«Ұлтыңды ойласаң – рухты ұл тәрбиеле»

(0 Votes)

Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектепте аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұлтыңды ойласаң – рухты ұл тәрбиеле» атты облыстық семинар өтті.

Алдымен Энгельс атындағы жалпы орта мектептің Р.Нұрғалиев жетекшілік ететін «Жас Нұр» ұлдар ансамблі Құрманғазының күйі «Балбырауынды» күмбірлетті. Жүргізуші Б.Бидоллаев аталмыш семинарда отбасының асыраушысы, тірегі – әке туралы ой қозғалатынынан хабардар етті. Алғашқы сөз сөйлеген аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Н.Хасанова семинардың мақсаты мен маңыздылығы туралы түсіндіріп өтіп, оған сәттілік тілеп, облыстан келген қонақтарға қош келдіңін айтты. Қазақта «Ұл әкеден үйренбей, сапар шекпес, қыз шешеден үйренбей, өнеге алмас» деген бар. Расында, «баланы жастан» деген сөздің астарынан-ақ, қазақтың ұрпақ тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлгенін байқауға болады. Арнайы жүргізілген зерттеу бүгінде кез келген баланың тек бір күннің ішінде әкесінен гөрі анасына көп сауалмен жүгінетінін дәлелдеген. Соған қарағанда олардың дені анасын өзіне жақын қоятын секілді. Бұл нені аңғартады? Осыған орай, Абай атындағы жалпы орта мектептің «Маңызды мәселе» бағдарламасы аясында «Әке баламен неге сырласпайды?» тақырыбында ардагер ұстаздардың ұрпақ тәрбиесіндегі өмірлік тәжірибелерімен бөлісу сәті мультимедиалық экран арқылы ұсынылды.

Одан әрі Энгельс атындағы жалпы орта мектептің оқушыларынан құрылған «Жалын» вокалды-аспаптар ансамбілі «Әке мен ана» әнін орындады. Ата-ана ұрпағын өмірге әкелген соң, бірінші кезекте оны қатарынан қалдырмай киіндірсек, тамағын тойдырсақ болды деп ұғынатындар арамызда жиі кездеседі. Бұл әрине дұрыс емес. Өйткені, бала жас өскін секілді баптағанды, аялағанды қажет етеді. Әсіресе, ұлдар ер адамға қажет тағылымды көбіне әкесінен үйренуге ұмтылады. Жасында ұғынбағанды оның ер жеткенде түсіне қоюы екіталай. Сондықтан, әрбір әке бауыр еті баласының қоғамдағы өз орнын қателеспей табуына ықпал ету керек. Осы бағытта Гагарин атындағы жалпы орта мектептің «Әкелік асыл сөзіңнен жолымды тауып келемін...» атты әкелермен кездесу кеші тамашаланды. Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектептің жанынан құрылған «Нұршуақ» драма үйірмесінің өнерлі оқушылары «Биікке ұмтылған ұл» атты сахналық қойылымдарымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Ата-бабамыз ұлды ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кеңдікке баулыған.

13 жасқа дейін атқа мінгізіп, «Аузы дуалы ақсақал қарттарға сәлем беріп кел!» деп жіберген. Оның себебі де түсінікті, көпті көрген көнекөз қазыналы қарттардан тарихта болған жайларды, бабалар ерлігін тыңдап, өткенмен сабақтаса өмір сүрсін дегені. Семинарда «Бүгінгі ұл – ертеңгі шаңырақ иесі» тақырыбында Әуезов атындағы жалпы орта мектептің әкелер және ұлдар кеңесі мүшелерінің ток-шоуына кезек берілді. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебі қатысушылармен рефлексия ұйымдастырса, Еңбекші жалпы орта мектебінің «Парасат» тобы музыкалық композициясын ұсынды.

Бұдан кейін, облыстық білім беру департаментінің өкілі Б.Хамзина өз сөзінде семинарға жоғары баға берсе, аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева «Қазақ баласы осындай!» атты ұлдар арасында өткізілген байқаудың қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады. «Балаң жақсы тәрбиелі болса, о дүниеде Алла Тағаланың алдында, бұ дүниеде адамзат арасында да жүзің жарқын болады» дейді пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде. Атақты «Абай жолы» романында да мынадай бір тағылымды эпизод бар. Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әкесінің үйіне күн кешкіре жетіп жығылған он үш жастағы шәкірт Абай аттан түскен бетте анасына қарай бет алады. Сонда байсалдыҰлжан: «Әй, балам, анда әкең тұр, әкеңе барып сәлем бер» дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай жалт бұрылып, әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі. Ұлы жазушы М.Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521