Басты талап – сапалы қызмет

Аудан тынысы

Атырау қаласында өткен, басқармалар мен мекемелер қатысқан алқалы жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: - Көріп отырсың ғой, («Атырау-Жарық» АҚ облыстық филиалы басшысына) азаматтар қазір Телеграммға шағым түсіріп жатыр.

«Электр желісінің қуаты дұрыс берілмеген соң менің теледидарым, салқындатқышым, тұрмыстық техникам жанып кетті», дейді. Ал, оған қандай жауап береміз? Көбі несиеге алынған жағдай. Неге біздің жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмағанымыздың кесірінен олар сондай моралдық, материалдық зардап шегуі керек? Тұрғындардың шағымы ақша жинауға келгенде бәрін кесіп тастайсыңдар. «Атырау Су арнасы» саған да қатысты бұл. Естідің ғой жақында: «Ақша жинау керек болғанда жандарал сияқты есігімді түртіп маза бермейсің. Ал, қазір дұрыс қызмет ала алмай отырмыз», дейді. Қоғамдық келісімшарт болса да әркім жарық пен суды дұрыс алуы қажет. Тұрғындарға қай мекеме қандай қызмет атқарып жатыр, кім қай жерде отыр ешқандай айырмашылығы жоқ. Тағы да қайталап айтамын олар крандарын ашқанда ыстық су, салқын су, қосқанда электр жарығы, газ болғанын қалайды. Оған жауапты біз!

Сондықтан тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді сіздерден талап етемін. Барлық жағдай бар, мүмкіншіліктерді қараңдар Нұрлан Бақтыбайұлы! Қазір жаз кезінде судың қысымы аз, түгел жетпейді, жарық жоқ деген мәселелер болмауы тиіс. Барлық күшті жұмсап соны реттеу керек. Қалған мәселелер осы жерде талқыланып, қабылданған шешімге сәйкес іске асырылсын, хаттама толтырыңдар, - деп бұл жұмыспен айналысуды орынбасары Н.Таубаевқа тапсырды.

Жиында облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы көтерген мәселе аудандарда да жоқ емес. Сондықтан жарықпен, газбен, ауыз сумен қамтитын мекемелердің құлағына алтын сырға! Тұрғындарды сапалы қызметпен қамту басты талап. Ол күн тәртібінен түспейді.

А.Иманкулова