Бір уыс топыраққа сыйған сағыныш

Аудан тынысы

Байтақ елдің бір шетіне жау тұтқиылдан шабуыл жасап, соғыс өрті тұтанған тұста қан майданға аттанып, туған елінен жырақта ажал құшқандар қаншама десеңізші?!

Теңіз аудандық әскери комиссариаты арқылы жауынгер қатарына шақырылып, 1943 жылдың 4 ақпанында алған жарақаты салдарынан қаза тапқан Ақышов Қалимолла да туған жердің топырағы бұйырмаған мың сан боздақтардың бірі еді. Күні кешелерге дейін ол із-түзсіз жоғалғандардың санатында келді. Тума-туыстары қаншама рет іздеу салғанымен бір дерегі шықпады. Өткен әзірде ғана аудандық қорғаныс істері бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ернар Мұханбетәлиевтің араласуымен қаза болған майдангердің денесі Волгоград облысы, Котельников қалашығындағы бауырластар зиратында жерленгені анықталды. Ресейлік әріптестерімен байланысқа шығып, боздақтың туыстарының зират басына баруларына көп септігін тигізді.

Жеңіс күні қарсаңында марқұмның жиендері Гүлжан Қасымова, Сатқан-Ағибаш Қалиевтер Ресей еліне сапар шегіп, 76 жылдан соң аналарының бауыры, нағашылары мәңгілік дамыл тапқан орында болды. Туған жерден бір уыс топырақ апарып, құран оқытып, тағзым етіп қайтты. Бауырластар зираты жергілікті тұрғындармен күтімге алынып, іздеп келушілер үшін бар көмектерін жасауға даяр тұратын пейілдеріне көңілдері толғанын жеткізді. Аналарының бауырына деген сартап сағынышын бір уыс топыраққа сыйдырып, аманатын орындап қайтты.

А.НӘЖІМОВ.