Қариясы бар елдің қазынасы бар

Аудан тынысы

Астана күні мерекесі қарсаңында, яғни 1 шілде күні Орлы ауылдық округінің жасы үлкен тұрғындарының бірі Имангазиева Жібек әжеміз мерейлі 90 жасқа толды.

Осынау мерейлі 90жасымен және Астана күнімен құттықтау үшін округ әкімі Асқар Зинетуллаұлы, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Хилауов ағамыз және округ мамандарымен әдейі үйіне барды.

Жібек әжеміз Хайыр мен Хадишаның отбасында 1929 жылы дүниеге келген. 4 сыныптық мектепте оқып, есейе келе колхозда сауыншы, шөпшілер бригадасында жұмыс жасаған. 1950 жылы Иманғазыұлы Зинетпен тұрмыс құрған. Ері Зинет 1925 жылы дүниеге келіп жеті сыныптық білім алып, колхозда есепші қызмет атқарған. 1941-1945 жылдары аралығында майданға аттанып, елге аман оралған. Алайда, 1992 жылы дүниеден өтті. Бүгінде Жібек әжеміз – Ұлы Отан соғысы ардагерінің жесірі. Дүниеге 7 бала әкелген ардақты ана, оның үшеуі ұл, төртеуі қыз. Бүгінде балаларының қолында шаңырағының шырайлы ұйытқысына айналып отырған Жібек әжемізге округ әкімі Асқар Зинетуллаұлы деніне саулық, отбасына амандық тілеп, әрдайым да ұрпақтарының ортасында Алланың берген жасына жетіп аман–есен ақылшы болып отыра беруіне тілектестік білдіріп, құттықтау хаты мен сый-сыяпатын ұсынды.

Орлы ауылдық округ әкімі аппаратының жетекші маманы Елена Куанышкалиева