Еңбекшінің көрмесі ең үздік

(0 Votes)

«Қойнауы тарихқа толы мекен - Құрманғазы» тақырыбындағы көрме-байқаудың кезегі Еңбекші ауылдық округіне келіп жетті.

Оны ауылдық клубтың мәдени ұйымдастырушысы Болат Бидоллаев өз баяндамасында Қошалақ ауылының тарихы, онда алғаш бой көтерген әлеуметтік нысандар, мал, егін шаруашылығының өркендеуі жайына тоқталып, Қошалақтан тараған Еңбекші ұжымшары, Партияның ХХV съезі атындағы кеңшары, Еңбекші ауылдық округінің құрылуы жөнінде біраз мағлұматтармен қанықтырды. Сонымен қатар, алғашқы төрағалар, шаруашылық басшылары, еңбек озаттарының елге қосқан сүбелі үлестері мен талантты, дарынды тұлғалардың есімдерін мақтанышпен атап өтіп, мультимедиалық слайд арқылы олардың әрқайсысының фотосуреттерін көрсетті. Бесшоқы, Кененбай үңгірі, Сағырбай қыстауы, Ойық бұлағы т.б. киелі орындардың тарихынан сыр шертіліп, жер-су атаулары да назарға ұсынылды. Бүгінде Жұмекен ауылында, округке қарасты шалғайдағы қыр өңірінде тұрғызылған ескерткіштерге сипаттама беріліп, салынған мәдени-әлеуметтік нысандар туралы хабардар етілді.

Көрмені бағалайтын арнайы құрылған комисия мүшелері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып отырды. Ө.Қажымғалиевті құмды ауылда тұңғыш рет радио торабын орнатып, майдан барысы жөнінде хабарлаған атақты Левитанның даусын қыр қазағына естіртуге мүмкіндік жасаған фельдшер-дәрігер Абдош Ысқақовтың қайда жерленгені қызықтырды.

Үшінші бөлімде ауыл тұрғындарынан жиналған жәдігерлермен таныстырылды. Бұл дайын көрме 2000 жылы Еңбекші жалпы орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Болдыхан Мадированың бастамасымен білім ұясы жанынан мұражай кеңесі мүшелері мен «Жас өлкетанушылар» тобының қолдауымен құрылған болатын. Биылғы жылы облыста мектеп мұражайларының байқауында ауданның атынан қатысып жүлделі ІІ орынды иеленген. Мұнда жергілікті қолөнер шеберлерінің тұрмыстық заттары, ескі ақшалар, сақина, білезік, қапсырма, шолпы, өңіржиек сияқты әшекей бұйымдар, қазақтың ұлттық киімдері, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, интернационалист-жауынгер Қадірбек Өмірбаевқа арналған бұрыш, Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы жинақталған деректер көрініс береді. Еңбекші ұжымшарында ұзақ жылдар ұста, ағаш шебері болған Имамұрат Кәрімұлының зергерлік бұйымдары, қамшы түйген, тері илеген Насихат Мадировтың қолынан шыққан ат әбзелдері, Лима Тілепқызының көне үлгіде тігілген ұлттық киімдері, Зібира, Шайран, Әмина әжелердің қолданған ұршықтары, тоқыған терме алашалары музейде құнды дүниелердің қатарын толтырып, өскелең ұрпақты салт-дәстүрді, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге баулиды. Бұрын ата-әжелеріміздің күнделікті тұрмысында қолданған күбі, диірмен, жез самаурын т.б. көне жәдігерлер ежелгі қазақ ауылының бейнесін көз алдыңа әкеледі. Комиссия мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев туған өлкенің тарихын баяндауда Еңбекші ауылдық округінің ардагерлер кеңесі, мектеп жанынан құрылған мұражай біраз еңбектенгенін айтып, көрмеге оң бағасын берді.

Комиссия құрамының шешімімен Еңбекші ауылдық округі өте жоғары ұпай жинағаны қаперге беріліп, музейдің жетекшісі Болдыхан Мадироваға алдағы атқаратын жұмыстарына орай түрлі ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғаділхан Қалиев көрме жұмысын үздік деп бағалаған комиссия мүшелеріне зор ризашылығын білдіріп, айтылған ескертпелер бойынша жұмыстанатындарын жеткізді.

Айнагүл ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521