ТАКСИСТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Аудан тынысы

Атыраумен екі араға қатынайтын такси жүргізушілерімен кездесу мақсатында аудан әкімі Қайрат Нұртаев, орынбасары Жандос Бектеміров және жауапты бөлім басшыларымен, құқық қорғау орындарының қызметкерлерімен бірге жеке кәсіпкер Мирғали Ғабдушевтің автотұрағында болды.

Бірақ, біз барғанда қалаға жүретін таксистер кетіп қалған екен.

Аудан әкімі Қайрат Талапұлы жиналған өзге бағыттарда жүретін таксистермен, жеке кәсіпкер Мирғали Ғабдушевпен әңгімесінде: – Алға қарай диспетчерлік пункт ашып қалаға қатынайтын таксистерді бір жерден жүретін етуіміз керек. Құлсары қаласында, Қызылқоға ауданында бұл жұмыс жолға қойылған. Бізде де сондай тәртіп болуы тиіс. Қазір көлік кептелісін болдырмас үшін такси тұрағының шығыс жағынан сыртқа шығып кететін қақпа салдырдық. Ол жақтағы бөгет теңгерімге алынып, үстінен жол салынады, - дей келе диспетчерлік пункт болғаны таксистердің өздері үшін тиімді екенін түсіндірді.

img_4854

Ауыл тұрғыны, І топ мүгедегі Мұратқали Мырзағалиев: – Айтуыңыз орынды. Такси бағасы қымбат. Жақында ғана Атырау қаласына барып қаралып келдім. Барып-қайту 6 мыңға шықты. «Мен мүгедекпін, бағаны түсірмейсің бе?», дегенмін, жүргізуші келіспеді. Қазір Атырауға бару 3500 теңге болып тұр, - деді.

Ауыл ішілік жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізуші Елеусін Сапуов: – Осылай арамызға өзіңіз келіп кездесіп жатырғаныңыз үшін үлкен рахмет. Басшының еңбегіне баға беретін халық қой. Сіз келгеннен бері аудан көлемінде біраз жұмыстар тындырғаныңызды аудан тұрғындары риза болып, айтып жатыр. Менің ұсынысым кіре беріске автокөлік тоқтауына тыйым салынатын белгі қойылса екен. Кейбір автокөліктер базарға кіретін жерге тұрып алады, ішке кіру қиын, - деген өз ұсынысын ортаға салды. Басқа жүргізушілердің де пікірлер тыңдалды.

img_4849

Автотұрақ иесі, жеке кәсіпкер Мирғали Ғабдушев: – Таксистердің басын біріктіріп, осы жерден диспетчерлік пункт ашамын десеңіздер мен қолдаймын. Жұмыс жасауына барлық жағдайы жасалған арнайы орын да бөлейін. Патенті барын жинап алып жиналыс жасаңыздар. Салық комитеті автотұрақта тексеріс өткіземін десе оған да қарсылығым жоқ. Қалаған уақытында келсін, - деп, аудан басшысына автотұрақтан болашақта салынатын жолға қарай шығатын жаңа қақпаны көрсетіп, соған орай өз ұсыныстарын айтты.

Қанат ҒҰМАРОВ