«Есектің артын жусаң да – мал тап!»

(0 Votes)

Бабаларымыз бір орынға тұрақтамай көшіп-қонып өмір сүрген.

Біз – көшпенді халықтың ұрпағымыз. Сонда не, аспандағы жұлдыздар арқылы жер бедерін анықтаған, жеті түнде адаспай межелі жерін тауып жеткен бабаларымыздың төрт қабырғаны қаластырып үй салуға ақылы жетпеген бе, жеткен әрине, оны қажетсіне қоймаған. Төрт түлігіне қолайлы жайылымдықтарды жиі ауыстыру қамын көздеген.

Төрт түлік малы жесе азығы, ішсе сусыны, кисе киімі болған. Бізді төрт түлік мал асыраған. Ал, төрт түліктің бабын біздің халықтан артық ешкім таба алмаған. Ол ұзақ әңгіменің желісі. Қысқасы, қазаққа алдымен мал керек. Малдың керек емес жері жоқ. Қазалы жағдайларда қанын ағызып бірнеше мал жаратады. Тойларда топырлатып сояды, бас, жамбас, басқа да мүшелері керек. Әсіресе құдалардың алдына былайғы етті әкеле алмайсың. Басқа да сыйлы қонақтың алдына арнайы мал жаратып, басын қою-игі дәстүр.

Бұрын бұл мәселеде түйткүл орын алған жоқ. Себебі кеңестік жүйе қазаққа малды зорлап бақтырды, алдап бақтырды, бір бастан шығын болса, басшы қазақ малшы қазақты сұмырай етіп көрсетті. Әйтеуір мал бағылды, өнімі алынды. Қызығын өзгелер көрді, шыжығына қазақ пісті.

Қазір жағдай мүлде басқаша. Тоқырау жылдарында құрып тынған мал жарықтық өз төлінен өсіп, қайыра көбейді. Гәп неде, гәп мал бағатын адамның жоқтығында. Еті, сүті, өнімі жақсы, өзі жаман. Санамызға мал бағатын адамдарекінші сорттағылардай сезім ұялап қалған. Көп адам малдан қашады.

Бір есті азаматтың былай дегені бар: - Шай қатыққа деп әйелім қоймаған соң сиыр ұстап едім, көршіміз қыр соңымнан қалмады. «Ауламызға аңдып кіріп жапалайды, сүйкенбеске сүйкенеді. Сенің сиырыңмен бірге көк шыбын, маса-сона келеді» деп. – Бірақ, бар ғой, дейді ол: - сол көршіміздің қызы кешінде ыдысын ұстап сүт сұрап келеді.Көрдіңіз бе, сиырдың қаймағы, сүті керек, өзі керек емес! Бағуға машақаты көп.

Өткен әзірде ауданның атақты шопаны Төлеп Өтеулиев редакцияға қайтасын-қайта хабарласты. «Қой бағуға кісі келмейді, жас жігіттер іздеймін. Айлық табысы 100 мыңнан кем емес, отбасына сорпалыққа ай сайын бір мал беріп тұрамын».

Әрине келмейді. Жағдай жақсы. Тәуелсіздік ешкімді қатардан қағыс қалдырып отырған жоқ. Біздің Нұржауда әке-шешелер қыс мезгілінде колхозға деп әр бауын 3 тиынмен қамыс оратын. Бір үй емес, бүткіл ауыл солай. Сөйтіп, бала-шағасын асырап қатарға қосты. Кейбір сыныптастар, арасында өзіміз де бар, мамырдың 20-ларына дейін мектепке, кірзі етікпен баруға ұялмайтынбыз. Дене сабағында Өсер ағай жарыстыра ма, етікті лақтырып тастап жалаң аяқ құйындай ұшасың. Бірліктің әкімі Бауыржан Ақпановтың тост көтергенде: «Жігіттер, ашта жеген құйқаны тоқта ұмытпайықшы!»-деп көзі жасаурайтыны бар еді. Ол мұғалімнің баласы, ол сөйткенде, колхозшының жалаң аяқтары бізге не жорық!

Малға жастардың бармауы – барлықтан біздің ойымызша. Әйтпесе, Төлеп ақсақал әне айға 100 мың деп беретінін айтып отыр, үйіңді етпен қамтамасыз етеді екен, баяғыдай емес үйде телевизор сайрап, радио аңқылдап тұр. Қалтыңда ұялы телефоның. Апта сайын үйіңе жіберіп тұрады. Құр босқа сенделіп жүргендер, сөйтіп, қылмысқа баратындар, күндіз ұйықтап түнде жорытатындар, нағыз болмаса көше жарығын қирататындар, бәрібір мал бағуға барғысы келмейді. Ұлдарын малға жіберуге ата-ана құлықсыз, үйленген жігіттердің жұбайлары дәрменсіз не қаламайды.

Редакцияға келгенде Мақаш, «Ақжонас» ө/к төрағасы Жеңіс Әбілхайыров, Мұқар Шаяхметовтер бұл мәселені қинала әңгімелейді. Әсіресе, Мұқардың еңіреп айтқанда етегі жасқа толатындай. Қазір көп жұмыс техника күшіне ауыстырылған. Сонда да мал бағуға ешкімнің барғысы жоқ. Басқа – басқа, Құрманғазы ө/к төрағасы Сабыржан Сұлтанов бұл мәселенің өткір тұрғанын айтты, өткен бір әзірде келгенде. Көрдіңіз бе, малбегілерінің төрт жағын бірдей құбыла қылып қойған Сабыржанға ешкімнің мойын бұрар түрі көрінбейді.

Не істеу керек? Кеңестік жүйе кезіндегідей 2 жыл мал бақпағанды оқуға жібермеу керек пе? Әлде шұбартаулықтардың бастамасымен жалынды жастардан комсомол – жастар бригадасын құру дұрыс па? Болмаса Қазақстанда қой санын елу миллионға жеткіземіз деп, еліртіп ұрандатқан жөн бе? Қалайда малсыз күні жоқ қазағымыз өз малына өзі ие болуы керек-ақ.

Мамандықтан мақұрым көше кезген «салпаңбайларды» мал шаруашылығына қалай икемдеуге болады? Түйткіл де, арғысы мемлекеттік деңгейде шешетін мәселе де көп.

Мал баққанның несі ұят екен, басқа тірлік қолыңнан келмесе. Данышпан Абай: «Есектің артын жусаң да – мал тап!» дегенді осы заманның келерін біліп айтқандай. Абай ата, данышпан десе, данышпан ғой! Табыстың да, абыройдың да, молшылықтың да көкесі – төрт түлік малда ғой, шіркін!

Таңатар Дәрелұлы,

Қазақ журналистикасының қайраткері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521