"Дәрігер енді қағаз жазып отырмайды"

(0 Votes)

Редакцияға аудан тұрғындары әрқашан күн тәртібінен түспейтін әлеуметтік проблема – туберкулез дертін емдейтін 2017 жылы маусым айында жабылған тубдиспансер М.Ғилаев атындағы өкпе аурулар ауруханасы, ауданаралық шипажайдың бүгінгі жай-күйі туралы сұрақтарын қойып, жиі телефон шалады.

Осыған орай газет тілшісі Еңбекші ауылдық округінде орналасқан бүгінгі Атырау облыстық өкпе аурулар шипажайының басшысы, тәжірибелі дәрігер, саланың білгір маманы Амантай Өтешұлы Арыстанәлиевпен сұхбаттасқан болатын.

- Амантай Өтешұлы, алдымен бүгінгі құрылымдарыңызды халыққа кеңінен таныстырып, шипажайдың тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, атқарылып жатқан іргелі істерді баяндасаңыз?

- Облыс әкімі Н.Ноғаев жыл басында ауданымызға келген іссапарында оған Құрманғазы ауылдық округінде орналасқан ескі ауданаралық шипажайды барлық талаптарға сай келетін бірақ іші қаңырап бос тұрған, жабылып қалған туберкулез ауруханасына көшіру жөнінде ұсыныс жасаған болатынбыз. Сөйтіп, аймақ басшысының келісімімен, облыстық қаржы басқармасының 20 сәуір №63 бұйрығына сәйкес, біз өз ойымызды жүзеге асыра алдық. 2018 жылдың 10 мамырынан бастап «Атырау облыстық өкпе аурулар шипажайы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны деп атауымызды өзгертіп, қызметімізді бастадық. Қосымша жұмыс көзі ашылып, барлық емдеу процедураларын атқаруға толықтай мүмкіндік алдық. Негізгі атқаратын міндетіміз –туберкулез дертінен жазылып шыққан адамдарды сауықтыру және өкпесінен Кох таяқшасын бөлмейтін жеңіл түрімен ауыратындарға ем жүргізу. Бүгінде облыс бойынша осы шипажайдан сауығуға тиісті 11000, ал ауданымызда 700 адам кезекте тұр. Қазір Атырау қаласы мен Индерден басқа аудандардан ем алушылар жиі келіп, ем-домын қабылдауда. Сондықтан мұндағы 50 төсек орнын болашақта 100-ге кеңейтеміз деген жоспарымыз бар, сонда өкпе дертін жоюдағы жұмыстарымыз одан әрі түбегейлі жақсара бермек. Әр секциядағы екі кісілік бөлмелер шипажай ережесіне сай барлық қажеттіліктермен қамтылған. Жыл басынан бері емдеу сауықтыру мекемесіне қаралған 117 адамның 103-і толықтай денсаулықтарын оңалтты. 2019 жылдан бастап елімізде өкпе мен бронхы ауруларын зерттеумен, диагностикалаумен және емдеумен айналысатын Пульмонология бөлімшесі ашылады. Яғни алдағы уақытта біз бронх, демікпе, пневмония сияқты тыныс алу жолдарында ақауы бар жандарды емдейтін боламыз. Қазірдің өзінде бұл тәжірибені шипажайда жүзеге асыруды қолға алып, аталмыш ауруларға шалдыққан 17 адамды сауықтыруға жұмыстану үстіндеміз.

- Ендігі әңгімемізді материалдық-техникалық база жайына, емделушілердің бос уақыты мен тамақтануына бағыттасақ.

- Емдік дене шынықтыру, массаж, ЛФК, УЗИ, рентген бөлмелері емделушілер үшін үздіксіз тегін қызмет көрсетеді. Олардың барлығы қажетті заманауи аппараттармен жабдықталған. Сондай-ақ сауығушылардың бос уақыттарын мазмұнды өткізулеріне айрықша көңіл бөлініп, жеткілікті кітап қорымен қамтылған кітапхана да жұмыс жасайды. Жақын күндері су массажы кабинетін ашу жоспарымызда бар. Шипажай толықтай ғаламтор желісіне қосылған. «Қағазсыз емхана» жобасы бойынша зертхана анализдері, рентген түсірілімдері, ауру тарихы, демалушылардың ішкен дәрілері, т.б. «Каз Мед» порталы арқылы жүзеге асырылады. Салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында волейбол, футбол, теннис алаңы ашылған. Процедуралық кабинет, кір жуу бөлмесі, асханадағы құрал-жабдықтар соңғы технологиямен жасақталған. Ыстық, салқын су үздіксіз жүргендіктен емделушілердің күннің кез келген уақытында моншаға жуынуына мүмкіндігі бар. Шипажай ашылғалы бері Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қамат Ғаббасов ағамыз жан-жақты қолдау білдірумен келеді. Ауылдық клуб қызметкерлері шипажайға келіп мәдени-көпшілік шараларды ұйымдастыруға жиі атсалысады. Дәрі-дәрмек жеткілікті, демалушылар үшін бес мезгіл қуаты жоғары дастархан мәзірі ұсынылады. Шұбат, қымыз, ет тағамдары беріліп, жыл бойына көкөніс үзілмейді.

- Мекемеде қызмет ететін мамандардың кәсіби біліктілігі, саны мен сапасы турасында әңгімелесеңіз.

-Қазір мекемемізде 61 қызметкер еңбек етуде. Мәриям Арыстанәлиева, Сейітқали Құттыбаев және өзіммен қосқанда 3 дәрігер жоғары санатты, 18-і орта буын мейірбикелер. Қайта даярлау бағытында олар мамандандырылған оқу орындарында біліктіліктерін арттырып отырады. Мамандардың тынымсыз ізденісі, сауатты ем-домы науқастардың дерттен құлан-таза айығуына септігін тигізуде. Мұнда адамдардың жазылып, қатарға қосылуына сенім орнықтырумен қатар, алдағы уақытта қалай күтініп жүруіне де кеңестер беріледі. Бұл мақсаттағы шипажай ұжымының ізденісті еңбегіне емделушілер тарапынан тек ризашылық қана білдірілуде.

- Ғасыр обасы атанған туберкулез дертіне шалдығудың себебіне, бұл ауру бойынша аудандағы бүгінгі ахуалға тоқталып өтсеңіз.

- Уақтылы тамақтанбау, ішкілікке салыну, үй жағдайының болмауы, мөлшерден тыс ылғалдылық салдары, бір сөзбен айтқанда денсаулыққа дұрыс күтім жасалмаса, туберкулезге шалдығуға бейімділік ұлғаяды. Бүгінгі таңда ауданымызда бұл дертке шалдығушылар саны артып отыр. Олардың көбі – қайталап ауруға душар болғандар. Ал жылына бір рет шипажайға келіп тынығып, емін алып, денсаулығына мән берген адам бұл дерттен толық айығады. Міне, бұл мекеменің нағыз қажеттілігі осында. Оған орналасу үшін жергілікті дәрігеріңізге жолығып портал толтырасыз. Емделу тегін. Өзіңізбен бірге 1 ай бұрынғы кеуде қуысының рентген түсірмесін ала келесіз. Демалуға тек туберкулез ауруынан толық жазылған және өкпесінде ақауы бар адамдарды рентген көрсетілімі бойынша жіберуге болады.

- Әңгімеңізге рахмет. Ұжымыңызға зор табыс-тар тілеп, жоспарлаған жұмыстарыңыз іске ассын демекпіз.

Сұхбаттасқан:

Айнагүл ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521