Берері мол бағдарлама

(0 Votes)

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында.

Сол себепті «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы» деген болатын. Жалпы цифрлы технология біздің өмірімізге тәуелсіздігіміздің бастапқы жылдарында енгізіле бастады. Ең алдымен, мектептерді жаппай компьютерлендіру қолға алынды. Компьютерлер кеңседе де, үйде де негізгі ақпараттық құрал ретінде пайдаланылды. Ақпаратпен орындалатын кез келген жұмыс компьютер көмегімен жүзеге асырылатын болды. Оны сақтау да, тасымалдау да жолға қойылды. Сымсыз телефондар, желілік телеарна – осы бағдарламаның жемісі. Сондай-ақ, бұл бағдарлама еңбек нарығында жаңа жұмыс орындары мен жұмыспен қамту түрлерінің пайда болуына да жағдай тудырды. Мысалы, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жұмыспен қамту жайын қозғасақ, өткен жылы оны жүзеге асыру барысында 785 мың бос жұмыс орны жарияланған. Оның 351 мыңы enbek.kz порталында орналасса, қалған 433 мыңы халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жария етілген. Нәтижесінде 2018 жылы 409 мың адам жұмыспен қамту орталығы, ал, 107 мың адам enbek.kz порталы арқылы жұмысқа орналасқан.

«Цифрлы Қазақстан» аясында жоғарыда аталған порталдың Атырау облысы бойынша парақшасында биылғы жылдың 8-9 қаңтары аралығында 39 жұмысқа шақыру жарияланған. Оның ішінде басшылық қызметтен бастап, ағаш шебері, кір жуатын машина операторы, күзетші және т.б. жұмыстар бар. Жалақылары да 45 мыңнан 250 мыңға дейін. Осы еnbek.kz порталының Құрманғазы ауданы бойынша парақшасында да аталған екі күнде 14 жұмыс орны шыққан. Олар техник-электрик, пән мұғалімдері, әдіскер, жылу қазанының операторы, жүргізуші, күзетші, дауыс жазу операторы және басқа қызметтерге шақырулар. Жалақылары 42-92 мың аралығында. Осы жерде халықты жұмыспен қамтуға жергілікті шағын және орта бизнес өкілдері атсалысып отырғанын айта кетейік. Былтыр ауданымыз бойынша 3 сауда үйі, 1 бизнес орталық, 12 дүкен, 1 тойхана, 7 сауда-саттық нысандары, 1 әкімшілік ғимараты, 1 мұздатқыш цехы және 1 база – барлығы 27 нысан пайдалануға беріліп, жұмыстарын бастады.

Бағдарламаға кері оралсақ, оның қоршаған ортаға тигізер пайдасы да зор. Қазіргі таңда барлық дерлік құжаттар компьютерде жасалғанмен, қағаз қолдану арқылы жүзеге асады. Қол қою, тексеру, шешім шығару мен қабылдау, мөр басу секілді кезеңдерден кейін барып қана алушының қолына тиеді. Екі араға біраз уақыт жүруі мүмкін. Әрі қаншама қағаз жұмсалады. Бұл мәселені шешудің жолы – цифрлық құжат айналымы. Қазіргі таңда компаниялардың қағаз құжаттан цифрлық құжат айналымына ауысуына заңдық база жеткілікті. Мемлекеттік көлемде, оның ішінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында осы жүйені дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Цифрлық құжат айналымы өмірімізге дендеп енсе қағаздың үнемделуіне де себеп болады. Мысалы 1 тонна қағаз алу үшін 17 ағаш кесіледі екен. Яғни, цифрлық құжат айналымын енгізу тек мемлекеттік жоба мен бизнес үшін ғана емес, қоршаған ортаны қорғауға да үлес қосатын жүйе. Бұл халыққа берері мол, тиімді бағдарлама.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521