«Сыбағаның» шаруагерге берері мол, дамуына ашады айшықты жол

Аудан тынысы

Аудан әкімдігінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұлованың қатысуымен кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары иелеріне жаңадан қабылданған мемлекеттік бағдарламаларды таныстыруға арналған жиын өтті.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Жандос Бектеміров ашып: - Ауданымызға пайдасы тиер екі үлкен жоба жүзеге асырылғалы отыр. Қамыстан қағаз шығаратын өндіріс орнын ашу үшін екі компания, «Каспий Қамыс» және «Каспиан қамыс трейд» 150 млн. доллар көлемінде инвестиция салмақ. Біреуі қамыстан қағаз шығарса, екіншісі малға азық дайындаумен шұғылданады. Бұл өткенде ауданда құрылған ведомствоаралық комиссия отырысында талқыланып, жобалар мақұлданып, Инвестиция және даму министрлігіне жіберілді. Себебі, жүзеге асырылуы үшін олар инвестициялық немесе инновациялық болуы тиіс. Әйтпесе, жерді бөлу заңдылыққа сәйкес аукцион немесе конкурспен өткізіледі. Ол ұзақ уақыт алатындықтан, келген инвестор кетіп қалуы да мүмкін. Өздеріңіз білесіздер, былтыр үш жобамен келген германиялық инвесторлар жер бөлінбегендіктен кетіп қалды. Мына инвесторлар министрлікке барып келісімін алды. Ауданымызда үлкен зауыт салынып, 800-дей адам жұмыспен қамтылады. Мекеме осы жерде тіркеліп, аудандық бюджетке салық төлейтін болады. Қандай көмек қажеттігін, недей жұмыстар атқаратынын, бәрін түсіндіріп айтты. Қамыс шабатын 40 мың гектар жер алып, жыл сайын 10 мың гектардан шауып, өнім шығармақ, - дей келе, шаруагерлерден іске асырмақ жобалары, толғандырып жүрген мәселелері болса, ортаға салып отыруларын сұрады.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұлова: - Біздің қор арқылы мемлекеттік және басқа да бағдарламалар бойынша ұсынылып отырған несиелер жөнінде түсінік жұмыстарын жүргізіп, кеңестер беру мақсатымен келіп жатырмыз. Биылғы жылы Құрманғазы ауданының көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда өте жақсы, игерілген қаражаттың 13 пайызын ұстап тұр. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ауданнан 4 жобаны мақұлдадық. Үшеуі 40 миллионға шейін, біреуі 10 млн. қаражат алды. Қор қалыптасқан шаруа қожалықтарын ғана емес, жаңадан құрылған фермер шаруашылықтарын да қаржыландырады. Бастапқы кезде берілетін несие көлемі 40 млн. теңге болса, қазір 70 млн. теңгеге өсірілді. Бірінші қоятын талабымыз - несие тарихының таза болуы керек. 2 жылдың бер жағында 90 күннен асқан берешегі болса, ондай жобалардың мақұлдануы қиын. Сосын екінші деңгейдегі банктерге берешегінің мерзімін қараймыз. Несие алушының оны жапқанына 2 жыл өтсе, біз оның сұранысын қарастырамыз. Екінші талап – салыққа және басқа міндетті төлемдерге қарыздар болмауы тиіс. Үшінші кепілдікпен қамтамасыз ету талабы. Бұл жөнінде айтсақ, «Сыбаға» бағдарламасында аздаған өзгерістер бар. Мал шаруашылығы бағытында алынатын несиелерге қора, жер болуы қажет деген талаптар қойылады. Тарқатып айтсақ, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ірі қара малының аналығын Қазақстаннан тыс жерден алуға 15 жыл мерзімге 4 пайызбен 70 млн. теңгеге дейін қаражат беріледі. Екі жыл үзілісі бар. Егер аналық мал басының 8-12 ай аралығындағы ұрғашы баспақтарын алса, онда үзілісті 30 айға ұзартуға мүмкіндік бар. Сол 70 миллионның ішінен 5 миллионына малға қажетті жем-шөп, ауыл шаруашылығы құралдарының қажетті бөлшектерін, 15 миллионына ауыл шаруашылығы техникаларын алуға болады. Аталық мал басына берілмейді. Бір бас малға берілетін ең жоғары шектік көлем асыл тұқымды малға 625, тауарлы малға 250 мыңнан аспауы тиіс дейтін талаптар қойылып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, 70 млн. теңгенің ішінде 12 млн. теңгеге дейінгісі «Нәтижелі жұмыспен қамту» және «Жастар кәсіпкерлігін дамыту» бағдарламасы қаражатынан бөлінгендіктен ол тікелей 4%-бен беріледі де, 12 миллионнан асқаны 14%-бен босатылады , номиналды мөлшері 8-14% көлемінде болады. Бірақ, 10 пайызы субсидияланады, жалпы есеппен сол төрт пайызбен несиелендіріледі. Сырттан келетін асыл тұқымды малдың әр басына 225 мыңнан субсидия төленеді. Сол субсидия тікелей негізгі борышты жабуға өткізіледі. Шартқа отырып 70 млн. теңге несиеге 100 бас аналық мал алсаңыздар, 22 млн. 500 теңге қаражат қарыздарыңызды өтеуге жұмсалады. Субсидия берілуі үшін несие алушының 1000 бастан кем емес малды бордақылайтын алаңы болуы шарт. Етке өткізілетін малдың тірі салмағы 200 кг кем болмауы қажет. Мысалы 300 кг бұқашық өткізсеңіз, 60 мың теңге субсидия мемлекет тарапынан төленеді. Ұсақ қара малға «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несиенің шектік мөлшері 30 млн. теңгеге дейін және ол 6 пайызбен, 2 жыл үзіліспен 10 жылға беріледі. Асыл тұқымды қойды Қазақстанның ішінен алуға рұқсат бар. Шарты - сатып алу бағасы 35 мыңнан аспауы, етті сыртқа шығаратын өңдеу кәсіпорындары болуы керек. Бір бас сиырға үш, қойға жарты гектардан кем емес жеке меншік жайылымдық жер талап етіледі. Сондай-ақ, қора бір бұзаулы сиырға 5 текше метрден аз болмауы сұралады. Қораны жалға алуға қарсылық жоқ. Қазіргі күнде заңға өзгерістер енуде, шаруа қожалығы жаңадан құрылып жатса, мал басына шаққанда жері жетпесе де біз несиені рәсімдеуді тоқтатпаймыз. Несие жеке кәсіпкерлерге, заңды тұлғаларға да беріледі. Жұмыс жасайтын кісіге ауыл шаруашылығын қолдау қоры көмегін көрсетуге әзір, қай уақытта да есігіміз ашық, - деді.

Одан әрі Г.Шалағұлова алты жарым жылға 4-6% -бен, 4 млн. теңгеге дейін берілетін «Игілік» бағдарламасы туралы түсіндірді. Қысқаша айтсақ, мұның алдыңғысынан өзгешелігі қорасы болуы міндетті де, жерді бірігіп пайдалануға рұқсат етілген. «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасының бәріне ортақ талабы кәсіпкерлікті ашқанына үш жылдан аспауы керек. Ал, 2-3 жыл болғандары жұмыссыздар есебінен 2 адамды жұмыспен қамтуы қажет. «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығынан басқа саланы шектеусіз қаржыландыру жүреді. Оған қойылатын талап сертификаты болуы және кәсіпкерлігін ашқанына үш жылдан аспауы. Қатысушылардан аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әлімбай Әбдірахман, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Нұрболат Тілепбергенов, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалығының басшылары Қайрат Бисенғалиев, Серік Алғаязов, Жалғас Семен, Теміртас Сұлтанғалиев, Халиса Абылхаресова асыл тұқымды малды Ресейден импорттау, шетелден келетін малдардан ауру таралмауын қадағалау, ірі сабақты мал азығына бөлінетін қаржы, мал бордақылау алаңы және т.б. мәселелер төңірегінде сұрақтар қойып, қазақтың ақбас сиырына асыл тұқымды мал мәртебесін алып беру қажет деген ұсыныстарын ортаға салды.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Сәуменов: - Асыл тұқымды мал мәртебесін айқындайтын Ауыл шаруашылығы жанында комитет бар. Ол үшін біз ауданнан құжаттарын дайындап, содан кейін ұсыныс жасаймыз. Қазір ауданда асыл тұқымды сиыр шығарылған жоқ. Қойдан Еділбай, түйеден Бактериан, жылқыдан Жабы тұқымы бар. Бұлар Палата құрылмай тұрған кезде, министрліктің, облыстың, ауданның арнайы комиссияларымен асыл тұқымды мал мәртебесін алғандар. Қазір оны палата береді. Әділет басқармасы палатаны шаруа қожалықтары біздің ұсынысымызды қабылдамай отыр деп, нақты дәлелдер келтіргенде ғана тексереді, - дей келе «Е.Құбашев» шаруа қожалығы палатаға кіріп, асыл тұқымды мал өсіруші мәртебесін алғанын жеткізді. Шаруа қожалығының жетекшісі Есболат Құбашев: - Күні кеше асыл тұқымды малды шетелден тасу жөнінде Үкіметтің бұйрығы шықты. Онда сүтті және етті-сүтті мал тұқымдары ТМД-дан, ал, етті мал шетелден тасылады деп көрсетілген. ТМД мемлекеттерінен әкелуге болады деп жазылмаған. Ертең біз малды Ресейден әкелгенімізде палата оны мойындамай, бағдарламаға жатпайды деп жүрмесін. Осыны шешіп алу керек. Екіншіден, ол жақтан әкелінетін малда ауру бар-жоғын ешкім анықтамайды. Бруцеллез жас малдан жыл жарымнан кейін шықса, кім оның ақшасын қайтарады? Әлде әкелген сиырды түгел сойып тастап қарап отырамыз ба? Тағы бір айтарым, қазақтың ақ бас сиыры Ресейдікінен ірі. Біреуін сойсаң, асыл тұқымды қалмақ сиырының үшеуінің еті шығады, – деді. Жеке кәсіпкер Қайрат Бисенғалиев: - Алға қарай «Сыбаға» бағдарламасы асыл тұқымды ірі қара малын өз ішімізден алуға рұқсат берсе, ауру шығады деген қауіп сейілер еді. Бізде де асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылықтар бар ғой. Сонда баяғыда Австралиядан елімізге әкелінген, қыруар қаржы желге ұшқан малдардың кебін кимейді. Басқа жақтан келген малдың біздің жерімізге үйреніп кетуі қиын. Осыны да ескерсеңіздер, - деді. Қойылған сұрақтарға қайтарған жауабында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұлова «Сыбаға» бағдарламасы бойынша алынатын малдың 25% -ы көлемінде кепіл салуға рұқсат етілетіні, малды карантиннен шығарып беретін операторлар туралы түсінік берді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Р.Сәуменов Атыраудан келіп түсінік бергені үшін қор директорына ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ.