banerkzbig

«Екі мың қойды он бір мыңға жеткіздік»

(0 Votes)

Елге мәлім Еділбай қойымыз

Халқымыздың ет және ет өнімдеріне деген сұранысын қамтамасыз етуде қой шаруашылығының, оның ішінде етті – майлы бағытының алатын орны ерекше. Құйрықты қойларға тән жоғары ет – май өнімділігі, өсіру жағдайларына бейімделгіштігі, тез жетілгіш қасиеттері және ет өнімінің жоғары сапалылығы олардың нарықтық экономика жағдайындағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді. Аталған ерекшеліктер нәтижесінде бұл бағыттағы қойлардың өсіру аймақтары жылдан-жылға кеңейіп және олардың саны мен үлес салмағы тоқтаусыз арта түсуде. Бүгінгі таңда республикада өсірілетін қой малының шамамен 80℅-ын құйрықты қойлар құрайды. Құйрықты қой тұқымдарының ішінде Еділбай қойы ерекше орын алады. Еділбай қойы барлық қылшық жүнді құйрықты қойлардың сапасын жақсартатын қой тұқымы болып табылады.

Асыл тұқымды шаруашылыққа айналдық Құрманғазы атындағы кеңшар тарағаннан кейін, бұрынғы сол шаруашылықта көп жылдар бойы директор болып істеген Харес Биляшовтың бастамасымен 1998 жылы 2768 бас қой, 8 түйе, 11 бас жылқы малымен «Құрманғазы» атындағы өндірістік кооперативі болып құрылдық. Селекциялық асылдандыру жұмыстары өндірістік кооперативтің мал мамандарымен бірге «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми зерттеу институты», оның Атырау филиалының ғылыми қызметкерлерімен бірігіп жүргізілді. Соның нәтижесінде Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы Министрлігінің 2002 жылдың 19 наурызындағы бұйрығымен өндірістік кооперативке асыл тұқымды мал шаруашылығы мәртебесі берілді.

Кооперативтің мамандары, шопан, малшы-механизаторлары бірлесе отырып, атқарған жұмыстарының нәтижесінде мал басы 19 жылдың ішінде қой 11,0 мың басқа, түйе 300 басқа, жылқы 89 басқа жетті. Шаруашылықта жүйелі түрде жүргізілген селекциялық – асылдандыру арқылы 2005 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 25.12.2005 жылғы №515 бұйрығымен Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативке асыл тұқымды Еділбай қойын өсіретін тұқымдық мал зауыты атағы берілді. Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативі тұқымдық мал зауыты Еділбай қойының бір түрін өсірумен ғана шектеліп қалған жоқ. Ақ жүнді құйрықты қойларды шығару жұмысы басталып, өндірістік кооперативтегі Еділбай типтес қой тобына жүргізілді. Ақ жүнді құйрықты қойларды шығару, негізі ендіре будандастыру жолымен жүзеге асырылды. Осылайша ақ, ақшыл жүнді «Аққарабас» қой тұқымы пайда болды. Көп жылдар бойы бір мақсатта жүргізілген селекциялық – асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде шөл және шөлейт аймақтар жағдайында өсіруге аса жақсы бейімделген, әрі жеткілікті деңгейдегі жоғары ет және жүн өнімдеріне сипатталған құйрықты қойлардың өзіндік ақ жүнді түрі шығарылды.

Айыр өркеш түйеміз

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылдың 27 тамызындағы 127-Н бұйрығымен арнайы сараптама комиссиясы құрылып, Құрманғазы өндірістік кооперативінде «Құрманғазылық» Еділбай қойының жаңа зауыттық түрін 2 желісімен апробациядан өткізіп бекітті. Жергілікті жағдайға бейімделген, өнімділігі – ет, жүні – жоғары сапалы, тез жетілгіш, сол жергілікті жердің Еділбай тұқымды қойларының қара және қызыл түсті қойларымен 2 желісі, «Құрманғазылық» жаңа зауыттық түрі шығарылды. Құрманғазы атындағы өнідірістік кооперативі қой малымен қатар, түйе малына да селекциялық – асылдандыру жұмыстарын жүргізуде. 2004 жылы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің 24 маусымдағы №339 бұйрығымен Қазақтың айыр өркеш түйесі тұқымын өсіретін асыл тұқымды шаруашылық атағы берілді. Жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде Қазақтың айыр өркеш түйесі тұқымының Орал-Бөкей тұқымішілік сүлесі және 2 бура желісі шығарылды. 02.07.2008 жылы Әділет Министрлігінің зияткерлік меншік құқығы комитетінің патенті және авторлық куәліктері берілді.

Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативінің төрағасы ретінде өзім бастаған мал мамандары шаруашылықта өндіріс пен ғылыми тәжірибені қатар ұштастыра отырып, қазіргі кезде қазақтың Еділбай қойы мен қазақтың айыр өркеш түйесінің генофондысын сақтауда ізденіспен еңбектеніп, жоғары нәтижелерге қол жеткіздік.

Өрге жүздірген он тоғыз жыл

Кооперативіміз өзі өмір сүрген 19 жылдың ішінде аудан, облыс және республика көлеміндегі озат шаруашылыққа айналды. Сан мәрте мақтау грамоталары, сертификаттармен марапатталды. Шаруашылықта мамандармен қатар, күнделікті қарбалас тірліктің ыстығы мен суығына төзіп, малды аман сақтап, өсіріп, одан алынатын өнімдерді молайтуда малшылар мен механизаторлардың еңбектері орасан зор. Аға шопан Тәженов Серік 5 жыл қатарынан әр 100 аналықтан 100-115 тен кем емес қозы алып, жоғары еңбек көрсеткішінің нәтижесінде 2012 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2014 жылы аға шопан Бегейсинов Әбіл, 2015 жылы аға шопан Досмұханов Байболат жыл қорытындысымен облыс бойынша көрсеткіші ең жоғары озат шопанға берілетін С.Дәулетқалиев атындағы көтеріңкі қаржылай сыйлыққа ие болды. 2014 жылдың қорытындысымен аға түйе бақташысы Салауов Берік әр 100 аналық інгеннен 52 бота алуды қамтамасыз етіп, облыстың озат түйешісі – чемпионы атанды. Кооператив мал басына керекті азықтық пішенді өз күштерімен дайындап алуымен қатар, округ тұрғындарының, жеке қожалықтардың да малын пішенмен қамтамасыз етуді дәстүрге берік енгізген. Шаруашылық жылына 350 центнер ет, 50 центнер шұбат, 170 центнер қой етін және 15 центнер түйе жүнін өндіріп, сатумен айналысады. Өндірістік кооператив әр жыл сайын асыл тұқымды Еділбай қойының, еркек және ұрғашы тұсақтарын әріптес шаруашылықтарға сатуды табыс көзіне айналдырып отыр.

Екі жаңа құрылым бар

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген. Соған сай біздің Дыңғызыл ауылдық округінде «Дыңғызыл – 2» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі құрылды. Құрамында 23 мүшесі бар. Күні бүгін 2 мүшесі облыстық қаржылай қолдау қорынан 8 млн теңге несие алып, өздері мал бордақылау алаңдарын ашып, жұмыстарын жүргізуде. Ал, «Дыңғызыл-2» АӨК-і 24 млн теңге несие алып, модульды мал сою пунктін тұрғызды. Жаңа ауылшаруашылығы кооперативтерінің мүшелері төмендегідей жеңілдіктерді пайдалана алады, яғни ынталандыру шаралары:

- Өндірілген ет, сүт, жүн, егін өнімдері жоғары бағамен қабылданады. - Құрылтайшылар өндірген өнімді қайда тапсырамын деп қиналмайды, өйткені кооператив оларды алуға міндеттенеді. Шаруашылық өз мүмкіндіктерін пайдалана отырып, алға қарай дамитынына сенімді.

10-12 миллион теңге таза табыс

Өндірістік кооператив жыл сайын орта есеппен 120-140 миллион теңгенің өнімін өндіріп, шаруашылық жылын 10-12 миллион теңге таза табыспен қорытындылап келеді. Осы ұжымның басшысы ретінде, 2014-2015 жылдары «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» медалі және Қазақстан агросаласының «Құрметті қызметкері» орденімен марапатталдым. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегім, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесім үшін «Құрмет» орденінің иегері атандым. Кооператив озаттарының бірқатары республикалық, облыстық деңгейдегі марапат – мадақтаулар иеленді. Елбасымыз агрокешенді дамытудың қаншалықты маңызды екенін жиі атап көрсетуде. Құрманғазы өндірістік кооперативі ұжымы алға қарай да мал басын мың-мыңдап өсіріп, одан алынатын өнімдер түрін еселеп арттырып, Тәуелсіз ел экономикасының одан әрі өркендеуіне, сол арқылы халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға өз үлесін қоса беретін болады. Қысқасы, ұлы сазгер баба есімін иеленсек, оған дақ түсірмейміз.

Сабыржан Қыдырсиықұлы Сұлтанов,

Құрманғазы атындағы өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Соңғы жаңалықтар

Жарнама

banerkzleft

Фотогалерея

Бейнебаян жаңалығы

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Күнтізбе

Редакция

 
muratovaslan

Таңатар Дәрелов
- "Серпер" газетінің бас редакторы

kisimovaaru

Қанат Ғұмаров - бас редактордың орынбасары - жауапты хатшы


sharapidenovabilmazhan

Айбек Нәжімов
- 1-ші дәрежелі тілші


panaberdievserikbol

Айнагүл Шакупова
- 2 дәрежелі тілші


dauletiarzholaman

Иманкулова Айдана Қажымұханқызы
- сайтқа жауапты редактор

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 701 666 27 49     +7(7122) 45-85-21

banerkzbig