banerkzbig

«Боздақтар» кітабы қайта бастырылса...

(0 Votes)

Бұдан жетпіс жеті жыл бұрын байтақ елдің батысын бұлт торлағанда ер азаматтар жылы төсектерін суытып, Отан қорғауға аттанды. Көпшілігі майдан даласында мәңгілік қалып шейіт болса, бірқатары өлі-тірісі белгісіз, хабарсыз кетті.

 

Әсіресе, тұтқиылдан басталған сұрапыл соғыстың бастапқы кезінде Кеңес әскерлерінің шығыны өте орасан еді. Сан миллиондаған адамның өмірін жалмаған қанды қырғынның жеңіспен аяқталғанына 73 жыл өтсе де бұл күнге дейін соғысқа қатысушылар мен қаза тапқан, хабарсыз кеткен боздақтардың әлі де нақты тізімі жоқ. Ұлы Отан соғысы туралы деректердің негізгі сақтаушы қоры Ресей Федерациясының Мәскеу облысы, Подольск қаласында орналасқан Қорғаныс министрлігінің орталық мұрағаты (орысша ЦАМО). Мұнда 1941-45 жылдардағы соғыс барысында жасалған әскери операциялар туралы, әскери бөлімшелер мен дивизиялардың құжаттары сақталуда.

Сондай-ақ, жеке жауынгерлер туралы мәліметтер кездеседі. Осы мұрағаттың материалдары негізінде Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орайластырылып Қазақстанның барлық облыстарының «Боздақтар» естелік кітаптар сериясы құрастырылып шығарылған еді. Том-том кітаптарда майданға аттанып, сонда қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлер туралы көптеген мәліметтер бар. Бұл басылым жанпида болған талай боздақтарды қайта тірілтіп, артындағы ұрпақ-жарларымен табыстырғандай әсер еткені сөзсіз. Алайда кейбір мәліметтерде жаңсақтықтарға жол беріліп, кемшін тұстары да аракідік байқалып келеді. Сондықтан да бұл естелік кітапты қазіргідей біраз мұрағаттардың жария болып, деректердің ғаламтор бетінде көпшілікке қолжетімділігі артқан тұста қайтадан нақтылап, толықтырып шығару қажеттігі өзінен-өзі туындайды. Газет оқырманы Болат Ғинаятұлы Бидоллаев сол 1995 жылы Атырау облысы бойынша шығарылған «Боздақтар» атты естелік кітабында ағайынды аталары жайында мынадай дерек барын жазады. «Байдаулетов Бидолла.

1912 жылы Теңіз ауданында туған, қазақ. Әскерге АӘК арқылы шақырылған. 1945 жылы хабарсыз кеткен. Байдаулетов Қабдолла, қатардағы жауынгер. 1904 жылы Қошалақ селосында туған, қазақ. Әскерге АӘК арқылы 1942 жылы қаңтардың 7-де шақырылған. 1943 жылы қазанда хабарсыз кеткен». 1970-ші жылдардың ортасында Бидолланың қызы Мария әкесінің хабар-ошарсыз кеткендігін, артында естелік бір де бір фото қалмағандығын айтып, Гурьев облыстық әскери комиссариатына сұрау салады. Соның ықпалы болуы керек, 1976 жылы сәуір айында кіші лейтенант Байдәулетов Бидолланың 1943 жылы Курск облысын азат ету шайқасында қаза тауып, Быково селосындағы «Бауырластар зиратына» жерленгендігі туралы мәлімет, қойылған ескерткіштің фотосы келеді.

Одан кейін де Быков селосындағы 8 жылдық мектептің пионерлерінен Бидолланың ауылда қалған жесірі Байдәулетова Аққалаққа мерекелер қарсаңында құттықтау мен ашықхаттар келіп тұрады. Оқырман Бидолла атасы жайында әскери комиссариаттан келген осындай нақты мәліметтер бола тұрса да «Боздақтар» кітабында жаңсақтыққа жол берілгеніне қынжылады. Қайта бастырылып жатса, бұл кемшіліктердің түзетілгенін қалайды. Журналистік әуестікпен ғаламтордан Ұлы Отан соғысы туралы ақпараттық жобаларды ақтарып көргенімізде «Память народа» іздеу сайтынан Байдәулетов Бидолла жайлы мынадай қызықты деректер кездесті. Тегі орысшаланып Байдавлетов Байдулла деп берілгені болмаса туған жылы 1912, шақырылған жері Гурьев облысы, Теңіз аудандық әскери комиссариаты, әскери шені кіші лейтенант делінуі іздеген адамымыздың нақ өзі екендігін айғақтайды.

Ең қызығы, 4 желтоқсан 1942 жылы 60-шы Армияның жеке құрам бойынша №035/н бұйрығы бойынша 206 атқыштар дивизиясы 722 атқыштар полкінің взвод командирі кіші лейтенант Байдавлетов Байдулла «За отвагу» медалімен наградталған. Сондай-ақ, 1943 жылдың 1 ақпанында ұрыс кезінде қаза тауып, Курск облысы, Горшеченский ауданы, алдымен Быково, кейіннен Гологузовка селосындағы бауырластар зиратында жерленгені, әйелі Байдавлетова Аққалаққа өлгені туралы хабар берілгені айтылады. Ұлы Отан соғысының оқ бораған даласында қаза тапқандардың рухына бас иіп, тағзым ету борышымыз. Бейбіт өмір тарту еткен майдангерлерге қанша құрмет көрсетсек те артық етпейді. Адамзат баласының бейбіт өмірін қамтамасыз етіп, өздері құрбан болған боздақтар ерлігі ұрпақтар есінде мәңгілік қалуы керек. Демек, жоғарыда аталған «Боздақтар» естелік кітабы да қайтадан нақтыланып, толықтырылып басылғаны жөн. Біз келтірген деректердің бірен-саран еместігіне шанымдымыз. Бұған дейін газетімізде осындай жайттар жазылғаны көзі қарақты оқырманның есінде шығар. Сауап болар іске ардагерлер кеңесі қозғау салса дейміз.

А.НӘЖІМОВ.

Соңғы жаңалықтар

Жарнама

banerkzleft

Фотогалерея

Бейнебаян жаңалығы

Сауалнама

Жаңа дизайн ұнадыма?

Күнтізбе

Редакция

 
muratovaslan

Таңатар Дәрелов
- "Серпер" газетінің бас редакторы

kisimovaaru

Қанат Ғұмаров - бас редактордың орынбасары - жауапты хатшы


sharapidenovabilmazhan

Айбек Нәжімов
- 1-ші дәрежелі тілші


panaberdievserikbol

Айнагүл Шакупова
- 2 дәрежелі тілші


dauletiarzholaman

Иманкулова Айдана Қажымұханқызы
- сайтқа жауапты редактор

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 701 666 27 49     +7(7122) 45-85-21

banerkzbig