін айтып, ауыз судың лай күйінде берілетініне көңілі толмайтынын жеткізді. Құмарғали ауылының тұрғыны, жалғызбасты ана Маржан Өтеғұлова округ әкімшілігі тарапынан қызына берілген үйдің ішінде жылу жүйесі болмағандықтан оны отынмен қамтамасыз ету жөнінде жеке мәселесін қозғады. Аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сара Мұқанәлиева ақпан айынан бастап зертханашы штаты ашылатынын, оған маман да әзір тұрғанынан хабардар етіп, салаға қатысты басқа да сұрақтарға жауап қайтарды. Зейнеткер Сайқол Жұманов биылғы жылы Ақтөбе медициналық институтын бітіретінұлытуған жерінде қызмет атқарып «Дипломмен-ауылға» бағдарламасының жеңілдіктерін пайдаланғысы келетінін айтса, ауыл тұрғыны Мадхат Зұлхожин елді мекеннің тазалығын сақтаудың маңыздылығын тілге тиек етті. Ұзақ жылдар ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек еткен, ауданның Құрметті азаматы Ұзақ Жәдіғұлов соңғы уақытта мектеп әкімшілігі тарапынан өзіне көңіл бөлудегі оралымсыздыққа ренішін білдіріп, «Астрахань-Маңғышлақ» су құбырына Теңіз ауылының су тазарту имараты неліктен қосылмай қалғанын мәселе етіп көтерді.

Бүгінде ауылда суды ешкім сенімгерлік басқаруға алғысы келмейді. Өйткені, жиында сөйлеген есепші Гүлайым Әйтімова айына 1000 теңге көлемінде шығатын жарнаны тұрғындар төлеуге келгенде қиналатынын, сондықтан «Атырау-Жарық» мекемесіне үнемі қарыз болып, шығынға бататынын жасырмады. Ұзақ Жәдіғұлов олардың бұл жағдайға тап болуына ауылда орналасқан мекемелердің кінәсі басымырақ екенін ашып айтты. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Әжіғалиев жазғы су құбырын тартудың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, сараптамадан өткенін, қаржы бөлуге ұсыныс берілгенін қаперледі.Қойылған басқа да сауалдар бойынша сала басшылары жауап беріп, өтініштердің орындалу мерзімдерін де нақты айтып жатты. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Карсаков, жеке кәсіпкер Сатқан Қалиев, ауыл тұрғыны Абай Құбаев ауылдың ортақ тірлігіне қатысты жайларды мәселе етіп көтеріп, округ әкімі А.Баймұхановтың есепті кезеңде атқарған жұмысына оң баға берді.

Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев өңірдің дамуы жөнінде әр салаға шолу жасап, кезең-кезеңімен атқарылатын ауқымды істерді тізбеледі.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521