Қылқалам шеберінің көрмесі өтті

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Көркемсурет академиясының академигі, «Парасат» орденінің иегері, танымал композитор әрі суретші Ілия Жақановтың «Бұл менің ұлы мекенім» атты сурет көрмесі мен «Ән әлемінің құдыреттісі, құрметтісі» атты кеші өтті.

Мәдениет үйінің фоэсінде суретшінің бірқатар туындылары қойылыпты. Майлы бояумен кенепке салынған суреттерде тамаша табиғат көріністері көз тартса, портреттердегі бейнелер өмірден өлмес орын алғанын, қылқаламмен салынған ескерткішке айналғанын әйгілегендей. Бірінен-бірі өткен өнер жауһарлары тамашалаушылардың көңілінен шығып жатты. Бұрын көпшіліктің жүрегіне жол тапқан, әр әндерімен белгілі Ілия ағамызды аудан тұрғындары жаңа бір қырынан танығандай.

img_6658

Аудан әкімі Қайрат Талапұлы көрменің ашылу салтанатында: – Уақыт тауып елге келіп жатырғаныңыз үшін құрманғазылықтардың атынан ризашылығымызды білдіреміз. Талай дарындардың тұсауын кесіп қияға самғытқан Құрманғазы жері сіздің дарыныңызға бас иеді. Өйткені поэзия, проза әлемінің аспанында жарқыраған жарық жұлдыздардың арасында әндері тыңдарман көңілінен орын алған қайталанбас ғажайып тұлғасыз. Ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен бойыңызға біткен ақындық, жазушылық қасиеттеріңіз арқылы өзгенің ізінен бөлек соқпағыңызды салып дара жолмен келесіз. Шығармашылық қабілетіңіздің өресі биік екен жұртшылық айқын мойындауда. Еліміздің белгілі басылымдарында жарық көрген жауһар жырларыңыз, басқа да туындыларыңыз халықты өнер бұлағынан сусындату үстінде. Суреттеріңіз қазақ даласының көз қызықтырар көрінісін көз алдымызға келтіріп, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілікті еселей түседі, - деп І.Жақановқа шығармашылық табыс тіледі.

img_6664

Келесі кезекте Қазақстан Суретшілер одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы Айса Отарәлиев, облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің басшысы Төлеген Орынбасарұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тарас Наурызәлі сөйлеп, көрме иесінің шығармашылығы жайлы әсерлі әңгімеледі.

img_6637

Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл Жабаев, Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтардың иегері Ілия Жақанов көрсетіліп жатырған құрметке ризашылығын білдіріп өтіп: – Атыраудағы үлкен бір өнер ордам, ортам ол Төлеген басқарып отырған өнер музейі. Осы жерде бас қосамыз, ақылдасамыз. Бұл өнер ордасы елеусіз, ескерусіз қалса да үлкен шығармашылық серпілісте жүрген суретшілерді біріктіріп, сурет өнерінің нығаюына жағдай жасады. Өнер музейі ұйымдастырған сапарымыз қасиетті Құрманғазы жерінен басталып отыр. Таңдауды жасаған менің өзім. Бала кезімізде үлкендер жаңбыр жауса: «Дүниенің бәрі Еділ-Жайық болып кетті ғой», дейтін. Мені танытқан «Еділ мен Жайық» әнім болса, сол Еділдің бойын жайлаған мына сіздер. Соңғы жылдары суретшілердің плэнерлері, жиындары облысымыз бойынша көбеюде. Елімізге белгілі суретшілердің өнер жолы Атырауда тоғысуда. Соның әсерінен үлкен көрме ұйымдастырылды. Одан кейін біз шығармашылық сапар жайында ақылдаса отырып, Құрманғазы ауданы шекара бойындағы киелі мекен болғандықтан ешбір облыста жоқ суретшілердің жылжымалы көрмесін ұйымдастыруды осы жерден бастадық, - деді.

img_6696

Көрме лентасын аудан әкімі Қ.Нұртаев, суретші-композитор І.Жақанов, Қазақстан Суретшілер одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы А. Отарәлиев қиды. Облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің экскурсия жүргізушісі Л. Сақтапбек фоэге қойылған қылқалам шеберінің төл туындыларын таныстырды.

img_6674

Шара одан әрі «Ән әлемінің құдыретті, құрметтісі» атты сазды бағдарламаға ұласты. С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі жанындағы «Жиделі» фольклорлық ансамблі мен аудан өнерпаздары Р.Нәжімова, Р.Сәрсенова, Ж.Сағындықов, З.Қуанышқызы, А.Нәрешова, Н.Омарова, Е.Айсин кеш иесінің және басқа да композиторлардың күйлері мен әндерін орындады. Әдемі кешті аудан әкімі Қ.Нұртаев қорытындылап, Ілия Жақановқа алғыс хат табыс етіп, шапан жауып, қасына ерген қосшыларына естелік сыйлықтарын ұсынды.

img_6676

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521