Сөздің емес, істің адамы

(0 Votes)

Еңбекші ауылдық клубында ауыл шаруашылығы саласының үздігі, халық қалаулысы Бержан Кенжебаевтың 60 жасқа толуына орай «Еңсесі биік, еліне сыйлы нар тұлға» атты кеш ұйымдастырылды.

Шара басталар алдында мерейгерге ауылдастары ат мінгізіп құрметін көрсетті.

Бұдан соң жиналған жұртшылықтың зор қошеметімен мерейтой иесі Бержан Ахонұлы мен зайыбы Сәуле Хамитқызы екеуі сахна төріне шақырылды. Үлкен экраннан оның өмір жолы мен еңбек жетістіктері назарға берілді. Еңбек жолының жарқын белесі осы өңірмен тікелей байланысты. Калинин атындағы кеңшарда трактор бригадасын басқарып, біраз жылдарын сонда өткізгенімен кейіннен ХХV партия съезі атындағы кеңшарға ауысты. Шаруашылық жанынан ет өңдеу комбинатын құруды қолға алып, жаңа кәсіптің алғаш ұйымдастырушысы бола білді. Іскер, ауылдың рухани өміріне, әлеуметтік мәселелеріне жан ауырта жүретін азаматты елдестері аудандық мәслихатқа депутат етті. Жаңадан сайланған депутаттар арасынан хатшылық лауазымды таңдар тұста білім-білігі жоғары Бержанға көп сенім артты. Кейін «Ш.Сүлейменов» өндірістік кооперативін қиындықтан алып шығу жұмысын ойдағыдай атқарып, 2008 жылы «Еңбекші ет кешені» серіктестігі төрағалығы қызметіне келді. Мұнда да ерекше іскерлігімен танылды, кешен шығаратын өнімнің сапасын жақсартып, түрін көбейтіп «Құрманғазы сервистік дайындау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сияқты республикаға танымал ауыл шаруашылығы ұжымы деңгейіне көтерді. Осындай еңбек жетістіктерімен қатар, ауылдың өркендеуіне де сүбелі үлесін қосып, қайырымдылық шараларының бел ортасында жүрді. «Астанаға – 20 жыл» мерейтойлық медалі, ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі, ҚР Үкіметінің және ауыл шаруашылығы министрлігінің, Атырау облысы әкімінің, аудан басшысының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары сияқты марапат-мадақтардың иегері болды.

img_7309

img_7332

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев жаңа қызметіне келгелі бері мерейгер жайлы көптеген жақсы пікірлерді естіп жүргенін айтты. Солардың бірі жылда Елордада өтетін Атырау облысы күндері аясындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне тұрақты қатысуды өзіне міндет санайтын елжандылық, патриоттық қасиеттеріне тоқталды.

img_7363

Аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов әріптесінің сессия барысында, комиссия отырысында белсенділік танытып, депутаттық сауалдарын жолдап, аудан экономикасының өркендеуіне, ауылдастың мұң-мұқтажын шешуге мүдделі болып жүретін азаматтық ұстанымына бағасын берді.

img_7343

Академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы бастаған ел ағалары ата қанымен, ананың сүтімен бойына дарыған өзгенің жағдайына қарайласа жүретін қайырымдылық, бастаған ісінің нәтижесін көрмей тынбайтын еңбекқорлық, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болу сияқты ізгі қасиеттерін санамалап берді.

img_7376

Ауылдастары атынан сөз алған округ әкімі Руслан Әмірханов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғаділхан Қалиев, ұжымдастары ретінде тілегін жеткізген «Құрманғазы СДО» ауыл шаруашылығы ӨК қызметкері Римма Нұрмұханбетова, «Ақжонас» ЖШС төрағасы Мұқар Шаяхметов мерейгердің сөздің емес, істің адамы екендігін дәлелдеген еңбекқорлығын айтты. Басқа да сөйлеушілер мерейгер туралы жылы лебіздерін білдірді.

img_7393

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521