Көрісу – көркі дәстүрдің

Аудан тынысы

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде көрісу күніне орай мерекелік шара ұйымдастырылды. Ұлттық киім киген өнерпаздар жиналған жұртшылықты ән-күймен қарсылап алып, ыстық бауырсақ пен ақ дәмдерін ұсынып жатты.

Шара Теңіз халық театры әртістерінің мерекеге орай дайындаған сахналық қойылымымен басталды. Алдымен құттықтау сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров Қазақтанның тек батыс аймағында ғана сақталған дәстүріміз кейінгі уақытта еліміздің өзге өңірлерінде де кең етек алып келе жатқанына тоқталып, «айттан айтқа аман жетейік» деген тілегін арнады.

Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Қадірбай Жармұханбетов «он төртінде бір жаңа» деген бабалар сөзінің мән-мағынасын түсіндіріп өтіп, рухани жаңғыру үдерісіне ілескен көрісу дәстүрінің жалпыхалықтық сипат алуына тілеулестігін білдірді.

Көп бала тәрбиелеп өсіріп, бұл күнде немере-шөбере қызығына бөленіп отырған ардақты ана Айсұлу Қаражанова отбасындағы сыйластық, үлкенді сыйлау, ізеттілік білдіру, кішіні қамқорлау турасындағы ойын жеткізіп, ақ батасын берді.

Киров, Калинин, Морской халық театрлары қазақы дәстүрдің көркіне айналған көрісу айтының тәрбиелік мәнін ұлықтайтын көріністер көрсетті. Танымал өнерпаздар мағыналы әндер мен жыр термелерінің тиегін ағытып, тыңдармандарға қуанышты көңіл күй сыйлады.

А.НӘЖІМОВ.