«Жас дарын - 2018» сыйлығы табысталды

(0 Votes)

Жастар – қашан да қоғамның қозғаушы күші.

Бүгінде ауданымыздың әр саласында табысты қызмет етіп жүргендері жетерлік. Осыған орай, «Ақтілек» мейрамханасында озық еңбек үлгісін көрсетіп келгендерді жыл қорытындысымен «Жас дарын - 2018» сыйлығымен марапаттау салтанаты өтті. Алдымен мемлекеттік мекеме қызметкерлері дөңгелене вальс билеп, нағыз ертегінің атмосферасын жасады. Алғашқы сөз алған аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Бисенғалиев жыл бойы жүзеге асқан жағымды жаңалықтары және игі жетістіктерімен бөлісіп, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Жас Отан» ЖҚ облыстық филиалы төрағасының алғыс хаттарымен Болатбек Өтегенов, Жамал Хасанова, Аяжан Зұлпыхарқызы, Гүлжайна Абдуллаева, Раббина Бату, Әнуарбек Сәбитовті марапаттады.

Келесі кезекте аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров мерекелік лебізін білдіріп, түрлі салада биіктерден көрініп, спортта да, өнерде де ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген белсенді жастарға зор ризашылығын жеткізді. Сонымен, аудандық мәслихат депутаты Линда Өмірзақова «Үздік жас көшбасшы», С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің директоры Анар Мусина «Жастармен жұмыс атқарған үздік мемлекеттік мекеме», «Жас Отан» ЖҚ мүшесі Азамат Абдуллаев «Үздік жас ерікті», аудан әкімі аппаратының есепшісі Айдынбек Жігерұлы «Үздік жас мемлекеттік қызметші», «Серпер» газетінің ІІ дәрежелі тілшісі Айнагүл Шакупова «Үздік жас журналист», АІІБ криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция лейтенанты Олжас Сдыхов «Үздік жас құқық қорғаушы», аудандық орталық аурухана хирургия бөлімшесінің анестезиолог-реаниматолог дәрігері Бибігүл Жанұзақова «Үздік жас дәрігер», Абай атындағы жалпы орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Рүстем Тоқаев «Үздік жастық жігері үшін», «Теңіз» халық театрының режиссері Елдос Құлшаров «Үздік жас мәдениет қызметкері», жеке кәсіпкер Дәурен Садихов «Үздік жас кәсіпкер», «Ганюшкин» стансасының аға құжаттар дайындау операторы Гүлшырын Қорғанбаева «Үздік жас қызметкер», Абай атындағы жалпы орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Нұрсәуле Өтебалиева «Үздік жас ұстаз», Ломоносов атындағы жалпы орта мектептің 11 сынып оқушысы, «Достық» халықаралық турнирінің жеңімпазы, бокстан Батыс аймақтық чемпионатының жүлдегері Аялан Құмарғалиев «Үздік жас спортшы» аталымдарымен ұлығыланды.

Аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы басшысының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев сөз сөйлеп, құттықтау тілектерін жеткізді. Жеке кәсіпкер Талғат Жұмалиев «Үздік ұйымдастырушы» аталымын аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Наурызбай Бисенғалиевке ұсынды.

Дастархан басында еркін-әңгіме дүкен құрысқан қонақтар концерттік бағдарламаны тамашалап, би билеп, көңілді тарқасты.

Т.Дәрелов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521