Сақтанбасаң, зияны шаш етектен

(0 Votes)

Бала – бауыр етің. Сондықтан адам да, қоғам да бар жақсыны балаға беріп, оның жан-жақты дамып жетілуінен аянып қалмайды. Әрбір ата-ана бауыр еті – баласының ой-өрісі дамыған, дүниетанымы кең азамат болып қалыптасуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, бүлдіршіннің сұранысын заманауи сапалы заттармен қанағаттандыруға тырысады.

 

Бүгінде бүлдіршіндер тұтынатын тауарлардың сапасы сын көтермейтінін көпшілік алға тартады. Өйткені, ақшаны алғашқы орынға қойған кей кәсіпорын өндірген өнімнің сапасына аса мән бермей жатады.

Техниканың дамыған заманында бояуы тым қанық, алыстан «мен мұндалап» тұратын ойыншықтарды көптеп кездестіреміз. Олардың ұзаққа бармай сынып қалатыны өз алдына, химиялық құрамы мен техникалық талаптарын зерттеп көрдіңіз бе? Мамандар тұтынушылар балаларға ойыншық сатып аларда ерекше сақтық танытып, оның сыртқы түріне, пішініне, өзіндік иісіне, сапасына, ұстағанда бояуы қолға жұқпауына назар аударғаны жөн дейді.

Сондай-ақ, оның сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжатының болуына, нарық айналымына шығарыларда Кеден одағының техникалық регламентінің қауіпсіздік талаптарымен сәйкестендірілгеніне көз жеткізген дұрыс екен.

Өйткені, құрамында улы заттар бар ойыншықты бала аузына салғанда, ішкі ағзалар қызметінің бұзылып, денсаулығына едәуір зиян тигізуі мүмкін.

Бізге өнім көбіне толықтай шет елдерден әкелінеді. Осыдан кейін баласы үшін барын аямайтын халықтың жылына қанша қаржысы шетел асып жатқанын бағамдай беріңіз. Деректерге сүйенсек, аспан асты елі шығаратын балаларға арналған өнімдер құрамына белгіленген мөлшерден бірнеше есе көп мырыш бар бояуларды қосатындығы анықталған. Оның қауіптілігі сонша, ағзаға түскен мырыш миды зақымдап, сәбидің денсаулығына қауіп тудыруы әбден мүмкін.

Статистикалық деректерге сүйенсек, тексерістен өткен 99 ойыншықтың 53 пайызы Қытай еліне, 14 пайызы Ресейге, қалған үлесі өзге мемлекеттердің еншісіне тиесілі екен.

Біздің елімізде балаларға арналған тауарлар өндірумен тек танымал продюсер Қыдырәлі Болманов айналысып келе жатқанын білеміз. Десек те, өнім өндіруге мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрсетіле қоймапты. Бағасының қымбаттығы да содан болса керек.

– Осы саладағы кәсіпкерлік қызмет ешбір субсидияға ілінбейді. Көршілеріміз менің жұмысым мен диссертациямды ноу-хау ретінде қабылдап, мені ғылымға еңбегі сіңген қызметкер ретінде атақ беру үшін Ресейге шақырып отыр. Осы уақытқа дейін әлемде ешкім ойыншықты балаларды дамыту әдісі ретінде пайдаланбаған. Ол жай ғана ойыншық болды. Қазіргі таңда балаларға арналған өнімдердің орны бос. «Balbala» – Қазақстандағы осы саладағы бірден-бір бренд. Балаларды тәрбиелеп, дамытуымыз керек, алайда бізде тиісті заңнамалық база жоқ. Білім мен бизнес қабыспай тұр. Тиісінше ақысының қымбаттығы да ойыншыққа сұранысты төмендетеді. Бірақ, бағасы сапасына сай келетінін көбі ұмыт қалдырады, – депті ол «Алаш айнасына» берген сұхбатында.

Еліміздің қай қаласына барсаңыз да өңіріміз отандық ойыншықтарға зәру екендігі анық байқалады. Осындайда қалтасында қомақты қаржысы бар кәсіпкер азаматтар батылдық танытып, балаларға арналған бұйымдар шығару ісіне шындап бет бұрса ғой. Бұл, біріншіден, халықты отандық өніммен қамтамасыз етсе, екіншіден, мемлекетіміздің экономикасының өркендеуіне зор үлес қосар еді.

Сондай-ақ, халықтың ойыншық сатып алуға жұмсаған ақшасы да ел қазынасына құйылары сөзсіз. Себебі, әрбір сауда нүктелеріндегі қаптаған шетел ойыншықтары осындай ойға жетеледі. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» демекші, бауыр еті – баламыздан қолымызда барын аямаймыз. Десек те, сапалы өнімді алып беруге көбіміздің қауқарымыз жете бермейді. Шетелден келген тауар қолжетімді болса да, сапасы сын көтермейді. Одан басқа шаш етектен келетін зияндылығы тағы бар. Сондықтан сәбиіңізге ойыншық әперерде де асықпай ойланып, айрықша сақтық танытқаныңыз абзал.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521