Ислам қандай дін десеңіз...

Аудан тынысы

Ислам – бейбітшілік діні, адамдардың өміріне тыныштық әперетін, екі өмірдің бақытына жетелейтін, адамның өміріне керемет тәртіп орнатып, жақсы мен жаманды айырып, адамдарға жақсылық жасауды, жамандық жасамауды уағыздайтын дін.

«Әссәләму ғәләйкум» деп амандасу сөзі «Ислам» сөзінен келіп шыққан сәләм сөзі, қазақтың сәлем деген сөзі де осыдан келіп шыққан, мұсылман «Әссәләму ғәләйкум» деп амандасуының себебі саған сәлемет болсын, амандық болсын, тыныштық болсын, бейбітшілік болсын – менен саған ешқандай зиян жоқ деген мағынаны білдіреді, ал, сәлем алушы мұсылман уәғәләйкумәссәләм, менен де саған сәлемет болсын, амандық болсын, тыныштық болсын, бейбітшілік болсын – менен де саған ешқандай зиян жоқ деп сәлемін алады. Сәлем сөзіне уәрахмәтулла (Алланың рахметі болсын) уәбәракәтуһ (Алланың берекеті болсын) деген сөздерді жалғап айтуға да болады, сәлем алушы да осы сөздерді жалғап сәлем алады. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде: мұсылман басқалар оның тілі мен ісінен зардап шекпейтін адам – деп айтқан. Ислам – көркем мінез діні, өтірік айтпауға, уәдеде тұруға, аманатқа қиянат жасамауға, адамдармен көркем қарым-қатынас жасауға мән береді. Пайғамбарымыз керемет көркем-мінездің иесі болған, халық ол кісіні көркем мінезі үшін жақсы көріп Сенімді Мұхәммәд деп атаған. Пайғамбарымыз бір хадисінде «мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім» деген.

Абай атамыз ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сиясың дейді, түркі ғалымдарынан болған Әбу Нәсір Әл-Фараби бабамыз көркем мінез адамның бақытты болуының бір себебі деген екен. Ислам – хикмет діні, адамдардың ақыл-ой дәрежесіне қарай сөйлеп, басқаларды жасаған қателіктері үшін кінәләп, сөгетін дін емес. Қазіргі экстремис болып шектен шыққан кей жастар адамдардың барлығын намаз оқымағаны үшін, сақал қоймағаны үшін, әйел адамдарды хиджаб кимегені үшін кінәләп, жек көреді, ислам дінінде зорлық жоқ, әркім жасаған күнәсі үшін қияметте өзі жауап береді. Біздер тек айтып жеткізушіміз.Ислам - ата-анаға жақсылық жасауға шақырады, Алла Тағала қасиетті Құранда ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар, оларға ашу шақырған былай тұрсын, тіпті туф деп те айтушы болмаңдар дейді, ал, Пайғамбарымыз бір хадисінде: « Алланың разылығы ата-ананың разылығы, Алланың ашуы ата-ананың ашуы» деп айтқан, ата-ананы қартайғанша құрмет көрсетіп, қарайласып, ол кісілердің разылығын алуды ислам діні басты орынға қояды. Ал, қазіргі кезде экстремис болған кей жастарымыз ата-анасын намаз оқымайсың деп кінәлап, Аллаға қарсы келдің, дінсізсің деп айыптаулары мүлдем дұрыс емес. Тіпті кей жастар ата-анасын намаз оқымайсың деп кінәләп, тастап кетіп бөлек тұрады, бұндай адамдар Алланың ашуына тап болып, өлер кезде кәлимәсін айта алмай қалулары әбден мүмкін. Ислам отбасы мәселесіне қатты мән береді, Алла Тағала ажырасуға рұқсат береді, бірақ қиямет күні ең жек көретін нәрсесі осы ажырасу болмақ.

Қайса Айбол,

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету қоғамдық қорының теологі.