Елбасы Атыраудағы өркенді істерге оң баға берді

(0 Votes)

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Сапар аясында өңірде іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар барысымен, кластерлік негізде құрылған кешенді өндірістік нысандар жұмысымен танысты.

Әсіресе, өңірдегі мұнай-газ өнеркәсібінің қарашаңырағы – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамындағы, сонымен бірге, осы салаға сервистік қызмет көрсететін «Жігермұнайсервис» серіктестігінде енгізілген жаңа технология мен цифрландырудың маңызын атап айтты.

Сондай-ақ, Атырау облысының биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері туралы кеңес өткізді. Кеңесте бұл Құрманғазы, Дина, Махамбет, Мұрат сынды тұлғалар дүниеге келген киелі өңір екендігіне, тәуелсіздік жылдарында елдегі бірлік пен тұрақтылықтың беки түсуіне қазақстандықтардың қосқан үлесіне айрықша тоқталды. Елбасы өңдеу секторына инвестицияны көбірек тартып, мұнай-газ өнеркәсібінде жергілікті тауарлар мен қызметтерді кеңінен пайдалану қажеттігі жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен Атырау қаласындағы «Карат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығарып жатқан макарон, нан, ет консервілері, ауыз су, арнайы киім-кешек өнімдерімен танысты. Сонымен қатар, Атырау облысындағы инвестициялық жобалар көрсетілді. Олардың қатарында қуаты 52 мегаватт болатын жел электр стансасы, ыстық күйінде мырыш жалату цехы, робот арқылы дәнекерлеу әдісін қолдана отырып, металл конструкцияларын, карбон негізіндегі қуатты кабель, крекинг катализаторларын өндіру жөніндегі кәсіпорындар, фармацевтика зауыты, қысымды өлшеуге арналған құрылғылар шығаратын зауыт, құс фабрикасы, аумағы 20 гектар болатын жылыжай және басқа да жобалар бар.

Ал, «Дәулет» жекеменшік индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорын бірнеше өнім шығаратын кешенді өндірісті іске қосқан. Мұнда қазір макарон, нан өнімдері мен ет консервілері, ауыз су мен арнайы киім-кешек тұтынушыға ұсынылады. Бұдан бөлек, индустриалды аймақта асфальтбетон зауыты да бар. Жалпы бес өндіріс ошағын іске қосу үшін салынған инвестицияның жалпы құны 1,5 млрд. теңгеден асады. Өндіріс орындарында жергілікті 244 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылып отыр. Айта кетерлігі, серіктестіктің бұдан бөлек асхана, жатақхана, қойма, теміржол тұйығы, жеміс-жидек сақтау қоймасы сынды қосымша инфрақұрылымдары да жұмыс істейді.

Сондай-ақ, инвестициялық жобалардың қатарында құны 12 млрд. теңге болатын жел электр стансасы бар. Жылына 52 МВт электр энергиясын өндіретін бұл жобаны алдағы жылы жүзеге асыру көзделіпті. Ал, биыл пайдалануға берілетін ыстық мырыштау цехының құны 2,6 млрд. теңгені құрайды. Бұл өндіріс орнында 8230 тонна тозуға қарсы қорғайтын жабындыны отандық нарыққа шығару жоспарланып отыр. Аталған аймақта 2019 жылы пайдалануға берілетін фармацевтикалық зауыттың құны ¬¬¬–7,4 млрд. теңге. Зауыт 400 адамды жұмыспен қамтамасыз ететін болады. Онда 1200 млн. дана дәрі, 300 млн. дана капсула, 54 млн. дана ампула, 12 млн. бума май, 16 млн. құтыдағы сұйықтық шығарылады. Медицина саласына қажетті мұндай өнімдердің 50 пайызы ішкі нарықта сатылса, 50 пайызы ТМД елдеріне экспортталатын болады.

Бұдан соң Елбасы «Жігермұнайсервис» ЖШС-нің робот дәнекерлеушіні пайдаланып металл құрылымдарын өндіретін цехында болды.

«Табысты болыңдар, мұнайшылар үшін маңызды, жақсы өндіріс орны, жақсы жұмыс екен» - деді зауыттың тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысқаннан кейін жұмысшылармен тілдескен Нұрсұлтан Әбішұлы. Осы ретте кәсіпорын жұмысшыларының бірі еліміздің тыныштығы, халқымыздың амандығы Президенттің жүргізіп отырған саясатының арқасы екендігін баса айтты. «Сізге көп-көп рахмет. Құрбан айт құтты болсын, айттан айтқа жете берейік» - деді ол.

Кәсіпорында дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін қарағандылық Екатерина да Елбасына жылы лебізін білдірді.

«Мен – Сіздің қарағандылық жерлесіңізбін. Тіпті, мен Сізбен бір университетте білім алыппын. Тек Сіздің заманыңызда Қарағанды политехникалық институты болса, қазір Қарағанды техникалық университеті деп аталады. Сол жерде білім алдым, магистратурада оқып, ұстаздық та еттім. Содан кейін өндіріске ауысып, Атырауда бір жылдан бері жұмыс жасаудамын» - дейді ол.

Мемлекет басшысы дәнекерлеуші мамандығының өте маңызды екендігін атап өтті. Сонымен қатар, Елбасы барлық өндіріс ошақтарында цифрландыру жүргізіліп, жұмыс орындарының оңтайландырылып жатқанын айтты.

«Жаңа іс дұрыс та. Бірақ, ол көптеген мамандықтардың қысқаруымен қатар жүреді. Қазір адамға өмірінде бірнеше мамандықты ауыстыруына тура келеді. Онсыз болмайды. Кәсіпорындарыңыз жаңа екен, осы жерде жұмыс істеу өздеріңізге де ұнайтын шығар» - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ембімұнайгаз» АҚ Өндірістік үдерістерді қадағалау орталығының жұмысымен де танысты. Онда цифрлық зияткерлік кен орнының жүйесі көрсетілді. Бұл нақты уақыт режімінде өнеркәсіп нысандарынан түсетін ауқымды мәліметтерді өңдеуге, шұғыл шешім қабылдау мақсатымен оларға әрі қарай талдау жасауға, сондай-ақ, кен орындарындағы өндіру үдерісін жақсартуға мүмкіндік береді. Нұрсұлтан Назарбаев кен орындарына цифрландыру элементтерін енгізудің арқасында еңбек өнімділігі артып, құрылғыларды жөндеу мерзімінің және бірін-бірі қайталайтын құрылымдардың қысқарғанын айтып, түпкі нәтиже бастапқы шығыннан екі есе және одан да көбірек болатынын атап өтті.

– Мұнай өндірудің қазіргі әдістерімен ғана шектелмей, заманауи тәсілдерді де қолдану қажет. Ең алдымен, қызметкерлерді озық технологиялармен жұмыс істей білуге үйрету керек, - деді Президент.

Сонымен қатар, Атырау қаласы инженерлік желісінің электронды сызбаларына, ауыл шаруашылығына арналған жерлерге, кең таралған пайдалы қазбалар орындарына және өңірдегі жерлерді пайдалану шарттарына, сондай-ақ, мемлекеттік қызметке электронды форматта тапсырыс беруге немесе мемлекеттік органға өтініш жолдауға онлайн-мониторинг жасау үшін мүмкіндік туғызатын Атырау облысының геоақпараттық порталының жұмысы таныстырылды. Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев аталған электронды ресурстың енгізілуі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, бизнес-процесті автоматтандыруға, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қатерін және жерді пайдалану шарттарының бұзылуын азайтуға мүмкіндік беретіні туралы баяндады.

Мемлекет басшысы «Бес әлеуметтік бастаманы» жүзеге асыру аясында «ҚазТрансОйл» компаниясы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне сыйға тартқан жаңа Студенттер үйінің ғимаратымен танысты. Жатақханада тұратын студенттермен әңгімелесу барысында Елбасы үлкенді құрметтеуге, кішіге қамқор болуға, сондай-ақ, өз Отаныңды сүюге негізделген қазақ халқының салт-дәстүрін ұстанудың маңыздылығын айтты. Университет студенттері «Бес әлеуметтік бастама» аясындағы жобалардың жүзеге асырылғаны және студент жастарға әрдайым қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Президентіне «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының және «Бес әлеуметтік бастаманың» облыстағы іске асырылу барысы жөнінде мәлімделді.

– «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру аясында облыстың 18 оқу орны 6 мыңнан астам оқулықпен қамтамасыз етілді. «Туған жер» арнайы жобасы аясында жергілікті меценаттардың қолдауымен жалпы құны 9 миллиард теңге болатын 46 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар, өңірдің шығармашылық ұжымдары қазақтың мәдениеті мен өнерін таныту мақсатымен әлемнің 12 елінің сахнасында өнер көрсетті. Аймақ кәсіпкерлерінің қаржысына Түркия астанасы – Анкараның орталығындағы Дина Нұрпейісова атындағы алаңда белгілі отандасымыздың бюсті орнатылады, - деді Атырау облысының әкімі Н.Ноғаев.

«7-20-25» бағдарламасы жүзеге асырыла бастағаннан бері өңір тұрғындарынан құны 454 миллион теңгеден асатын 35 өтініш келіп түсті. Олардың 16-на 181 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Биыл облыста 1792 пәтерден тұратын 26 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Кіріс көлемі 25 айлық есептік көрсеткіш болатын 65 мың адамның жалақысы 1,1 миллиард теңгеге өсті. Биыл берілген шағын несиенің саны екі есе – 173-тен 366-ға дейін өсіп, жалпы сомасы 1558,9 миллион теңге болды. 2020 жылға қарай облыстағы оқу орындарының қажеттілігін толық қамтамасыз ететін 1960 орындық 13 жатақхана салынады.

Бұдан соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

–Мен қабылданған бағдарламалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын тексеріп, есеп алдым. Халықпен араласып, көңіл-күйлерімен таныстым. Соның барлығын айтқан кезде, жалпы жұмыс жүріп жатыр, бағдарламалар орындалуда. Тәуелсіздік жылдары ішінде атқарған жұмыстар көп. Оны айтып жүрмін, өздеріңіз де білесіздер. Қазақ деген халық бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетті, - деді кеңесті ашқан Елбасы.

Мемлекет басшысы бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем елдері танып, сыйлайтындығын, сондықтан еліміз бітімгершілікпен де шұғылданатынын атап өтті.

–Бізде Дүниежүзілік діндер көшбасшыларының алтыншы съезі өтейін деп жатыр. Неліктен ол бізде өтеді? Тыныштық болғаннан кейін, Қазақстанға сенім болғаннан кейін өтеді. Бүкіл ТМД мемлекеттерінің арасында тұңғыш рет біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болып, өзіміздің ойымызды, пікірімізді бүкіл дүниеге паш еткізіп жатырмыз. Мен барып төрағалық жасадым. Оны да білесіздер, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы орайда, Қазақстан Президенті аталған барлық шаруаларды атқаруда атыраулық азаматтардың, отандастарымыздың істеген ісі қыруар екендігін еске салды. Атырау Құрманғазы, Дина, Махамбет, Мұрат сынды белгілі азаматтар дүниеге келген өңір екендігін атап өтті.

–«Назарбаев» зияткерлік мектептерін, «Назарбаев» университетін қазақтың элитасын тәрбиелесін деп жасадым. Бұл мектептен қазір басқа елдерден де келіп үйренгісі келеді. Еш жерде жоқ. ТМД мемлекеттерінде, басқа елдерде де жоқ. Оған «біздің балаларымыз түсе алмай қалды, байлардың, бастықтардың балалары үшін жасалған екен» деген әңгіме бар. Бірақ, бұл мектептерге әділ біліммен ғана түседі. Адамзаттың баласының барлығы бірдей болмайды. Бес саусақ бірдей емес. Біреуі игереді, біреуі игере алмайды. Кім баласын жек көрсін, біз балаларымызды тәрбиелегенде «Сен президент боласың, сен сондай боласың» дейміз. Оның барлығы дұрыс. Бірақ, соған ертең жете алмаса бақытсызбын деп санайды, - деп атап өтті Елбасы. Мемлекет басшысы сондықтан баланы жас кезінен еңбекке тәрбиелеу керектігін баса айтты.

«Зияткерлік мектепті, «Назарбаев» университетін қазақтың элитасын тәрбиелесін деп жасадым. Елдің барлығының қабілеті жетпейді. Әркімнің ақыл-ойы, санасы әртүрлі болады. Былай ойлап қарасаңыздар, қазір дүниедегі адамдардың екі-ақ пайыздан астамының ғана жоғары білімі бар. Сондықтан халық түсінуі керек. Бірақ, қабылдау әділ болуы керек» - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы мектепке қабылдауда «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер болатын болса, қатаң жазаланатындығын ескертті. Сондай-ақ, Елбасы Атыраудағы «Назарбаев» зияткерлік мектебі химия-биология бағытында білім беретіндігін айта келе: «Қазіргі күні дүниедегі ғылымның алдында тұрған біріншісі – жасанды интеллект, екіншісі– биоинженерия, үшіншісі– нанотехнология, төртіншісі –ақпараттық технология. Осы төрт нәрсемен дүние жылжып барады. Біз соны басқаратын адамдарды дайындауымыз керек» - деп ескертті.

–Өңдеу секторына баса назар аудару қажет және сол жаққа инвестицияны бағыттаған жөн. Ал, облыста 2017 жылы ағымдағы жылмен салыстырар болсақ, мұндай инвестиция көлемі жарты есеге қысқарып кеткен. Сондықтан, өңдеу өнеркәсібіне инвесторларды тарту өте қажет. Мұнай-химия кластерін дамыту керек. Мұнай-химия технологиясының құрылысын аяқтап, оның аумағында мен жүргізіп жатқан саясаттың арқасында қазір пропилен, полиэтилен шығаратын өндірістерді іске қосайық деп жатырмыз» - деп атап өтті Елбасы.

Мемлекет басшысы өзінің шетелдік сапарлары барысында инвесторларды еліміздің өңдеу саласына шақыратындығын айтты. «Мысалы, біз өте көп алюминий шығарамыз. Ол – қажет металл. Біздің бокситіміз бар. Оны алюминий ретінде өңдемей сыртқа сататынбыз. Қазір, мінекей, 250 мың тонна таза алюминий шығаратын болдық. Тағы да 250 мың тонна шығарайық деп жатырмыз. Ол алюминийден неше түрлі заттар шығару үшін әрі қарай өңдеу қажет. Біз дүниеде мысты ең көп сататын елміз – 500 мың тонна. Мыстан кабель де, ыдыс та, барлығы да шығады. Соны жасау керек» - деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Атырау өңірінде полипропилен өндірісін жолға қоюға 2,6 млрд. доллар, полиэтиленге 4,6 млрд. доллар жұмсалатынын еске салды.

«Біріншісі басталды, екіншісі басталатын болады. Еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытын да жаңғыртуды бітірдік. Сондықтан, бұл салада үлкен шаруа жасалды. Әрі қарай жүре беру керек. Этанолға Сингапурдан 2 млрд. долларға жуық ақша тартып жатырмыз. Фармацевтика зауытына 60 млн. доллар, басқа да шаруаларға қаржы тартып, облыста өңдеу саласы көбейген кезде түсетін қаржы да артады, елге де, облысқа да жақсы болады. Сол себепті осыған көңіл бөлу керек. Үкіметпен бірге жұмыс істеулеріңіз керек» - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы мұнай-газ саласында тауарларды өндіру және қызмет көрсету мүмкіндіктері мол екендігін атап өтті. Мәселен, өткен жылы мұнай-газ секторында 3,3 трлн. теңге көлемінде сатып алу ісіндегі қазақстандықтардың үлесі бір ғана трлн. болғанын ескертті.

«Бұл не деген сөз? Егер де осы заттарды Қазақстаннан сатып алатын болса, оны жасайтын өндірістердің барлығы жұмыс істейді. Сол жерге біздің азаматтарымыз орналасып, жалақы алады, жағдайларын түзейді. Сондықтан, біздің үлкен инвесторларға осы мәселені айтып отыру қажет» - деді ел Президенті.

–Нұрлан Ноғаевтың жасап жатқан жұмысына оң баға беремін. Ол басқаратын әкімшіліктердің барлығы да қолынан келгенше шаруаны жасап жатыр. Қолдаңдар барлықтарың, жұмысты бірге істейтін болайық. Атырау облысының жағдайы, өмірі барлық уақытта да менің назарымда. Бір жағынан қиыр батыста жатқан өңірміз, екінші жағынан осынша инвесторларды басқарып, жөнге салып отыратын адам керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы шетелдік инвестиция, тәжірибе мен білім болмаса, еліміздің батысындағы күрделі кен орындарын игере алмайтындығымызды атап өтті. «Бір жыл жанған 37-ші ұңғыма болып еді ғой. Америкалықтар келгенше бүкіл Кеңес одағы болып түк істей алмады. Біздің мынау құрамының 20 пайызы күкірт кен орындарынан мұнайды қалай алар едік? Байлығымыз бар, бізден кейінгі ұрпаққа да жететін болады», - деді Мемлекет басшысы.

аkorda.kz және inform.kz ақпараттары негізінде дайындалды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521