Бес жылда бір миллион пәтер салынады

(0 Votes)

«Nur Otan» партиясы Құрманғазы аудандық филиалы активінің басқосу отырысын оның төрағасы, аудан әкімі Қайрат Нұртаев жүргізді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың аймақтық партия филиалдары өкілдерінің басқосуында берген тапсырмаларымен филиал төрағасының бірінші орынбасары, Өмірболат Есенғазиев таныстырып: – Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев алдағы жылы еліміздің күн тәртібінде тұрған бағыттар қатарында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің қызметін, адам құқықтары саласында реформалар мен іс-шаралар әзірлеуді, сонымен қатар 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамытудың орта мерзімді тұжырымдамасын қабылдауды атады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайыловтың баяндамасы Елбасының стратегиялық бастамаларын іске асыру мен Мемлекет басшысының қазақстандықтардың тұрмысы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тапсырмаларының орындалысы жайлы болды. Үкімет қалалардың шет аймақтары мен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және жаңа технологияларды енгізуге бөлінетін қаржыны көбейтуді көздеп отырғанын, 2024 жылға қарай аймақтарды дамытудың жаңа стандартына сәйкес, 3477 ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдарын жөндеу, әлеуметтік нысандар салу арқылы жаңарту жоспарланғанын жеткізді. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев қала мен ауылдың білім берудегі, спорттық құрылыстардың қол жетімділігіндегі алшақтығын жою бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын жеткізді. Денсаулық сақтау мекемелерін медициналық техникамен жабдықтау деңгейі 70% және одан да жоғары деңгейге, 2020 жылы мұғалімдердің жалақысы 25%, мәдениет, өнер және мұрағат қызметкерлерінікі орташа есеппен 30%, дәрігерлердің еңбекақысы 30%, медбикелердікі 20%-ға көбейтілетінін айтты. Өз кезегінде вице-премьер Роман Скляр жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарын жөндеу, шалғайдағы елді мекендерді,ауылдарды сумен жабдықтауға жеке-жеке тоқталды.

img_7900

Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айналасына қоғамның топтасуы және ел Президенті белгілеген міндеттерді жүзеге асыру бағытында шара қабылдаудың маңыздылығын атап өтті. Бұған қоса тәуелсіздік жылдары еліміз қол жеткізген жетістіктер, республикамыздың барлық табысы партия мен оның мүшелерінің күнделікті жұмысымен өзара тығыз байланыста екенін баса айтты. «Алдағы 2 жылда «Еңбек» бағдарламасы шамамен 1,5 миллион адамды қамтиды, 750 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп көзделген. 2020-2025 жылдары шамамен 1 миллион пәтер тұрғызылады» – деді Нұрсұлтан Назарбаев. «Біздің тарихымыз, әрбір қазақстандықтың мақтанышы. Осы тағылымды тәжірибені халық ара-сында жүргізілетін жаңа идеологиялық жұмыстың іргетасы етіп басшылыққа алдық. Бұл бағдар әрбір партия мүшесіне дейін жеткізіледі» деген «Nur Otan» Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жиынға қатысушылар атынан Елбасы тапсырмасы толық орындалатынына сендірді, - деді.

img_7902

Қатысушылар атынан «Сафон» бастауыш партия ұйымының төрайымы, Сафон ауылдық округінің әкімі Роза Қамзаева сөйлеп: – Мен Елбасымыздың «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында алдағы үш жылда ауылдарды ауыз сумен қамтуға назар аударып отырғаны көңілімнен шыққанын айта кетейін. Басқосуда айтылған маңызды мәселелердің орындалуына өзіміздің үлесімізді қосамыз деп сендіремін. Бастауыш партия ұйымының төрайымы ретінде Сафон ауылдық округіндегі партияның 96 мүшесімен талқылап, болашақта өз ұсыныстарымызды ортаға саламыз, - деп бастауыш партия ұйымдары төрағаларын жастарды ауылда тұрақтатуға үлестерін қосуға шақырды.

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев: – Партия жанынан 2025 жылға Тәуекелдік картасы жасақталып жатыр. Оған әрбір елді мекеннің негізгі мәселелерін сіздермен бірлесе отырып енгізіп, облысқа ұсындық. Егер ол бекітілсе аудан көлемінде үлкен жұмыстар атқарылады. Жастарды тұрақтату және байланыс мәселесін шешу мақсатымен Азғырға Сайханнан 4G интернет тартылуда. Қазір 100 шақырымы жүргізілді, жылдың аяғына дейін бітуі тиіс. Ауыз сумен қамту мақсатында Қоянды топтық су құбырынан қосымша тағы 6 ұңғы қазу жобасы жасалуда, - деп басқа да жұмыстар елдің болашағы үшін атқарылып жатырғанын атап өтті. Партия активінің басқосуы қаулы қабылдаумен аяқталды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521