Даладағы шөпті шөп деме, қорадағы шөпті көп деме!

(0 Votes)

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Руслан Қабдешев Мальцев учаскесінде болып, қысқы мал азығын дайындап жатырған шаруагерлердің жұмыс барысымен танысты.

Аталған учаске жап-жасыл түске малынған. Көлік терезесін ашсаң болды, салқын самал көктің иісі бұрқыраған әтірді кабина ішіне шашып кеп жібергендей күй кешесің. Жаның сергіп, таза ауамен тыныстайсың. Жаздың соңғы айы өзінің бар әдемілігін бойына жинап құлпырып тұр. Кей жерлерде шөптің биіктігі тізеге жақындайды. Бұған теңіз өресінде ұзақ уақыт бойы судың жатқаны да себеп болған шығар. Каналдар жағасындағы жыңғылдарды алыстан қарасаң жалбырай өскен ертегінің сиқырлы тоғайлары сияқты. Арасымен өтетін жолда жан-жағыңнан асқақ киіпте төне қарайды. Жыңғылдың ішімен емес, өзіңді орманның ішінде келе жатқандай сезінесің. Руслан көлігін тоқтатып, қасына барып еді, олар оның бойынан да биік екенін көрдік.

- Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осы жыңғыл талай үйді жылытып, түтінін түзу шығарып еді. Көгілдір отын тартқанға дейін құрып кетудің аз-ақ алдында қалған. Ауылда мүлдем бітіп, сонау орта қыр бойынан таситын. Жойылып кетуден сақтау үшін құқық қорғау қызметкерлері жыңғыл тасығандарды ұстап, айыппұл да салып жүргені өзіңізге мәлім. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, енді, міне жағалай өсіп, биіктеп, орманға ұқсап үлгеріпті. Жалпы, біздің ауданның табиғаты сұлулығы жағынан Қазақстанның оңтүстігінен кем түспейді. Мақтауға да, мақтануға да лайық мекен, - дейді ол жан-жағына сүйсіне көз тастап. Сонадайдан өзен жағасында, тамылжыған табиғат аясында тұрған тіркемелі вагон көзге түсті. Бұл шөп шабушылар тамақтанатын орын. Арғы жағындағы мөлдіреген су бойында шүрегей үйрек еркін жүзіп жүр. Вагоннан шыққан Бауыржан Ғазизов есімді азамат бізбен жылыұшырай амандасып, өзінен басқасының бәрі шабындықта екенін жеткізді.

Шабындықта жұмыс қауырт жүріп жатыр. Шабылған пішен жиналып, орамдалып, тіркемелерге тиелуде. Теңкиіп жатқан орамдалған шөп қай жерге бұрылсаң да көз тартады. Мұнда жұмыс жасап жатқан жігіттердің бригадирі Өсербек Ерғалиев: - Бұл алқапта «Хасанов Нұрлыбек», «Хасанова Бөкен» шаруа қожалықтарының жігіттері жұмыс жасауда. Шөп шабуды бастағанымызға бір аптадай болды. 5-6 тракторымыз бар. Пішеннің шығымы жақсы, тек судың қайтуы нашарлау. Жақында теңізден жел соққанда аздап көтеріліп те кетті. 2000 дана орамшөп (рулон) дайындауымыз керек. Былтыр 3-ші қыркүйекте бастап, қазанға дейін жүрген едік, биыл ерте кірістік. Әрі шөптің де сапасы жақсы, - деді. Одан әрі қысқы мал азығын дайындауда уақытпен санаспай жұмыс жасап жүрген, күн қаққан жүздеріне ерекше жылылық ұялаған тәжірибелі механизатор, озат тракторшы Қибатолла Ержановты, Сабыр Сахаевты, Нұрлыбек Хасановты, жинаушы трактордағы Еділбай Қанатовты таныстырды. Жігіттердің жүздері жадыраңқы. Жұмыс жақсы жүрсе, адамның да көңілі көтеріңкі болып, шаршағанын ұмытады ғой.

«Ақжонас» шаруа қожалығының трактор бригадасының бригадирі Асылбек Ерғалиев: - Шабындыққа шалғы 27-ші шілде күні түсті. Бес мыңдай орамшөп дайындау жоспарымызда бар. Әзірге 400 данадай дайындалды. Қара күзге дейін осында жұмыс жасаймыз ғой. Межеден шығамыз деген сенімдеміз. 4 трактор, бір-бірден шөпті орамдап байлағыш, шабатын, жинайтын техникаларымызды осында шоғырландырдық. Күн де қарасып тұр. Техника, адам күші жеткілікті. Мен 20 жыл бригадир болып жұмыс жасап келемін. Сол уақыттың ішінде шөптің мұндай біркелкі, қалың өскенін көрмеппін. Жылда шегіртке жеп қояды, жартысы қурап кетеді, әр жерге шығады дегендей. Шегіртке де биыл жоққа тән. Мүмкін ауданымыздың басқа жерлерінде болар, бізде көп көзге түспейді. Жылда мұндай уақытта жағалай ұшып жататын. Бригадамызда Ғарифолла Ержанов әрі тракторист, әрі механик қызметін абыроймен атқарып жүр. Бүкіл техникаға жауап беретін сол. Өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, кідіріс болмауына күш салады. Абат Ахметов, Жолдасқали Исағалиев және басқа жігіттеріміз де ерінбей еңбек етуде. Аспазымыз Света Утова Еңбекші ауылынан. Дәмді тағамдарымен жұмысшыларымыздың көңілін табуда. Күні бойы тракторде жүрген шаршатады ғой. Ауыр жұмыс істеген адам жақсылап тамақтанғаны да дұрыс. Сол себепті аптасына бір қой соямыз. Жанармай мен шөп байлайтын шпагат жіпті аудан орталығынан сатып әкелеміз. Мына жағымызда «Абат Ерғалиев» шаруа қожалығы да қысқы мал азығын дайындауға кірісті, - дей келе жаңбыр анда-санда жауып тұрса шөп жасыл кейпін сақтайтынын айтты. Бұл учаскеден сонымен қатар жеке адамдар да шөп дайындайтынын естідік.

-Қазір ауданымыз бойынша барлық кооперативтер мен шаруа қожалықтары қысқы мал азығын дайындауға кірісіп кетті. Шабындықтардың жағдайын өзіңіз көрдіңіз. Қыр бойының кей тұстарында да шөп қурап қалды. Азғыр өңірінің өзге жерлерінде шөптің шығымы жақсы. Кешегі жаңбырдан кейін жер қайта көгерді. 2018 жылдың қыстағына 158 мың тонна мал азығын дайындауымыз керек. Оның 7050 тоннасы ауыл шаруашылығы құрылымдарының еншісінде. Қалғанын жеке адамдар әзірлейді. Былтыр су екі рет келіп, шөп шабуды қыркүйекте бастағанда да жоспардан шықтық, - дейді Руслан Қабдешев сенімді түрде.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521