Әкесі бар бала бас ұстамайды

(3 Votes)

Қонақжай халқымыз ет асқанда дастархан басына келген табақтағы малдың әр мүшесін қонақтарына таратады.

Мұның да өз жолы бар. Одан жаңылсаң күлкіге қаласың. Этнограф Болат Бопайұлы Тengrinews.kz тілшісіне ет асқанда қой мүшелерін кімге және не үшін беретінін айтқан екен. Соны ықшамдап келтіргенді жөн көрдік. Мысалы, кәрі жілікті кімге ұсынады? Маманның айтуынша, қазақ ет асар кезде малдың ұсақ және ірі екеніне назар аударған. Ұсақ малдың етін асқанда оған бас, жамбас, ортан жілік, кәрі жілік, арқа, бел омыртқа, сүбе қабырға, жауырын, қарын, тоқішек, жалбыршақ, жұмыр сияқты кәделілерінің бәрін салған. Ал, ірі қара асқанда қазы-қарта, жая, жал, қабырға салып, толық табақ еткен. Болат Бопайұлы қазақтың кейде ырымдап қос кәрі жілікті де асатынын айтады. Оны табаққа қостап салады екен. «Ортан жілік, асық жілік, жауырындарды қос-қостан аспайды. Кәрі жілікті көне көз қарияларға сыйлап береді. Өйткені кәрі жілікті бастың жолдасы деп санайды» дейді маман. Басты кесудің де өз тәртібі бар Тұмсығын өз жағына қаратып, оң жақ езуінен кесіп, оны табаққа салады. Бұл үйдің құты басқа жаққа кетпесін деген ырым. Екінші езуін басты кесіп отырған адамның өзі жейді. Кейін құлақты кесіп, оны үйдегі кішкентай балаға ұсынады. Мұндағы ырым - құйма құлақ, сөз ұғатын болсын дегені. Бірақ қос құлақты бірдей ұсынбайды. Себебі балаға айтқан сөз бір құлақтан кіріп, екіншісінен шығып кететін ақпа құлақ болып өседі. Содан кейін басты түгел кесіп, үйдегі адамдардың бәріне ауыз тигіздіреді. Осы арқылы басымыз қосылып жүрсін, бірлігіміз бұзылмасын дегенді білдірген. Басты жеке-жеке жемейді. Себебі басымыз жеке қалады деп қорыққан. Этнографтың айтуынша, басты түгел кесіп тастамай, оның қалғанын үйдің иесіне ұсынады.

Тағы бір еске салар жайт басты әкесі тірі адам ұстамайды. «Әйтпесе, әкесі өледі» деген ырым болған. Оның үстіне, бұл әкенің орнына, жолына таласқандық ретінде саналады. Сондықтан, «Осы кісінің әкесі тірі ме?», деп алдын ала сұрап алады. Көздерді неге бір адам жеуі керек? Этнографтың сөзінше, бастың төбесінен кесіп, дастархандағы ең беделді адамға ұсынады, бұл елге тіреу болып жүр дегені. «Езуі мен тілін кесіп алып, шешен адамға ұсынады, бұл езуінен енші беріп жүрсін, яғни, елдің қамын, халықтың тағдырын айтсын деген ырым. Ал бастың таңдайын «әнші бол, таңдайы тақылдаған шешен бол», деп көп жағдайда қыз балаларға ұсынады», - дейді маман. Айтуынша, бастың көзін берудің де өзіндік жолы бар. Екі көзді бір адамға ұсыну керек екен. Себебі оны екі адамда бөліп берсе, олар алакөз болып, жауласып кетеді деп санаған.

Төс - күйеу балаларға, қабырға - қыз-келіншектерге жолданады. Мұндағы себеп - күйеу ұрпақты болсын, ел алдында кеудесін керіп жүрсін деген ырым. Сондықтан, төс пен асық жілік үлкендердің емес, күйеу бала мен келіннің асы деп саналған. Оның сөзінше, ортан жіліктің еті мол, сондықтан атпал азаматтарға, балуандар мен батырларға ұсынылған. Бұл - олардың сыбағасы. Жауырын да солардың еншісінде. Әйелдер мен қыз-келіншектерге қойдың қабырғалары беріледі екен. «Қойдың сүбе қабырғасы, қыра қабырғаларының еті тәтті әрі жұмсақ болады. Сондықтан қабырғаларды әйелдер мен бойжеткендерге береді. Қабырғадай майысып тұрсын, ибалы болсын деп ырымдаған», - дейді Болат Бопайұлы.

Ақпарат көздерінен әзірлеген Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521