Есімде Ауған соғысы...(ФОТО)

(1 Vote)

Алдағы 2019 жылдың 19 ақпанында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл толады.

Осыған орай С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде «Атырау облыстық Ауған соғысы ардагерлері Одағы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен интернационалист жауынгерлердің аудан тұрғындарымен кездесуі өтті.

Шара Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеп, ерлікпен қаза тапқан Өмірбаев Қадырбек, Бегалиев Бауыржан Мәжитұлын, Григорьев Василий Викторовичті және хабарсыз кеткен Құбаев Берік Өтемісұлын бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды. Сұхбат түрінде өткен кездесу кешін белгілі өнерпаз Болат Бидоллаев жүргізіп, құрмет төріне қоғамдық бірлестіктің төрағасы Ғабиден Қайыржанов бастаған, Бейімбет Үлкенбаев, Бауыржан Қуанғалиев, Есмұхан Қажкенов, Мералы Баймұханов, Салауат Сейтов, Нух Шыманов, Жанабай Сариев, Қуаныш Дүйсенғалиев, Шаяхмет Сариев сынды өңірлері жауынгерлік марапаттарға толы кеш қонақтарын шақырды. Сондай-ақ, сұхбат-кездесуге «Шапағат» қоғамдық қорының теолог маманы Сұлтангелді Сариев қатысып отырды.

Кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев: – Талай боздақтардың жалындаған жас жанын қиған мағынасыз соғыстың аяқталғанына отыз жылға уақыт өтсе де, оның зардабы әлі күнге ел есінде. Өндірдей өрен шағында қолдарына қару алып, жат жерде өздерінің әскери, интернационалдық борышын абыроймен өтеген Ауған ардагерлерінің ерлікті жолы ешқашан ұрпақ жадынан өшпейді. Олар бастан кешкен отты күндердің жастарға патриоттық тәрбие беруде маңызы ерекше. Сол бір күндерде от пен оқтан аман-есен оралып, бүгіндері әр салада еңбек етіп, Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестеріңізді қосып отырған сіздер қандай құрметке де лайықтысыздар, – деді.

«Атырау облыстық Ауған соғысы ардагерлері Одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Б.Үлкенбаев: - Келер жылы аталып өтетін даталы күнге орай аудандарды аралап, тұрғындармен, жастармен кездесу шараларын өткізуді қолға алған болатынбыз. Өткен аптада Қызылқоға ауданында болдық, енді қасиетті Құрманғазы топырағында болудың сәті түсіп отыр. Жастарға патриоттық тәлім-тәрбие берумен қатар, қазіргі кезде күрделі мәселе болып отырған өскелең ұрпақтың дұрыс діни жолды таңдауды, жат ағымдардың жетегінде кетпеуді түсіндіру бағытында жанымызға теолог маманды алып келіп отырмыз. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын қалыптастыру, спорттың бұқаралылығын арттыру бағытында насихаттық шаралар ұйымдастырудамыз. Бұл істе сіздердің жерлестеріңіз Ғабиден Хатипұлының бастамашылық ролі көп екенін айтқым келеді. Ұйым басшылығына келгелі бері қаруластарының денсаулықтарын дәрі-дәрмекпен ғана емес, дене шынықтырумен де қалпына келтіруге ұйытқы болып келеді. Алдымыз алпысты алқымдап тастасақ та, спорт алаңдарында жиі бас қосамыз, - деп жастарды салауатты өмір сүруге шақырды.

Атырау облыстық Ауған соғысы ардагерлер одағының төрағасы Ғабиден Қайыржанов: – Жат жерде қолына қару алып, соғысқан өндірдей қазақ жігіттері намысты ту етіп, талай ерліктің үлгісін көрсетті. «Ерді намыс өлтіреді» дегендей, олар соғыстан қорқып әскерден қашқан жоқ, Отан-ана жұмсады, барды. Батыр халықтың ұрпақтары екендіктерін білдіріп, жанкештілікпен шайқасты. Ауған соғысында «Қара майор» атымен дұшманның зәресін алған Борис Төкенұлы Керімбаевтың ерлігі әлі күнге дейін аңыз. Онымен Ахмед шах сияқты дала командирлері де санасатын. Қазақтың қанындағы қайсарлығын, тапсырманы орындаудағы жанкештілігін, антқа беріктігін бойына жиған ағамыздың басқаруындағы «мұсылман батальонын» білмейтіндер кемде кем шығар. Дегенмен бұл соғысқа жалғыз Орта Азия республикасының жігіттері ғана емес, барлығы орысы, украины, белорусы, басқасы да қатысты. Олардың есімдері мен ерліктерін қазіргі және болашақ ұрпақ білуі тиіс. Сондықтан арамызда жүрген ардагерлермен жиі кездесулер ұйымдастырып, аға ұрпақ өкілдерінің ерліктері дәріптеліп тұрса, бүгінгідей жастардың әскерге бармауы, әскерден қашуы орын алуы болмас та еді. Олардың діни жат ағымға ілесіп, қысқа балақты шалбар, беттерін бүркейтін киімдер кимейтін де еді, – деген пікірін білдірді. Кездесу барысында мектептердегі әскери-патриоттық клубының ұландары ағаларына Ауған соғысының ақиқаты, сол кездегі әскери борышты өтеудің қиындығы, жарияланбаған соғыс жайындағы кинофильмдердің шынайылығы, қандыкөйлек қаруластардың бейбіт кезеңдегі достық қатынасы сияқты сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. «Шапағат» қоғамдық қорының теолог маманы Сұлтангелді Сариев «Отанды сүю – иманнан» дегендей, асыл дініміз – Исламдағы отансүйгіштік, туған жеріңді қадірлеу, оны сыртқы және ішкі дұшпаннан қорғау, қазіргі діндегі адасушылық, өзге жерді қорғауға аттану туралы түсініктер берді. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патиоттық әндер шырқады. Жастарға ой саларлық үлкен шараның соңы дене шынықтыру және спорт кешенінде Ауған соғысы ардагерлері мен ауданның ардагер спортшылары арасындағы кіші аяқдобы мен волейболдан өткен жолдастық кездесумен жалғасты.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521