Теңіздің тамағы тереңдетілді, арнада жұмыстар әлі жалғасуда

(0 Votes)

«Нұр Отан» партиясы Құрманғазы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ө.Есенғазиев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Ж.Ғұмаров және Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы аудандық бөлімінің басшысы Н.Ашенов Қиғаш, Шарон өзендерінің теңізге құяр табанын тереңдету жұмыстары жүріп жатқан Ганюшкин каналы учаскесінде болды.

Бұл жұмыстарды «Павлодар өзен порты» АҚ қосымша мердігері Астрахан қаласының «Современные морские технологии» (СМТ) жауапкершілігі шектеулі қоғамы атқару үстінде. Ұжымда 19 адам жұмыс жасайды. «Землесос ДЭР-50» агрегаты өзенді енін 30 метр, тереңдігін 2,50 - 3,70 метр көлемінде қазады. Жоспарға сай, 200 метрдей жер теңіздің ішіне қарай көлбей қазылу шарасы алынды. Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстардың жүргізілуі өзен ағысымен баратын лайлы топырақтың құяр тамаққа тұнып қалмай, әрмен асып, теңіздің көлтабанына жайылуы үшін қажет көрінеді. Негізінде, тиімділігі молырақ болуы үшін әлі де теңізға қарай кеулеп қазылғаны дұрыс дейді.

Қазу агрегатының экипаж капитан-багермейтері Игорь Варенцов пен капитанның аға көмекшісі Дмитрий Таширов жұмыстың жопарлы кестеден көп алшақтықсыз атқарылып жатқанын айтады. Алайда, су асты табанының жері өте қатты, саз бен қайыршақ аралас болып келуі нормалық 50-60 метрдің орнына 35-45 метрдей қазылып қолбайлаулық келтіріп отыр екен. Жер жынысының құрамын 570 мм-лік тұрбамен 500 метрдей қашықтыққа су астынан шығарылып жатқан лай батпақтан анық көруге болады. Осындай қиындықтарға қарамастан қазіргі уақытта экипаж теңізге қарай бір, қайтарда екінші тереңдікте тағы бір қазып, Ганюшкин каналының бойына түсті. Ендігі міндеттері мұз қатқанға дейін Қиғаш пен Шарон өзендерінің қиылысына жету, аралық шамамен 600 метрді құрайды.

Партиялық және қоғамдық тексеруді түсіністікпен қабылдаған экипаж басшылығы жұмыс барысымен таныстырып, қазу процесінің жүруін компьютер арқылы көрсетті. «Нұр Отан» партиясы Құрманғазы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ө.Есенғазиев алға қарай да мұндай рейдтік қадағалаулар болып тұратынын қаперге беріп, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, атқарылар жұмыстарды дер уақытында әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521