ҚАДЕ ДАСТАРХАНЫНА ҚАНДАЙ ТАҒАМДАР ҚОЙЫЛАДЫ?

(0 Votes)

Құрманғазы ауылдық округінде өткен жиында осы мәселе талқыланып, қатысушылар белгілі бір тоқтамға келді.

Соңғы кездері адам өмірден өткен соң берілетін қаделерінде ысырапшылдыққа жол бермеу керектігі талай мәрте айтылып та, жазылып та жүр. Алайда бұл әлі де тыйылмауда. Қазір Одақ тұсындағыдай қаделер кешке дейін созылмайды. Ол замандағыдай бата жасай келгендер дастархан басында әңгіме айтып уақытты созбайды. Бүгінде олар түске дейін өтеді. Келушілер үйге кіріп марқомға арнап дұға бағыштаған соң, дастархан басында көп отырмайды. Бір-екі кесе шәй ішіп, еттен ауыз тиеді. Ал, самсап тұрған өзге тағамдар шеті қозғалмастан қалады. Бесін ауғаннан кейін ешкім қаралы үйге дұға жасай бармайды. Ендеше, қыруар қаржы шығарып оларды үстелге қойып, ысырапшылдыққа салынудың қажеті қанша? Жазда тағамдар тез бұзылады. Бұл өз кезегінде ауру тудыруы мүмкін.

imam1

Міне, осындай келеңсіздіктерді жою мақсатымен Құрманғазы ауылдық округінде ұйымдастырылған жиналысқа ауылдық округ молдалары, мешіт имамдары, ардагерлер, ауыл үлкендері қатысты. Ауданымыздың бас имамы Мейрамбек Қожахметов дініміз салт-дәстүрге қарсы келмейтінін, бірақ ысырапшылдыққа тыйым салатынын, біреуден-біреу қалмаймын деп қарызға кіріп кетіп жатырған отбасылары барын алға тартып, өмірден өткендерге бізден керегі тек дұға бағыштау екенін жеткізді.

imam2

Қатысушылардан «Темірәлі» мұсылмандар мешітінің найб имамы Сүндетқали Жанханов, ауыл молдалары Мырзабек Ғазизов, Ізтұрған Әдиетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев, Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Қадырбай Жармұханбетов аудан имамына бірауыздан қолдау білдіріп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Имамдар мен ақсақалдар қаде дастарханына шәй-шекер, бауырсақ, шелпек, нан, алма, банан, қаймақ, май, салаттың бір түрі, балық, ыстық тағамның біреуі (қуырдақ, күріш) қойылғаны жөн деп шешті. Сонымен қатар мархомның үш күндік қадесі мен жетісін бірге өткізу қажет деген ұсыныс жасалды. Енді осы ұсыныстар көпшіліктен қолдау тауып, өмірімізге дендеп енсе, ысырапшылдықтан арылар едік.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521