48 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмектен бас тартты

(0 Votes)

Атаулы әлеуметтік көмек алып отырған 48 мың отбасы жағдайы жақсарып, көмек алудан бас тартқан.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Журналист баспасөз мәслихатында спикерден атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы аналар әлеуметтік келісімшартты шарттыдан шартсызға ауыстыру мүмкіндігі бола ма деген сауалын түсіндіріп беруді сұрады.

«Атаулы әлеуметтік көмек бойынша өңірлерде осындай әңгімелер болып жатқанын білеміз. Қазір барлық өңірлерде арнайы комиссиялар құрылды. Бұрынғы төленген төлемдердің заңдылығын тексеріп жатыр. Оның ішінде құқық бұзушылықтар да бар. Фактілерді көріп отырсыз. Кейбір орталық қызметкерлері де өткен аптада жауапкершілікке тартылды», - деді министрдің бірінші орынбасары.

Жылқыбаев шартты және шартсыз төлемнің ара-жігін ажыратып берді.

«Шартты төлем 12 айға дейін жасалынады. Сол отбасыда жұмысқа қабілетті азамат міндетті түрде жұмысқа тартылуы тиіс, мемлекет көрсететін бағдарламаларға қатысуы керек. Азамат әлеуметтік шартқа қол қойғаннан кейін үш айға алдын ала ұсыныс береді. Кедейшілік шегінен шығу үшін төлем қайда кетті деп сұралады. Ал ай сайын шартсыз берілетін көмекке сұрау салынбайды. Сол себептен дұрыс түсіну керек. Шартты келісімшарт жасаған соң қаражат үш айға алдын ала берілгеннен кейін ол кедейлік шегінен шығу үшін кәсібін жасауы қажеті. Ауылдарды аралап жүргенде тігін тігіп, үйінде салон ашып, әртүрлі тағамдар пісіру арқылы өздерінің жұмыстарын дөңгелетіп жатқан әйел азаматтарды көрдік», - деп айтты ол.

Бірінші вице-министр атаулы әлеуметтік көмек алатын 48 мың отбасы жағдайының жақсарғанын алға тартып, көмектен бас тартқанын айтты. Бұған дейін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев жарты жылда 186 мың жұмыс орны ашылғанын, сонымен қатар қысқамерзімді кәсіптік оқытуға қатысатындардың стипендиясы көбейетінін айтты. Сонымен қатар, жыл басынан бері кәсіпкер жастарға 1000 микрокредит берілсе, елордалық 103 отбасы Екібастұзға қоныс аударды.

Ведомство басшысы электронды еңбек биржасы арқылы 243 мың адам жұмысқа тұрғанын хабарлады.

BAQ.KZ

Фото: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521