«Қайта оралған құмаршық»

(0 Votes)

Атыраудағы «Ақ желкен» шығармашылық орталығында «Қайта оралған құмаршық» атты шара өтіп, оған сол қалада тұратын көненің көздері – аталар мен әжелер, қоғам қайраткерлері, түрлі саланың, бүгінгі буын өкілдері, қысқасы құмаршық аталатын қасиетті өсімдіктің дәмін тата қалғандар мен оны үлкендерден естіп қадір тұтатын ұрпақтар, Азғыр мен Нарын құмын қоныс еткендердің жалғасы болып жүргендер қатынасты.

Шараны жүргізген журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Таңатар Дәрелұлы: -Құмаршықты айтқанда сонау отызыншы жылдардың ойраны, қазақ халқын қынадай қырған аштықтың азалы, ыңырсып қиналған үні құлаққа келетіндей. Аштықтан тентіреп кеткен ел-жұрттың түбірімен, тегімен жойылып кетпеуіне біздің өңірде бірден-бір септескен, қасиетіңе мың тағзым деуге келетін осы Құмаршық аталатын құмды өңірде өсетін, жабайы, құнарлы өсімдік. Сол аштықтың азалы желі өңмендей соғып, жұртымызды қайрансыз қалдырып, көзін қарауытып, өзегін талдырған уақытта оған ауызы жеткендердің тамыры қайыра бүлкілдеп соғып кеткені аңыз емес, шындық. Құмды аймақта тамыр тартқанның ең киелісі – Құмаршықты есімізге салып, оған арнап осындай тағылымы өте зор шара ұйымдастыруға бірден-бір себепші болып отырған, өзі де қолымен диірмен айналдырып, құмаршықтың талқанын да нанын жеген халқымыздың зерделі ұлы, белсенді Сенат депутаты, жерлесіміз Сәрсенбай Еңсегенов, деді ол.

marshy1

Осы Құмаршық туралы әңгіме бас көтергеннен ақ өңір қаламгерлері де қарап қалмай түрлі басылымдарда мақалалар, естеліктер жариялағанын тілге тиек етті. "Құмаршық" аталатын кітабын аяқтауға жақын қалған исатайлық ҚР Журналистер Одағының мүшесі, көпке танымал Мұрат Бектеновтың есімін атап өтіп, Құмаршық жайында жергілікті басылымдарда, республикалық «Ана тілі» ұлт газетінде ғылыми негізде мәселе көтерген ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өмірзақ Қажымғалиұлының еңбектеріндегі құнды пікірлерді жұртшылық назарына ұсынды.

marshy2

Мәселен: «Құмаршықтың сыртқы жараға емдік қасиеті анық дәлелденген. Егер де оны дайындап, сұйық күйінде пайдаланса, асқазан-ішек ауруларының бірден-бір емі, әрі мұндай сырқаттардан сақтандырады. Құмаршықтың емдік-дәрумендік қасиетін зерттеу біздің ғалымдардың еншісіндегі тақырып. Ел үлкен үмітпен қарайды. Әйтпесе шетелдік пысықайлар қымыз өз алдына, бауырсағымызды да патенттеп алған. Құмаршықтан азықтық көже ғана емес, оны өңдеу арқылы түрлі сапалы сусындар дайындауға болатынымен ғылыми-зерттеу институтымыз айналысады деген сенімдеміз» деген жолдар бар».

Одан әрі шараны ашушы Т.Дәрелұлы қол диірменді сонау нан жоғалып кеткен Хрущевтың заманында өзі де айналдырып, құмаршықтың нанын жеп, көжесін ішкендігіне арнап жазған «Құмаршық және қол диірмен» аталатын балладасын көпшілік назарына ұсынды. Бұдан кейін сөйлеген айтулы жерлесіміз осы шаруаны тұңғыш қолға алып, осындай шара ұйымдастыруға бірден-бір себепші Сәрсенбай Құрманұлы үлкен - кішілерге қаратып хош келдіңін арнады, толғана сыр шертті.

marshy3

-Әжем Жұмажан осы өңір жұртын аштықтан аман алып қалған Құмаршық екендігін құлағыма құйып өсірді. Сәбит әкем де диірменнің құлағын аз ұстамаған, жоқшылық көріп өскен азамат. Реті келгенде өзім де диірмен тартып, талқанын дастарханымызға қойыстым. Құмаршық туралы көп ойландым, қырға бардым зиялылар тобын бастап. Қошалақтағы, осы сайысқа қатысушы Мәрия Ғұмарова апайдың құмаршықты қағудан бастап одан ас мәзірін дайындауға дейінгі мехнатын менімен бірге барғандар тамашалап, киелі астың дәмін татып, мені қолдайтын пікірлерін білдірді. Осы шараға қаладан да, даладан келіп отырған баршаларыңызға да рахмет, бұл сайып келгенде аштық азабын шеккендердің барлығына дерлік құрметіміз, деді Сәрсенбай Құрманұлы.

Өзін қолдап, бар шаруаны өзі ұйымдастырып, елеулі шығынға барып отырған «Ақ желкен» шығармашылық орталығының басшысы Нұрберген Әбдірешұлы Дәулетов інісіне, қолдаушы шет елдік компания өкілдеріне, әсіресе, осы бүгінгі шараны ертелетіп келіп бастан аяқ тамашалап, разылығын білдіріп жүрген «Сенімді құрылыс» компаниясының мемлекет және жұртшылықпен байланыс жөніндегі басшы өкілі түркиялық азамат Өмір Кесімге деген зор алғысы жұртшылықты риза қылды. Сәрсенбай Құрманұлы Құмаршықтың бар ізгі қасиетін айшықтайтын ескерткіш-белгінің дайындалып бола келгендігін, ол Алла бұйырмыс етсе «Атырау-Астрахань» күре жолының Құрманғазы ауданына жақын бір бөлігіне орнатылатынын қаперледі. Оған ғалымдар, жазушылар, Парламент мәжілісі, Сенат депутаттары қатынасуға осы бастан ықылас білдіруде екендігін де жария қылды. Бұл үлкен шара алдағы мамыр айына белгіленіп отыр. Ал, Құмаршық Сәрсенбай Құрманұлының ұсынысымен ғылыми-зерттеу институтында зерттеліп, болашақта оны жан-жақты кәдеге асыру толыққанды шешілетін болады.

marshy4

Бұдан кейін осы күнге арнайы келген Сенат депутаты, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп, осы шараны ұйымдастырушы – атқарушы, зиялы азамат «Жерұйық» қоғамдық қорының төрағасы Нұрберген Әбдірешұлы Құмаршықтың маңызы күні бүгін де жоғары екендігіне көз жеткізе сөйледі.

Қол диірмендер зырылдап айналды. Сайысқа қатысушылар хабарланып, олар әкелген құмаршық наны, көжесі, талқаны, тірілей құмаршықтың өзі, т.б. дайындалған тағамдардан ел-жұрт дәм ауыз тиіп, пакеттеріне салып алып жатты. «Ақ желкеннің» үлкен залына құмды өңір көшіп келгендей көрініс ерекше сезімге бөлеп, жүрек толқытты. Мәселен, Исатай ауданының Хамит Ерғалиев ауылы, Қамысқала округінің жүз шақырым қашықтықтағы «Әйтіш» құмынан келген Гүлпара Қабекенова есімді шопан келіншек, күйеуі, келіні, т.б. қолдаушыларымен «Ақ желкен» орталығына 8-дерде диірменін арқалап келіп, орналасып жатты. Бұл қатысушы сол құмаршық өскен алқаптың бір қапшық құмын жабыла көтеріп әкеліп, еденге төгіп, құмаршық өсімдігін сол өсіп тұрған күйіндей етіп қадап қойды. Жанында диірмен, келі, құмаршық тағамдары, өнімдері, т.б. орналасқанда алдымызда қыр өңірі көсіле жөнелгендей болды.

Құрманғазы ауданынан намыс жыртысқан «Құрманғазы» ө/к-нің іс жүргізуші маманы Лена Жәкөнқызы өнімдерінің молдығымен, сапалылығымен ерекшеленсе, ерлі–жұбайлы Қыдырсиық – Галя Құсайыновтар құмаршықтан жасаған тағамдарының ерекше дәмімен көзге түсті. Басқа да қатысушылар бірінен-бірі кем қалмады.

Қазылар алқасының төрағасы академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы бастаған мүшелер, кілең өңіріміздің ығай мен сығайлары Мәдинә Ғабдісәлімова, Нұртөре Жүсіп, Мұрат Бектенов, Абат Кенжеғалиев, Төлеген Жаңабайға жүлдегерлерді бірнеше сынақ бойынша анықтау оңайға түспеді.

marshy5

Бұл аралықта құмаршық жайлы естелік-пікірлерге кеңірек орын берілді. Олардың арасынан белгілі қоғам қайраткері Нұрпейіс Мақашұлы, Рәшилә Мүрсәлиева, қызылқоғалық заңгер, жас азамат Көптілеу Тәжіғалиев, жерлесіміз өлкетанушы, жазушы Өтепберген Әлімгерейұлы, т.б. ерекше ұсыныс-пікірлерімен еленді. Құмаршық мерекесіне арнайы келген белгілі геолог-ғалым әрі ақын Нәсіпқали Сейітов Құмаршық жайлы тамаша өлеңін оқып еді, ағаны іліп әкетіп белгілі ақындар Гүлзада Ниетқалиева, Қошалақтан келген Есмұхан Жанизин құмаршық жырдың көбігін аспанға шапшытты.

Шағын ұлт – аспаптық оркестрдің орындауында Құрманғазы бабамыздың күйлері тұлпар дүбірімен дүр сілкіндіріп, қан қоздырса, «Ақ Жайық» ансамблінің қос қарлығыштай қос әнші қызы Мұхит болып көктен сорғалап, Ғарифолла болып егілдірді-ау, шіркін! Дина оркестрінің солисі Сәрсенов Бақытбек Нұрпейіс Байғаниннің «Еңбек термесін» осы шараға арнайы тарту еткендей. Құмаршық мерекесінің алабөтен сыйы осылай жалғасып, өткен аштықты көрген қазақтың нала күндерін еске алмаған бір жан жоқ, бәрі де айтуындай айтып жатты.

Қазылар алқасы толық құрамда көрермен алдына келіп, төраға Өмірзақ Қажымғалиұлы шараның айырықша маңызына, ертеңге жалғасатын сапарына сәттілік тілегін айта келе жеңімпаздарды таныстырды. «Тарихқа тағзым» аталымы бойынша Құрманғазы ауданының Дыңғызыл ауылдық округінен қатысқан Ризуанова Лена Жәкөнқызы алдымен ұлықталды. «Бабалар жолын сақтағаны үшін» аталымы Исатай ауданының Тұщықұдық ауылдық округінен қатынасқан Хайрошева Айгүл Ниғметоллақызын тапты. «Салт-дәстүрге беріктігі үшін» аталымы Құрманғазы ауданының Мақаш ауылдық округінен қатынасқан ерлі-жұбайлы Қыдырсиық Құсайынұлы мен Галя Садиыққызына бұйырды.

Сайыстың бірінші орындық 150 мыңдық сертификаты ерекше дайындықпен келген исатайлық Жұбаева Гүлпара Қабекенқызына сыйланды. Одан қалса барсын дейтіндей көрермен көзайымы болған Құрманғазы ауданының әйгілі Қошалағынан келген зейнеткер әже Ғұмарова Мәрияға екінші орынның 100 мыңдық сертификаты бұйырды. Үшінші орынның 75 мыңдық сертификаты Махамбет ауданының Ақтоғай ауылдық округінен қатынасқан диірменші сайыскер Әлиева Мұстахиманың қанжығасына байланды. Барлық қатысушыларға да ақшалай орамалдар ұсынылды. Бір ескерерлігі мұның бәрі елжанды азамат, белсенді депутат Сәрсенбай Еңсегеновтың жеке қаржылық қорынан болғандығы.

Сөйтіп, мұнайлы Астана төрінде тұңғыш болып диірмендер зырыл қағып талқан төкті. Өлгендер еске алынып, өткеннің шырағы пышырлай тұтанды. Диірмендей айналған күндеріміз, енді қайтіп тірліктегі талқанымыз таусылмасын, ағайын!

Айнагүл Шакупова,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521