Ауыл шаруашылығы күнінде

(0 Votes)

Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының негізгі саласы болып саналады.

Сондықтан да ауыл еңбеккерлерінің кәсіби мерекесін кең көлемде атап өту оларға көрсетілген ерекше құрмет екені сөзсіз. Жапырық елді мекенінде бірнеше киіз үйлер тігіліп, арнайы құрылған сахнадан әсем әуен төгіліп, жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлап тұрды. Балаларға ойын-сауық алаңы қызметін көрсетіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жұмыс жасап, тұтынушыларға ет және ет өнімдері, балық, басқа да тауарлары ұсынылды. Күзгі күннің алғашқы суығын елеместен тойды тамашалаушылар көптеп жиналды. Дегенмен де қызықтың бәрі атшабарда болды.

img_6849

img_6854

Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырушылар тай жарыс, құнан жарыс, аламан бәйге және атан жарысын өткізді. Ауа райының қолайсыздығы да бұған еш кедергі болмады. Алдымен болашақ сәйгүліктерінің аяқалысын сынап көрмекке ниеттенгендер тай бәйгеде тоқайласты. Алты шақырымдық жарыс жолына 11 үміткер шығып, көмбеге тек бес-алтауы ғана жетті. Бірінші орынды Мақаш ауылдық округінен Құрманәлиев Мейірманның «Шағырай» есімді торысы жеңіп алды, шабандозы Ізбергенов Мейіржан. Екінші болып мәре сызығын Жылыой ауданынан келген Ноханов Абзалдың «Сұлу» торысы қиды. Қасиет Арыстабайдың тізгініндегі торы тай жақында ғана өз ауданында өткен бәйгеден бірінші орынды еншілеген екен. Үшінші орын ақкөлдік Ғалиденов Жайсаңбектің «Кермаралын» тізгіндеген Қайырболат Жанарыстың қанжығасында кетті.

img_6887

img_6892

Құнан жарыс 9 шақырымнан тұрып, сөредан сақадай сай 7 сәйгүлік ытырылып алға шапты. Мәреге қос құнан қатар келіп, сызықты бір бас озық қиған құрманғазылық Қоданов Нұрболдың «Алау» атты қаракөгі бас бәйгені еншілеп кетті. Үстіндегі шабандоз Құбайдоллаев Райымбек мұндай текетірес сәттерде қалай шалт қимылдауды нақты білетіндігін танытқандай. Есесін жіберген ақкөлдік Хасанов Есенгелдінің «Тасқын» атты торысының шабандозы Бисенбай Әкежанға екінші жүлде бұйырды. Қос жүйріктен едәуір қалыстау келген шабандоз Қуанышқалиев Арсеннің тізгініндегі құрманғазылық Айболатов Ерланның «Қозыкүреңінің» үшінші орыны еш талас тудырған жоқ.

img_6897

img_6910

«Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, бар қызықты атан жарысында тамашалағандаймыз. Маң-маң басқан оншақты дала кемесі әдеттегі маңғаз қалпынан айырылып шаңды басына көтеріп тапырақтай жөнелгенде кім-кімді де қызыққа батырғаны анық. Үш шақырымдық айналымды желіп өткен Ресейлің Астрахан облысы, Харабали ауданынан келген Жәкуәлиев Алтынбектің қос түйесі қатар келді. Қара тайлағы жастығын көрсетіп қара атанның алдын орап кетті. Түйелерді тізгіндеген Жәкуәлиев Ақылбек бірінші, Орақбаев Еділ екінші орынның бәйгелерін тақымға басты. Үшінші орын дыңғызылдық Сарбалин Досболаттың иелігіндегі қара атанға бұйырды.

img_6914

img_6931

Осылай жалғасқан жарыстар легі көрермен ынтыға күткен аламанға да алып келді. Ауа райының қолайсыздығы бұрын жоспарланған 21 шақырымның орнына 18 шақырымға шегерілді. Күннің желкем, әрі суық болуы аттар мен шабандоздарға осындай жеңілдіктер жасауға тура келді. Жарыс жолына шыққан алты сәйгүлік бұрынғы аламандардай емес сәл шабандау жүріс көрсеткені көзге ұрып тұрды. Айналым сайын аяқтары қоюлана түскендей кібіртіктей берді. Кеше ғана жарқырап, мол шуағын төгіп тұрған күзгі күннің осындай мінез танытуы адам түгілі жануарға да тосын болғандай. Десе де мықтының аты мықты, межеленген айналымдарда алдан көрінген Ресейден келген Жәкуәлиев Алтынбектің торысы мәре сызығын бірінші, ақкөлдік Қасимов Ерсайынның «Банда» атты жирентөбелі екінші қиды. Бәйгеден келген екі атты да Орлы ауылының жас шабандоздары, ағайынды Төрежан мен Әкежан Бисенбайтегілер тізгіндеп шапты. Бұл жолы бәйгенің талай дәмін татқан Әкежан інісі Төрежанға ырым етіп жол бергендей әсер қалдырды. Тағы бір қонақ Х.Ерғалиев ауылынан келген Қодаров Алмұраттың «Ұлытауы» үшінші орынға табан тіреді. Шабандозы Алмұрат Арсен. Бәйгенің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне аудан әкімі Қайрат Нұртаев, аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, «Нұр Отан» партиясы аудандық ұйымы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев салтанатты жағдайда байрақтарын табыстады.

img_6935

img_6954

Шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасып, еңбек озаттарын ұлығылау рәсіміне ұласты. Мінберге көтерілген аудан әкімі Қайрат Талапұлы құттықтау сөзін арнап, ауыл еңбеккерлеріне тың табыстар тіледі. «Каспий-Балық» ӨК балықшысы Сәлімов Өсербайға ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрігінің Құрмет грамотасын, бірқатар ауыл шаруашылығы саласының майталман мамандарына Атырау облысы әкімінің және облыстық мәслихаттың, облыстық ветеринария басқармасының, аудан әкімінің Алғыс хаттарын тапсырды. Сафон ауылдық округінің еңбек ардагері Файзулла Жұмақашевқа, ихтиолог маман Таңатар Қуанәлиевке Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы атғының көк лентасы мен төсбелгісін табыстады. Сала ардагері Уалит Сұлтанғалиевті(Кудряшов), «Сүйіндік» ЖШС аға шопаны Қуанышбек Валиевті, шаруа қожалығының басшысы Асқар Дәулетьяровті(Азғыр), аудандық ветстанса директоры Асланбек Брғалиевті, Көптоғай ветеринариялық пунктінің меңгерушісі Серік Оразғалиевті, шаруа қожалығы басшысы Мұхтар Қуанышкереевті(Нұржау), Мақаш ӨК көмекші шопаны Өтеген Андировті, «Құрманғазы» ӨК механизаторы Әділбек Қибаевты, шаруа қожалығының басшысы Болатбек Дәреловті(Нұржау) ауданның Құрмет грамотасымен марапаттады.

img_6973

img_6990

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағы облыстық филиалының төрайымы Жұмазия Есімова Мақаш ӨК жұмысшысы Жолтұрған Абдоловты ҚР Вице-министрінің Мақтау грамотасымен және «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен, Асан, Құрманғазы ветпунктінің мал дәрігерлері Азамат Абдуллин мен Өсербек Кербалақовты салалық кәсіподақтың Құрме грамоасымен ұлығылады. Сондай-ақ, бір топ озаттардың өңірне түрлі дәрежедегі «Еңбек даңқы» төсбелгілерін қадады. Аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов те сала қызметкерлерін құттықтап, еңбекте үздік шыққандардың бір тобына Алғыс хат берді.

img_7003

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Сәуменов ат бәйгесін жоғары деңгейде ұйымдастырған бөлім қызметкерлеріне және мерекені мәдени-көркемдік тұрғыда жоғары деңгейде өткізген аудан өнерпаздарына алғысын айтты.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521