Халыққа сапалы қызмет – басты міндет

Аудан тынысы

Аймақ басшысы Н.Ноғаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссияның кезекті отырысы бейнеселекторлық режимде өтті.

Оған мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдарының басшылары, селекторлық режимде аудан әкімдігінің өкілдері, аталған комиссияның мүшелері қатысты. «Жер қатынастары саласында 2016-2017 жылдары мен 2018 жылдың І жартыжылдығында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында қабылданған шаралар туралы» облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ә.Ермекқали баяндама жасады.

Комиссия төрағасы Н.Ноғаев хабарламашыдан арыз берушілердің саны неліктен жыл сайын өсіп отырғанын сұрады. Облыс әкімінің орынбасары Ә.Нәутиев бұрын жерге мораторий жарияланғанын, оған дейін инфрақұрылым бөлінбегенін, қазіргі таңда жер беру қарқынды жүргізіліп жатқандықтан арыз берушілердің саны артып отырғанын алға тартты. Бұл жауапты аймақ басшысы да қолдап, сала жетекшілеріне заңдылыққа сай жұмысты ұйымдастыруды тапсырды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Т.Жұмағұлов оларға келіп түсетін арыз-шағымдардың 40 пайызы жер мәселесіне қатысты екенін тілге тиек етіп, оларға зерделеу жұмыстарын жүргізгенде халық арасында түсіндіру шараларының кемшіндігіне, адамдардың өз құқықтарын білмейтіні әлі күнге дейін орын алатынына қынжылыс білдірді.

Кәсіпкерлік саласында 2016-2018 жылдың өткен кезеңінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытында қабылданған шаралар туралы Атырау облысы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы А.Елеусізов хабарламасын ұсынды. Бүгінгі таңда мемлекеттің ұстанып отырған саясатының бірі – қызмет беруші мен алушының арасында адами факторды жою, халыққа қызмет көрсету орталықтарының тиімді жұмыс жасауын жетілдіру, электронды үкімет арқылы қызмет алу мүмкіншілігін ұйымдастыру осының барлығы қауіпті індеттің алдын алу бағытында жүргізілген жұмыстар екенін алға тартқан комиссия төрағасы Н.Ноғаев кәсіпкерлікті дамыту Елбасы тапсырмаларының бірі болып табылатынын айтты. Соңғы уақытта облыста бизнеспен айналысу артып келетініне тоқталып, бұл бағыттағы игі жетістіктерді саралады.

Келесі кезекте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Т.Жұмағұлов Атырау облысы аумағында 2018 жылдың өткен кезеңінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде айтып бұл жөнінде өзінің бірқатар ұсыныстарымен бөлісті. 2017-2018 жылы облыстық білім басқармасында және оған қарасты мекемелерде қаржылық тәртіптің, мемлекеттік сатып алу заңнамаларының және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталуы туралы Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы М.Лұқпанов хабарламасын ұсынып, бұл бағытта басшылар мен қызметкерлер тарапынан орын алған мемлекеттік сатып алулар кезіндегі қаржылық заң бұзушылықтардың тізімін келтірді.

А.Шакупова