Көше шамдарын сындырмайық!

(0 Votes)

Талай тарихты бастан кешірген, қазақ халқының көргені аз емес.

Бұлттан кейін күн шығатыны секілді, көрген қиыншылығымыздың артынан Тәуелсіздік таңы атты. Етек – жеңімізді жиып, жан – жағымызды ретке келтіруге жұмыстанған Елбасының еңбегі орасан зор. Тәуелсіздік тұғырының діңгегі мықты болуына аянбай маңдай терін төгіп, еңбектеніп келе жатыр. Қазақстан әлі де даму үстінде. Еліміздің әлеуетінің көтерілуіне бірден-бір себебі – ауыл екені баршаға аян. 2005 жылы да «Ауыл жылы» болып жарияланып, көптеген жұмыстар да атқарылған-ды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады.

Жаңаталап ауылдық округіне қарасты ауылдарға су, газ жүргізіліп тұрғындарды қуантқаны белгілі. Жол мәселесі де шешімін тауып келеді. Сондай-ақ, ауыл көшелері жарықтандырылып, шамдар сап түзей бастады. Бастапқыда 2 көшеге, орталық және мектепке барар жолда жарық жүргізілген-ді, бүгінде 8 көшеге 39 шам орнатылды. Осы еңбегі үшін округ әкімі Олжас Тәжібаевқа, басы қасында жүрген барша жанашыр азаматтарға ауыл тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз. Ауыл жарықтандырылып келеді, қуантарлық жағдай. Бірақ, бір көңіл түсірерлігі жергілікті тұрғындар қондырылған электр шамдарын тас лақтырып сындырып, жарықсыз қалдыруда. Бүлдіру - ең оңай іс, ал қалпына келтіру қанша уақытты және қаражатты қажет етеді, соны ескергеніміз жөн. Туған ауылымыздың өзге елді мекендерден кем түспей жарқырап тұрғаны өзіміз үшін тиімді. Осыны жастарымыз түсінсе дейміз.

Тазалық мәселесі ауыл тұрғындарының барлығына қатысты. Әр азаматты тазалыққа тәрбиелеу отбасынан басталуы тиіс. Сондықтан, көшеміздің кез келген жеріне қоқыстарды, бос құтыларды лақтырудан бойымызды аулақ салайық! Сонымен қоса, ауылымызда обилискі мен орталық саябақ бар. 2014 жылы өңірлерді дамыту бағдарламасы бойынша салынған саябақтағы 1,75 гектар жерге ең алғаш 100 түп тал отырғызылды. Жылда көктемде 100 немесе 80 талдан қосымша отырғызылып, күні бүгін саны 530 түпке жетті.

Саябақтағы жас талдарды сындырудан, бүлдіруден сақ болайық! Бүлдірген жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабына сәйкес жеке тұлғаларға – бес айлық есептік көрсеткіш (12 625 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға, не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғатынын қаперлеріңізге беріледі. Саябақ жайқалып, демалыс орнына айналса, көше жарығы жарқырап сап түзеп жанып тұрса, ауылымызда тазалық қатаң сақталса, қандай әдемі көрініс болар еді! Оның бәрі өзіміз үшін екенін түсінгеніміз абзал. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген аталы сөз бар, оны сақтау тек бір адамның қолынан келетін іс емес, барлығымыз жұмылғанымыз, оң көзқараста, түсіністікпен қарағанымыз жөн. Үлкенді – кішілі біреудің саябақты бүлдіріп, шамды сындырып жатқанына куә болсақ, оған мұнысы қате екенін түсіндіріп, қайталамауын талап етуіміз керек. Санасы бар адам түсінеді, тыңдамаса заңға жүгінеміз. Ең бастысы ел болып бұл іске мән беру бәріміздің ортақ міндетіміз. Себебі ауыл баршамыздың ортақ үйіміз, оның дамуы өзіміз және болашағымыз – балаларымыз үшін маңызды екенін әсте естен шығармайық!

Серік САПАРҒАЛИЕВ, Жаңаталап ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, Хиуаз ауылы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521