Адамдардың алғысын арқалаған...

(0 Votes)

Әлеуметтік сала қызметкерлері әрдайым қамкөңіл адамдардың, қарттардың жанынан табылып, барынша қолдау көрсетуде.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды туған бауырындай қамқорлап, оңалып кетуіне септігін тигізуде. Бүгінде олар көмекке мұқтаж адамдарға демеу болушылар ғана емес, қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік саясатты жүзеге асырушылар. Сондықтан, Елбасымыздың Жарлығымен 2011 жылдан бері қазанның соңғы жексенбісі әлеуметтік сала мамандарының кәсіби мерекесі ретінде тойланып келеді. Осыған орай, аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров сала басшылары мен қызметкерлерін қабылдап, ізгі тілегін жеткізді.

Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Абдуррахман Муса қысқаша хабарлама жасап: - Бөлімде 13 мемлекеттік, 11 келісімшарт негізіндегі қызметкерлер, барлығы 24 адам еңбек етуде. Негізінен «Жұмыспен қамту», «Әлеуметтік төлемдер» бөлімшелерінен, азаматтық хал актілерін тіркеу, мүгедектермен, ардагерлермен жұмыс жөніндегі мамандар бар әкімшілік құрамнан тұрады. 27 түрлі мемлекеттік қызметтер көрсетеміз. Есепті мерзімде 7994 қызмет 9194 адамға беріліп отыр. Оның ішінде халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 2863 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 2803 адамды қамтыды. Электронды форматта 504 адам алды. 2018 жылдың 9 айында 2091 адам жұмыссыздық жөнінде жолығыс жасап, ресми түрде тіркелді. Жұмыссыздық деңгейі 4,2% құрады. Қыркүйек айында 2316 жаңа жұмыс орны ашылса, мұның 651-тұрақты, 1665-і уақытша. Аудан бойынша 2018 жылы тіркелген мүгедек жандардың саны 2326 адам, - деп оларға әперілген қажетті құралдар, қаржылай көмектер және басқа да атқарылған жұмыстарға, тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедек балаларды оңалту орталығының қызметіне тоқталды.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров: - Бұл халықтың осал тобын қамтитын ең бір үлкен сала. Тұрғындар әлі «райсобес» деп жылы лебізбен атайды. Бөлімде әр жылдары Ақтай Құсайынов, Сәркен Нұрғожина, Хатим Үмітәлиев, Айболат Әмірғалиев, Сағынжан Рахимов, Балағазы Иманғалиев сияқты көптеген азаматтар жұмыс жасады. Халық оларды әлі де жылы сөзбен еске алады. 2017 жылдың қыркүйек айында бөлім жанынан оңалту орталығын аштық. Өзімізде медицина мамандары жетіспеуіне қарамастан дәрігерлер бөлдік. Ендігі қалып тұрғаны инватакси мен жаңа ғимарат салу. Бұл бағытта облыс әкімшілігі жұмыстануда. Әлеуметтік салада жұмыс жасайтындар тұрақты болады. Келетіндер негізінен осал топтың адамдары болғандықтан оларды ренжітпей қабылдап, жақсы көмек береді. Сол себепті елдің алғысына бөленуде. Жасалған қызметті халық жоғары бағаласа, бұл ең үлкен марапат, - деп бір топ әлеуметтік сала қызметкерлеріне аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.

Сала ардагері Зәуре Ертаева сөйлеп, көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдіріп, екі бөлімше де ауданның әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін жұмыстана беретінін жеткізді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521