«Киелі мекендегі ел анасы»

(1 Vote)

Нұржау ауылдық округінің мәдениет үйінде Қазақстанның Халық емшісі, Құрманғазы ауданының құрметті азаматы Дәметкен Серікбайқызының 80 жасқа толуына орай «Киелі мекендегі ел анасы» атты шара өтті.

Шара Нұржау орта мектебінің ұстазы Айша Исаева ұйымдастырған мектеп ұстаздары мен оқушылары қатысқан қойылыммен басталды. Қойылымда жас Дәметкеннің бойына алғаш рет қасиет қонуы суреттеледі. Айта кетер жайт, аталған мектептің оқушылары Мейірім Жұмажанқызы (жас Дәметкен) мен Амина Нури (апасы Қазимаш) өз рөлдерін жатқа айтып, тамаша сомдап шықты.

Шыны керек, 5 сынып оқушысы Мейірімнің рөлінен толқымаған жан кемде-кем шығар. Халық емшісі, қасиет қонған жан, 11 перзент тәрбиелеп өсірген Батыр ана Дәметкен Серікбайқызы кіндік қызы Ақтілектің қолтықтауымен, қошеметпен сахна төріне шақырылды. Округ әкімі Қайрат Исмағұлов құттықтау сөзін сөйлеп, шараға қатысушыларға қош келдіңін айтты. Нұржау ауылдық округі қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Жібек Қисымова:

– Сізге табыс етілген құттықтау хатымызда округтегі барлық қоғамдық ұйымдардың ақ тілегі тоғысқан. Осы шараны ұйымдастыруда округ әкімі де біраз жұмыстар тындырды. Жаңа тамашалағандарыңыз апайдың 2002 жылы шыққан «Өтелген парыз» деген кітабынан көрініс. Бұған дейін ол 2004 жылы да Нұржау орта мектебінде сахналанған. Сол сәтті Айша бастаған ұжымдастар тағы бір рет көз алдымыздан өткізді. Мұнда басқа кезеңінен көрініс беріліп отыр. Шырылдаған кішкентай сәбидің бойына осынша күш-қуат құйылуы бұл тылсым күш, құдырет. Ол Жаратушыдан ғана келеді. Құдай өзінің пенделеріне дәрігер, басқа да ем жасайтындар аз болған кезде апамыз сияқты адамдарды жібереді. Ортамызда отырған қасиетті анамыз бес-алты кітаптың авторы. Барлығы да оқырманын тапты, халықтың көңілінен шықты. Кезінде олардың тұсаукесерін Жұмақай Мұғалұлымен бірге жасадық, - дей келе мерейгерге ортамызда аман-есен отыра беріңіз деген тілегін арнады.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Жандос Бектеміров те қойылым жақсы шыққанына тоқталып өтіп:

- Халықтың алдында апамыздың құдырет-қасиетін жақсы көрсетіп, халыққа паш етіп жатқаны үшін оларға алдағы уақытта да үлкен жетістіктерге жете берсін, осындай жақсы шараларға қатыса берсін деген тілек айтамыз. Аруақты әулеттің қасиетті істерін меңгеріп шипалы алақаныңызбен халыққа 60 жыл бойына қызмет көрсетіп келе жатырсыз. Ел арасында бүгінгінің Домалақ анасы сияқты шапағатымен айналасына шуақ төккен, Атырау өңіріне Халық емшісі атағымен танылған сіздің мағыналы ғұмырыңыз, мерейлі 80 жасыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Ерекше қасиетті, киелі өнерімен танылған арғы бабаларыңыздан бермен қарай тұқым қуалап келе жатырған құдыреттің мұрагері ретінде есіміңіз Еділ-Жайық арасына кеңінен таралып, ерте танылды. Тылсым күш бойыңызға орнап қанатымен су сепкен қарлығаштай талай адамдар дертіне дауа тауып, жабыққанын жебеп ел-жұртыңыздың алғысына бөленудесіз. Сіздің алақаныңыздан жанған жылу көп адамдарды сырқатынан сауықтырды. Ендеше, қазақ сияқты абырой-беделі, қасиет біткен тұлғаларын қадірлей білетін асқақ жұрттың тәкаппар жүрегінен мәңгілік орын алған әлісізге медеу, торыққанға демеу берген сізге қанша құрмет қылсақ та артық етпес. Жүріп өткен ізгілікке толы өнегелі ғұмырыңыз, бойыңыздағы адалдақ пен асыл қасиеттерінің кейінгі ұрпаққа үлкен үлгі. Аудан тұрғындарының өзіңізге деген ықыласы ерекше, - деп зор денсаулық тілеп, құттықтау хатын табыс етті.

Ал аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов аудандық мәслихат депутаттары атынан құттықтау хатын ұсынды.

Келесі кезекте ардагер ұстаз Мәдениет Харесов, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бауыржан Мұғалұлы, округтегі мектеп, балабақша, дәрігерлік пункт, мәдениет үйі басшылары атынан Нұржау орта мектебінің директоры Гүлбаршын Кенжеғалиева, ұрпақтары мен ағайындарынан Ерболат Сұлтанов сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, шара барысында өнерпаздар Мөлдір Серікқалиқызы, Мейрамбек Мәмбетов, Жаңбырбай Нәрешов, Нұрлы Омарова, «Нұршашу» аналар-әжелер ансамблі және т.б.мерейгерге әдемі әндерден шашу шашып, мектеп оқушылары арнау оқып, би биледі.

Көрсетілген құрметке ризашылығын білдірген Қазақстанның Халық емшісі, Құрманғазы ауданының құрметті азаматы Дәметкен Серікбайқызы:

- Менің бойымдағы қасиет бұл Алла Тағаланың, ата-бабаның, халқымның күші. Мен еліммен бірге өмір сүріп келе жатқан анамын. Халқымды қара орманым деп сыйлаймын. Үлкен жазушы, кең көңіл Рахмет Иманғалиев ағам, Таңатар Дәрелов, Нұрым Ерғалиев сынды інілерім, Қойшығұл Жылқышиев бәрі маңайымда жүрді. Солардың арқасында осындай дәрежеге жеттім. Өмір жолым өздеріңізге мәлім. Биіктесем бұл Алланың ісі, жолымды ашты, қолдады. Түнде бір нәрсе ойлап жатсам ұйықтамаймын, таңертең сол іске асады. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Саздыға, аталарым басына келгенімді, су, газ, жарық тартқызып бұл жерді ел игілігіне айналдырғанымды жаңа Мәдениет ағамыз айтып өтті. Келмеске амалым жоқ еді. Жолдасым ол кезде кеңшарда есепші болып жұмыс жасады. Апам Қазимаш екеуміз қалай келгенімізді айтпай-ақ қояйын, көп әңгіме ғой. Бірде түсімде Орлыдағы үйіме барыппын. Іңір қараңғысында қайықпен өттім. Сонда шығыс жақтан керемет бір сәуле төгілді. Сазды аралын түгел жайлап кетті. Қолтығымда бастары салбыраған бір құшақ бидай жүр. Үйіме жақындағанда терезеден бір кішкентай лас көрдім. «Ой, мұны сүртсем тазарады ғой» деп ойладым. Оянсам төсегімде жатырмын. Сонда маған аталар басына көшуім керектігін түсіндім. Бойыңа біткен күшті, құдыретті ұстау оңай шаруа емес.

Көп жұмысты тындырғаннан кейін мұны артыма қалай қалдырамын деп кітап жазуға тырыстым. Ата-ана алдында парызымды өтемек ниетпен Алматы баспаханасынан «Өтелген парыз» деген кітап шығардым. Одан кейін «Ақталған аманат», «Аталар аялаған ақ отау» және басқалары, барлығы 5-6 кітап жаздым. Ондағы мақсатым мен ертең өмірден өтіп кеткенде менің ұрпақтарым ұмытпасын, қадірлесін, ата-бабалары кім болғанын білсін дедім. Енді жаңа Мәдениет аға киіз үйдегі әйелдер көрді деген ақ жыланға тоқталсам, ол менімен бірге кірді. Арғы шеттен бастап тың тыңдағандай аралап өтті. Содан кейін шаңыраққа асылып тұрды да, алдыма бірдеңе тастап жіберді. Мен оны жұмсақ қағазға орап жаныма салып алдым, - деп әңгімелеп, одан әрі өзіне көрсетілген құрмет үшін аудан, округ әкімдері мен басқа да ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521