Алғашқы сенбілік

(0 Votes)

Оның өту барысы жөнінде осы істің басы-қасында жүрген Ганюшкин ауылдық округінің әкімі М.Мұғаліммен пікірлескенімізде ол былай деді: – Бұған дейін де хабарланғанындай сәуір, мамыр айлары тазалық, көркейту және көгалдандырудың мерзімі болып жарияланғаны мәлім. Осыған орай шара шеңберінде жоспарланған жұмыстар кестеге сай атқарылуда.

Жалпы округті 6 мөлтек ауданға бөліп (Үлкен, Кіші Ганюшкин, Құрылысшылар, Үлкен, Кіші Кіресті, Бұзаусылан, Жапырық және Самаркин), әрқайсысына жауапты мамандар белгіледік. 7 сәуірде өткен алғашқы сенбілікте округте орналасқан мекемелерге тазалайтын аумағы көрсетіліп берілді. Әсіресе оған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі, жастар ресурстық орталығы, аудан әкімдігі, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы, спорт мектебі, С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйі, Халыққа қызмет көрсету орталығы және білім беру ұйымдары мен балабақшалар ұжымдары белсенділік танытып, өзге мекемелерге үлгі боларлықтай шаруа тындырды. Олардың әрқайсысы қолдарына құрал-саймандарын алып, өздеріне бөлінген жерлерінің төңірегін қыс бойы жиналған лас-қоқыстардан арылтты.

 

Тағы бір қуантарлық жағдай, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің жоғары сынып оқушылары ұстаздарымен бірге өз ықтиярларымен сенбілікке келіп, өз үлестерін қосып, ұйымшылдық көрсетті. Бұл игі үрдісті біз өскелең ұрпақты еңбексүйгіштікке, патриоттық тәрбиеге баулудың бір белгісі ретінде қабылдадық. Таңертең басталған тазалық жұмыстары түске дейін жалғасты.

Округ жанынан бөлінген арнайы техникалар арқылы 23 тонна күл-қоқыс шығарылды. Жасыратыны жоқ, сенбілікке қатыспаған мекемелер де бар. Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы, «Казсушар» РМК, «ҚазТрансГаз- Аймақ» АҚ, аудандық зейнетақы төлеу орталығы, ішкі істер бөлімі, кәсіпкерлік палатасы, пошта байланыс торабы ауылдың тазалығы мәселесіне оң көзбен қарап, алдағы ұйымдастырылатын ортақ істе ауызбіршілік танытатындарына сеніміміз мол. Ал, 21 сәуір күні бүкілхалықтық сенбілік өтетінін округ тұрғындарының қаперіне беріп, оған бір кісідей атсалысуға шақырамын, - деді.

Адам денсаулығының кепілі болған ауылдың тазалығына әрқайсысымыз өз үлесімізді қосып, лас қоқыстардан арылтып, жас көшеттер егіп, ағаштардың түбін қопсытып, төңіректі көріктендіруге бір кісідей ұйымшылдықпен жұмыла кірісейік, ағайын!

А.ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521