Ерте бастап, есе жібермейік

(0 Votes)

«Серпер» - осы ауданның алғаш құрылған күннен төл газеті. Күй елінің ар жалауындай желбіреп, міне, 88 жыл бойы әр үй, әр мекемеге жаңалықтар, хабарлар, сан алуан өзгерістер, әрине жетістік-кемшіліктерін де тынбай жарнамалап жеткізіп келеді.

Аудан мерзімдік басылымдарға жазылудан облыс көшін бастап тұр. Ол, әрине қуанарлық жағдай. Мәдениеті жоғары, адамдары сауатты, экономикалық өрлеу тізгіні бәсеңсімеген құрманғазылықтардың түрлі басылымдарды оқып, жіті зерделеуі заңдылық екені күмәнсіз.

«Серперге» жазылу деңгейі де көңіл көншітеді. Кеңестік жүйе кезінде партия, кәсіподақ, комсомол құнттап отырғанның өзінде 5 мың дана шаманы ұстап тұрдық. 6 мыңға жеткен сәттеріміз некен-саяқ. Ал, қазіргі шақта 6 мың данамен оқырмандарымызға жетіп келеміз. Бір тәуірі бұл шама тұрақты ұсталуда. Бұл көрсеткіш халқының санына қарай жыл сайын облыстық әкімдік арқылы белгіленеді. Оны аудан әкімдігі тұрғындарының санын, мекеме, ұжымдардағы адамдарын түгендей келе «мына шамада жазылсаңыз жеткілікті» деп ауданның 19 округтеріне, әлгі айтқан мекеме, ұжымдарына бөледі. Ал, оны насихаттау, өзге әріптестерімізден кем қалмау жағын құнттау, еске салу аудандық ішкі саясат бөлімінің, «Серпер» газеті редакция ұжымының, аудан белсенділерінің, көзі қарақты жанашыр оқырмандарымыздың төл міндеті.

Осы газетке жаздыру деген науқан округ әкімдерінің, мектептер, балабақшалар, дәрігерлік орындар, т.б. басшыларының беделіне байланысты. Мәселен, округ әкімі ол сол жердің тағдырына түгел жауап беретін бірден-бір белсенді. Оны сол аумақтағы мектеп директоры да, дәрігерлік мекеме басшылары да, кәсіпкерлер мен шаруа қожалығы жетекшілері де сөзін қайтармай тыңдауы керек. Аудандағы 19 округтердің 4-5-інен басқасын сондай биік дәрежеде деуге келеді. Әлгі айтқан мектеп директорына да, өзгесіне сөзі өте қоймайтын босбелбеу әріптестеріміздің бар екені де шындық. Ондай әкімдердің аттарын атап, ұялтуды негізсіз деп таптық, өйткені кірпияз жұрт онсызда кімнің-кім екенін жақсы біледі. Мектептерде негізгі сүйенер тірегіміз. Сау болсын, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева бұл іске жоғары маңыз береді. Аудан айнасының рухани пәрменді құрал екендігін бек түсініп, қажет кезінде тиімді көмек ала біледі. Ал, дәрігерлер қауымына әзірге мұндай разылық көңілімізді білдіре алмай отырмыз. Бірқатар ақ халаттыларымызға «Серпер» не үшін керек десеңіз, қашан да жауаптары әзір. «Категориямды көтергелі жатыр, бір-ер мақаламды шығарып беріңіз дағы...».Ренжісек те мұндай талаптарын да орындап келеміз. Өйткені, дәрігердің алдына бармайтынымыз кемде-кем.

Кейбір ауылдастар орынсыз ренжітеді де. Басшы-қосшы демей жиі телефон шалып ақымақтың қылығын танытады. Сондағы сұрақтары: «Серпер» қай күндері шығады?», «Бір сөзге қанша ақша аласыңдар?», «Мені құттықтапты, ол қай нөмірде?», «Мақала жазып едім, бастықтар жаз деген соң, соны сіздер шығарыпсыздар, ол қай газетте, қайдан аламын?», «Бастығым мақала шығар деп еді, оны қалай шығарам, қысқаша ауызша айтып кетсем, өздерің бірдеңе етесіңдер ме?» т.с.с. Дұрысында, мемлекеттік қызметкерлер, мекеме, ұжымдар өздеріне «Егемен Қазақстан», «Атырау», «Прикаспийская коммуна», «Серпер» газеттерінің тігінділерін ұстаулары қажеттілік, екінші жағынан бұл ұжымның ортақ мәдениетінің кепілі. «Серперді» қолдаушылар қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Жағдайы кемшіндеу отбасыларды, мүгедектер мен ардагерлерді өз қалталарынан жаздыртатын Атымтай жомарттар барлық округтерде де бар. Олардың басында Нұрлан Құсайынов, Болат Жүгінісов, Салауат Мырзағалиев, Гауһар Болатбаева, Еркінбек Халенов, Ақылбек Қайсағалиев, т.б. кәсіпкерлер, шаруа қожалығы басшылары бар. Сонымен, 2019 жылға өзге мерзімдік басылымдармен қатар «Серперге» де жазылу басталды. Баба тарихымыз хатталған, әке-шеше, жақын туыстарымыздың есімдері немесе бейнелері сарғайған парақтарында сақталған ежелгі басылым, киелі күй-мекеннің сандықта сақталғандай шежіресі – «Серперге» жазылыңыз, ағайын! Жазыла тұрып, оның беттеріндегі елдің ел болуына үлес қосатын өміршең мәселелерге орай өз үлесіңізді қосыңыз, мемлекеттің, ортақ Отанымыз – Қазақстанның бүгінгі озық саясатына дем беретін қолдау немесе жетілдіру тілектеріңізді анық та ашық жазыңыз! Ағайын – тума, дос-жаран дегендей, жақын адамдарыңызды суретімен жарқыратып тұрып туған күн, мерейжастарымен құттықтаңыз, «сатып аламын, сатамын» деген жарнамаңыз үшін де орын әзір. Қысқасы, «Серпер» әр отбасына, әрбір үлкен-кіші құрманғазылыққа ең қажетті басылым, жазылу құны да қалтаңызға ыңғайлы, сондықтан көп кешіктірмей түбіртегіне қолыңыз жетсін!

Таңатар Дәрелұлы,

Бас редактор, ҚР Құрметті журналисі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521