Қасиетті жұмада басталған қайырымды іс

(0 Votes)

Газетіміздің өткен санында жарияланғанындай «Құрманғазы қайырымдылық қоры» еріктілер қозғалысының игі бастамасы бір мұқтаж ауылдастың баспаналы болуына бұйыртты.

Көп балалы ана Орынай Нұрымқызына Теңіз ауылдық округінен газы, жылуы, жарығы, ауласында моншасы, құдығы, гаражы бар үш бөлмелі үйдің кілті табысталды.

Шарада еріктілер қозғалысының басшысы Ерлан Тарихов жиналғандар алдында сөз сөйлеп, өздерінің бұл қайырымды ісіне еліміздің түкпір-түкпірінен қолдау білдіріп, қаржы-қаражаттарын аударғандардың баршасына «Алланың разылығы болсын» деген ізгі-ниетін білдірді.

img_9545

«Темірәлі» мешітінің наиб имамы, теолог маман Еламан Бегәлиев адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі - қайырымдылық екенін атап өтіп, әрбір жан иесінің мұндай сауапты іске араласып, садақа, зекет беріп бар ықыласымен мұқтаж жандарға қарайласуын құптарлық қадам деп атап өтіп, еріктілер қозғалысының ұйғарымымен Орынай Нұрымқызына үйдің кілтін табыстады. Сонымен қатар, ауылдың молдасы Мұрат ақсақал екеуі лента қию рәсімін жасады. Теңіз ауылдық округінің бас маманы Клара Құмарғалиева жастардың жарасымды тірлігіне үлкен ризашылығын білдіріп, жаңа қонысқа ие болған жанұя округ әкімішілігінің назарында болатынын жеткізді. Бұдан соң шараға қатысқандар жаңа қоныстың табалдырығын оң аяқтарымен аттап, жайылған ақ дастарханға жайғасты. Құран бағышталып, ізгі тілектерге кезек берілді.

img_9555

«Құрманғазы қайырымдылық қоры» еріктілер қозғалысының басшысы Е.Тариховтың айтуынша бұл бір Алла сәтін салған іс болыпты. – Қордың есебінен әр жұма сайын 2-3 мұқтаж жанға азық-түлік апарып беріп жүретінбіз. Өткен жұмада осы Орынай апамыздың үйіне келгенімізде бұл жанұяның өте қиын жағдайының куәсі болдық. Жалғыз біздің қордың күшімен қайырымдылық қарекетіне кірісетін болсақ ұзаққа созылып кететіндей көрінді. Отбасының мүшкіл жағдайын көрсетіп әлеуметтік желілерге жүктеуге апамыз басында қарсы болды, алайда қиындықтың құрсауында қалған ана ақырысында көнді. Сонымен түнгі сағат 11-лер шамасында бейнесюжетіміз ғаламторға кетті. Бұрыннан байланысымыз барлар жан-жаққа таратты. Бір түннің ішінде қорға 600 мың теңге түсті. «Көп түкірсе – көл» деген үй алуға қажетті қаржы жиналды. Қасиетті жұма күні басталған ісіміз келесі жұмаға жетпей оң нәтижесін берді, - деген Ерлан көмек қолдарын ұсынғандардың ішінде бірден 100-200 мыңдап аударған қайырымды адамдардың болғанын, үйдің құжатын тез әрі тегін рәсімдеп берген нотариус Ғалия Дүйсенғалиеваға алғысын айтты.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521