Ақ қағазға көз жасы сырт-сырт тамды

(0 Votes)

Ауық-ауық желдей желбіреп жеткен хабарға қарағанда Нәсіп Мұстаққызы апамыз жиі-жиі сырқаттанып қалады екен. Ауызынан шыққан екі сөзінің бірі Жұмекені.

Ағылып-сөгіледі екен, егіліп-төгіледі екен... Соңғы кездері сағыныш дертіне әбден шалдығып, кейде шалық ұрғандай сыңай танытады-мыс. Елден барғандарды есі кете қарсылап, етегіне сүріне жүріп құрмет көрсетіпті шамасы. Барушылар қатары да аз болмаса керек. Қошалақтың ойшыл баласы күндердің күнінде бар қазаққа ұран-әнін салғызып қойды. Бар қазақстандықтың оң қолын жүрек тұсына әкелгізіп, ел мен жерге деген махаббаттың ұлылығына Тәңірідей бас игізді. Бірақ Жұмекен аға Тәңірі емес, кәдімгі біз жұтқан ауамен тыныстап, біз басқан топыраққа табанын табыралаған, көзі сығырайып, қуалана жымиған ауыл баласы. Оның сөзімен жазылған Тәуелсіз елдің әнұраны қазақ деген халықтың кім екенін әлем жұртына мәшһүр қылуда. Қазақта ақын баршылық, құдай көпсінбесін, әрқайсы бір-бір күйсандық. Бірақ, Жұмекен жалғыз, Жұмекен дара. Кіндіктен де жалғыз, өлеңде де жалғыз. Түсіндім дегендеріміздің өзі әлі түсінуге қиналамыз. Жұмбақ ақын деуі де ып-ырас. Сырын оңайлықпен алдырмайды. Филосов ақын дегенге де қарсы келе алмайсың, әр шумағының әр жолында аласапыран ой жатыр. Лирик десе де келіспей тұрған жері жоқ.

Міне, сөйткен ақынның, Жұлдызды Жұмекеннің жары кім? Таңғажайып тума талант өзіне қандай асылды өмірлік серігі етіпті? Біреулер осындай ынта-ықыласпен де ағамыздың шаңғырағына жиі бас сұғып, белі бүгілсе де, өмірден түңілмеген Нәсіп жарының алдиярлап алдын көріпті. Біреулер таңсық үшін, біреулер тебіренбей тұрмайтын телегей дарынның өмір бойы бабын тапқан келісті жарына шынайы ықыласпен сәлем беріп, бір ауыз жылы лебіз білдіруі үшін де!

Ағамыздың артында бір топырақтан жаралған жәудір көз аруы, балаң сезімдері бір-бірін еріксіз тұсаған, өмірлікпіз деген анттарына алғаусыз адалдық танытқан асыл жары қалды. Әңгіме артыңда кімнің қалуында! Есімі ұмытылмасы белгілі ғой, есігі де жабылған жоқ, естиярлар табалдырық аттаса «сен кімсің?» деп кісімсімей, елпілдеп ұшып орнынан тұратын жоқшы-жәдігер сыңары қалды.

«Ала қойды бөле қырқуды» білмейтін жібек мінез жайдары жан туралы әдебиетке құштар жауқазын жас та, атағы алысқа кеткен зиялылар да аһ ұрып айтып, осы төңірегіндегі әңгімелерді жібектің тініндей ілгеріге созуда.

Нәсіп апамыздың жан серігі Жұмекенін жоқтап дара тірлігінде қара жамылумен тағдыр кешкені ап-анық. Ағаның әр сөзіне жанар нұрын сорғызып, көптің көлеңкесі түсуіне қарамастан жапан түзді кешкен жалғыздай жабырқаумен күндерін көшірді. Сенат депутаты, белгілі жерлесіміз Сәрсенбай Еңсегенов фейсбук парақшасына апамыздың өз сөзін: «Естелігімнің бір сөзін жазғанда көз жасым сырт етіп бір тамды, екі сөзін жазғанда, екі тамды, осылай әр сөз қағазға түскен сайын көз жасым сырт-сырт тамып отырды. Кейде естелік бетшелері айғыздалып қалып, көруге қиындап кететін»-деп келтіріпті.

Осыдан артық жер бетінде, жарық әлемде қандай сағыныш болуы мүмкін?! Ағамыздың асыл жүрегі соғуын тоқтатып, кірпігі айқасқалы бері біраз жылдар бірінің артынан бірі сапқа тұрып шерулетіп барады. Осынау аз деуге келмейтін мерзім ішінде ағамызды бір сәтке де ұмыта алмаған, миының жартысында ылғи да Жұмекені тұрған ғажайыпәйел жарық-жалғанмен хош айтысты, өкінішті! Өзінің де, қазақтың да Жұмекені үшін өмір сүргенін айдай әлемге паш етті! Оның заты асылдан, сондай бекзат жан екендігін баспасөз беттері тынымсыз әйгілеп келді. Бұлтаруға келмейтін шынайы ақиқат осы! Қалам ұстамаған қолымен естелік өргізсе, қайбір жетіскеннен дейсің?!

Жұмекен туралы өлең жазып тұрады деп жақсы көрген ініңнің бірі едім, осы жерден әріге аса алмай тоқтадым, апа!

Жан рухыңыз жалғызыңызбен табысып, мәре-сәре болып жатса да кім білсін, екі дүниенің біз білмейтін құпиясы көп ғой, пейіштің нұры тамып, иман байлығын берсін!

Бара ғой, барсаң, ағама!

Орын таудың сеңгірі ең,

Асылдан – сирек, сен бірі ең.

Жаманат жалған бола ма,

Көңілді қалай сендірем?

Көк тиын құрлы құны адам,

Уайымсыз атты құба таң.

Кетті деп ағам артынан,

Көңілді солай жұбатам.

Мазасыз неге қыр-тұрақ,

Құлыны әнтек шұрқырап.

Аруана зарын қостай ма,

Қошалақ құммен бұрқырап.

Сұмдықтың сірә, жеткені,

Айналаң кетсе кектеніп.

Қиылған ару Қиғаштың,

Толқынды тулап тепкені.

Бұзылса әнтек тыныштық,

Ойыңа кірмес ырыс-құт.

Онсызда күйген жаныңды,

Күйдіре түсер күн ыстық.

Көңілдің қайсы жоқ дауы,

Сезімдер жатыр шоқ тауып.

Өзіңдей қызы көп пе еді,

Орынды ел-жұрт жоқтауы.

Жаулығың жүрсе ағарып,

Көңілден көлкір таза арық.

Ағадан асыл жауһар көп,

Сен едің тірі тәбәрік.

Құлазып көңіл құлайды,

Кінәлеп қайттік құдайды?!

Аталар сақал саумалап,

Әжелер үнсіз жылайды.

Орыны таудың сеңгірі,

Жүректе мәңгі сен тірі.

Маңдайға асыл жар бітсе,

Үлгісі өзің, сен бірі.

Ел-жұртың жетті бағаңа,

Тексіздер мұңын шаға ма?

Сағынып әбден таусылдың,

Бара ғой, барсаң, ағама!

 

Таңатар Дәрелұлы,

жерлес інісі, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521