«Дара жол» иесі – қайраткер ана

(0 Votes)

Аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен Абай атындағы жалпы орта мектепте өмірінің 55 жылдан астам уақытын ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған, қоғамдық жұмыстарға ұзақ жылдар бойы белсене араласқан, мемлекеттік қызмет пен білім беру саласының ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сәркен Нұрғожинаға арналған «Дара жол» бағдарламасы негізіндегі шара көңіл толқытардай өнегеге толы болды.

1962 жылы Ленин атындағы орта мектепте химия-биология пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған кеш қонағы жас маман кезінде жол көрсете білген алғашқы үлгілі тәлімгерлерін мақтанышпен атап өтіп, аталмыш білім ошағы жөнінде өзінің әсерлі естелігімен бөлісті. Сәркен апай Ленин атындағы орта мектепте ұстаздық еткенде 5 сынып оқушысы болған бүгінде аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жұмақай Ғұмаровтың ол туралы пікірі тыңдалды.

Одан әрі, 1965-1973 жылдар аралығында Алтынсарин атындағы орта мектепте мұғалім, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры лауазымдарымен жалғасын тапқан еңбек жолы туралы кейіпкер жан-жақты баяндап, қиындығы мен қызығы қатар өрілген қызметтің бағындырған биік белестерінен сыр шертті. Сәркен апаймен әріптес болу бақыты бұйырған білім саласының ардагері Амангелді Хилауұлына сөз кезегі ұсынылып, оның басшылық қызметтегі қандай іскерлік қасиетін өзіне үлгі тұтқанын жеткізді. Шара барысында өзінің алғашқы шәкірттерінің қазіргі табыстары мен жетістіктеріне көңілі марқаятынын тілге тиек еткен кейіпкеріміз, оны мерейлі жасымен құттықтауға келіп, күтпеген тосын сый жасаған бір топ оқушыларын көргенде қуанышын жасыра алмады. Алтынсарин атындағы орта мектептің 1965-1966 жылғы түлектерінің бірі болған мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ғаділхан Қалиұлы сол кездегі жас ұстаз С.Нұрғожинаның біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетіне тоқталып, есте қаларлық қызықты оқиғаларын ортаға салды.

1973 жылы 25 маусымда Теңіз аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалған Сәркен апай елді мекендерді көркейту, абаттандыру, әлеуметтік нысандар қатарын өсіруде қолынан келгенін аянып қалмай, мәдени-сауықтыру кешендерінің құрылысына айрықша көңіл бөлді. Сол жылдарда бұл жұмысты бірінші болып қолға алған Калинин атындағы кеңшардың басшысы Өмірзақ Қажымғалиұлы болатын. «Дара жол» қонағы академик-жазушы Өмірзақ аға кешенді шараның жүзеге асуы туралы естелігімен бөлісіп, Арқа жерінен өңірімізге келін боп келген Сәркен апайдың елдің, халықтың игілігі бағытында туа біткен қабілетімен аянбай еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосқанын алға тартты. Аудандық атқару комитетінде кейіпкерімізбен бірге жұмыстас болған Болатбек Нәсиполлаұлы, Орақбай Хасанұлы төраға орынбасарының адами келбеті, кәсіби шеберлігінен үлгі алғандарын жасырмады.

1986 жылдан бастап республика бойынша балаларды 6 жастан оқыту жүйесін іске асыруда бірқатар шаралар жүргізілді. Әсіресе, мектептерде оқушылардың ұзартылған топтарда болуы, яғни онда ұйықтау, демалу, тамақтану орындары қарастырылды. Осы жұмыстарды бақылауда ұстап, бітпеген әр ісіне жанашырлық танытқан аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Сәркен апайдың мықты кадр ретіндегі жоғары жауапкершілігі жайлы сол уақыттарда білім ошағын басқарған Балғаным Хасенқызы ой тарқатты. Бұдан кейін, 1987-1996 жылдар аралығында аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне жетекшілік еткен кеш қонағы өңірдің қоғамдық өмірінен де тыс қалмай, әлі де белсенділік танытумен келеді. Соның ішінде ерекше атап өтерлігі – аудандық әйелдер кеңесін 27 жыл қатарынан басқарып, отбасы құндылықтарының сақталуы, ерлі-зайыптылардың арасында ажырасудың алдын алу, бала тәрбиесі бағытында тыңғылықты жұмыстар жүргізіп, аталған проблемалардың оң шешімін табуларына бір кісідей атсалысты. Осы тұрғыда ардагер ұстаз, Алтын алқалы ана Жәннат Құрманғалиқызы кеңес тарапынан ұйымдастырылған тәрбиелік мәні мен тағылымы мол шараларды баяндады. Кейіпкеріміз Солтүстік Қазақстанның тумасы болғандықтан, жерлестерінің де құттықтауы мультимедиалық экран арқылы тамашаланды. «Дара жол» бағдарламасында зал толы көрермен сексеннің сеңгір шыңын көріп тұрған Сәркен Нұрғожинаның еңбек жолында жеке тұлға ретінде қандай шыңға шыққанын көрді. Бірақ осынау жетістікке зор қолдау білдірген отбасының тірегі, апамыздың ардақты азаматы Мағаз ағамыз болатын. Отбасында екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген ұрпақтары бүгінде түрлі саланың мамандары. Олардан немере-жиен сүйіп, жан-жағы көгеріп-көктеп, мәуелі бәйтерекке айналған кеш қонағының ғибратты ғұмыр жолы бүгінгі жастарға үлгі-өнеге боларлықтай. Соңында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Б.Хасенова Құттықтау хатпен бірге сый-сияпаттарын тапсырды. Шарада аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әндерді кезек-кезек тамылжыта орындады. А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521