Өткел мен жүргіншілер көпірі – жылдағы жыр

Аудан тынысы

Шортанбай ауылдық округінің ұзақ жылдардан әкімі Сәрсекей Нәбидоллаев өткен жылғы атқарған жұмыстарын алдыңғы жылғымен салыстыра сипаттады.

Ерекше атауға тұрарлықтары десек – судан қорғаныс бөгеттерінің қауіпті тұстары түгел жөнделген. Екі көшенің жарықтандырылуы да жақсы жаңалық. Шортанбай-Котяев тас жолының 40 шақырымы біткен. Ауылдың ішкі жолдарының төселуіне тағылар кінәрат жоқ. Өлімнен өсім көп, 45 бүлдіршін өмірге келіп аман өсуде. Төрт түлік мал басы жыл өткен сайын көбейіп барады.

Жалпы аудан бойынша атқарылған жұмыстар аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаевтың аузынан естілді. Алдағы межелерге тоқталып өтті. – Барлық талапқа сай спорттық кешен салына тұра, шортанбайлық жастар, мектеп оқушылары да аудан орталығындағы спорттық сайыстарға қатынаспайды. Әр ауылдан бір-бір команда келіп бақтарын сынаса, сіздерден жоқ, алға қарай осыны ескеріңіздер,- деді аудан әкімінің орынбасары.

«Каспий Фиш» ЖШС директоры Болат Абдолов: - Шортанбай-Көптоғай аралығына өткел мәселесінің шешілмеуі – жылдағы жыр. Аурухана жабылды, сырқаттанбайтын пенде жоқ, сондайда кімге хабарласарыңды білмейсің.

Зейнеткер Тілекқабыл Машанов та кейбір жайларды еске салды. – Жұбайым сырқат адам, хабарлаған кезде дәрігерлер телефон көтермейді. Су беру қызметінің қажет кезде басшысын да, қосшысын да таба алмаймыз. Ішкі істер қызметінің бізге бөлінген инспекторына, «Атырау-Жарықтың» жігіттерінің жұмысына разымыз,- деді ол.

Аудандық аурухана бас дәрігері Гүлсара Мүтиева: - Аурухана халық саны 5 мыңға жеткенде ғана ашылады. Сол себепті сіздерге тәуліктік емді қажет ететін сырқаттарға ғана күндізгі бөлім ашылды. Кейбір маман дәрігерлердің жетіспейтіні рас, ауданға әкелмек болып дәрігерлік жоғары оқу орындары бар Алматы, Қарағанды, Ақтөбеге жиі ат ізін саламыз. Мектеп бітірушілерді дәрігерлік оқуға үгіттеңіздер, ертең өз орталарыңызға оралып жатса, жақсы емес пе? Мүмкіндік мол, өйткені жоғары оқу орындарына 9 квота бөлінсе, соның 8-і дәрігерлік салаға.

Мектеп директоры Гүлнәр Юсупова білім ошағына үлкен көмек жасалғанын, әрбір 2 шәкіртке бір компьютерден келетінін, бір шәкіртінің Алматы медицина институтына түскендігін, жалпы жағдайларының қалыпты екендігін айтып, аудан, округ әкімдерінің атқарып келген қызметтеріне разылық көңілін жеткізді. Ал, мәдениет үйінің директоры Бақытжан Серединов интернет жүйесінің әлсіздігі жұмыстарына қол байлау келтіріп жүргендігіне тоқталды.

2019 жылға межелеген жұмыстарының бастылары: Жасталап ауылындағы мектеп құрылысын тездетіп аяқтау, Котяев-Шортанбай тас жолын түгел бітіру, ауыл көшелеріне әлі де жарық орнату. Ақкөл-Ғ.Әліпов-Жыланды-Қиғаш автожолы жобасына қаржы көзін қарастыру.

Округ әкімі бұл жұмыстардың басталған жылы аяқталатындығына сенімді. Тек ол Көптоғай-Шортанбай аралығындағы үлкен арнаға өткел салу мәселесінің түйіні тарқарына, Жыланды-Шортанбай елді-мекендері арасындағы өзекшеге жаяу жүргіншілер көпірі салынарына күпті көңілін байқатты.

Ауылдастарына адал қызметін арнап келген тәжірибелі әкім Сәрсекей Нәбидоллаевқа соған сай оңды баға да берілді.

Т.Дәрелов.