Екі дүркін чемпион атанды

(0 Votes)

Ақтау қаласында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік техологиялар және инженеринг университеті мен республикалық «Спорт жұлдыздары» ғылыми-әдістемелік, спорттық-патриоттық журналының ұйымдастыруымен білім беретін мекемелер мұғалімдері арасында «Каспий толқындары» атты республикалық спартакиада болып өтті.

Атырау облысы намысын қорғаған танымал бесаспап ардагер спортшы, Ю.Гагарин атындағы мектептің мұғалімі Бимұрзаев Қайыржан Түйнешұлы спорттық сайыстардың екі түрінде бағын сынап жарыс жолына шықты. 50-59 жас аралығындағы сайыскерлер арасында суға жүзуден алдына жан салмады. Үстел теннисінен де мерейі үстем болып, мойнына қос алтынды тағынып, арнайы дипломды қанжығасына байлап қайтты.

Шынашақтай шағынан спортты серік етіп, алпыстың асқарына көтерілсе де алға қойған мақсатынан айнымаған ардагер спортшы редакциямызға аяқтай келіп қуанышымен бөлісті. - Талай республикалық жарыстарға барып жүрсем де чемпион атанып көрмеппін. Алайда барған жерімнен жүлдесіз қайтқан кезім жоқ, тек чемпиондық тәжден қолсозым жерде қалып өкініште жүретінмін. Бұл жолы сәтін салып екі рет бірінші орыннан көріндім. Бала кезден су жағалап өскендіктен жүзуден үздік шығуым түсінікті жайт болса, теннисте топ жаруым мен үшін күтпеген жеңіс болды. Өйткені, үстел үстінде теннис шаригін қақпақылдай қағып тек қызық үшін ғана ойнайтынмын. Жалпы спорттың қай түріне де икемім бар, ұзақ қашықтықтарға жүгіргенді өте жақсы көремін. Дене шынықтырумен тұрақты айналысу, салауатты өмір салтын ұстану бала кезден келе жатқан ғадетім. Шәкірттерім де осы жолды ұстанса деп сабақтарымды, үйірмелерімді қызықты әрі тартымды өткізуге тырысамын, - дейді қағілез Қайыржан бізбен әңгімесінде.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп хакім Абай айтып кеткендей, бар білгенін шәкірттерінің бойына сіңіруге өзінің ісімен де, мінез-құлқымен де үлгі болып жүрген жігіт ағасына жүрген жолыңнан, ұстанған бағытыңнан тайма дегіміз келеді.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521