Өнерлерімен тәнті етті

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде аудандық Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінің «Өнер – өмір өрнегі» атты жылдық есеп беру концерті өтті.

Шара барысында өнерлі бүлдіршіндеріміздің көп екенін көріп көңіліміз марқайып қалды. Ұлттық киімдер киіп, домбыраларын құшақтап залға еніп жатырғанына сүйсіндік. Шара шымылдығы облыстық, республикалық, халықаралық байқау сайыстарының лауреаты «Балдәурен» ұлт-аспаптары ансамблінің орындауындағы Абайдың «Торжорға» күйімен ашылды.

img_9568

img_9572

img_9574

Д.Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінің директоры Милана Боханова жылдық жұмысы бойынша хабарлама жасап, жеткен жетістіктерге тоқтала келе: – Мектебімізде 259 оқушы көркем-эстетикалық, музыкалық бағытта білім алуда. Оның ішінде домбыра бөлімінде 96, фортепианода 32, баянда 13, вокалда 6, скрипкада 3, хореографияда 60, бейнелеу өнері мамандығында 47, халық әні тобында 2 оқушы бар. Білім сапасы 96,5 пайыз. Өркениет жолына түскен еліміздің одан әрі дамуына өз дарынымен үлесін қосып, қарымды қабілетін аямай, берекелі істің оң нәтижесін көрсетіп, биіктерді бағындырып жүрген шәкірттеріміздің жетістігі біз үшін үлкен мерей. Оқу жылының І жартыжылдығында 41 оқушы мектепішілік, облыстық, халықаралық деңгейде өткен байқау-сайыстардың жүлдегерлері атанды. Тәжірибелі педагогтарымыз Валентина Бабушкина, Берік Сұлтанмұратов, Ақмарал Хамзина, Бақыт Ислямованың хор, баян, бейнелеу өнері, хореография мамандықтары бойынша берген шеберлік сыныптары «Қазақстан Атырау» телеарнасынан көрсетіліп, аудандық «Серпер» газетінде, республикалық «Ұстаздық еңбек» басылымында жарияланды. Қырық жылға жуық еңбек еткен жоғары санатты ардагер ұстаз, музыка теориясының маманы Валентина Бабушкинаның еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен, көптеген дарынды шәкірттері республикалық байқауларда жүлделі орындарға қол жеткізген баян сыныбының педагогы Берік Сұлтанмұратов облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды, - деді.

img_9578

img_9580

img_9583

Аудандық білім бөлімі қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Әуез Ізжанов: – Біздің заманымызда музыка мектебінің осындай зәулім ғимаратта есеп беруі деген болған жоқ. Жылдан-жылға шәкірттеріңіздің саны көбейіп республикалық, облыстық байқаулардан жүлделі орындар алып жатқанына қуаныштымыз. Болашақта олардың ішінен талай дарындар елге әйгілі болып, аудандық мәдениет үйі жанындағы оркестрдің қатарын да толтырады деген сенімдеміз. Би саласы дамымай жүр еді, оны да жолға қойыпсыздар, - деп ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.

img_9584

img_9586

Есепті концерт барысында мектеп оқушылары баян, домбыра,фортепиано, вокал, би жанрларында  өнерлерін ортаға салды.

img_9591

img_9593

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521