Ардагер атындағы турнир

Спорт

Ә.Сәрсенбаев орта мектебінде ауыл спортының дамуына сүбелі үлес қосқан, «ҚР білім беру ісінің үздігі», ардагер ұстаз Жұмабек Қуанышбайұлының туғанына 70 жыл толуына орай «Жадымызда жарқырайды жарқын бейнең...» атты шара өткізіліп, ерлер арасында волейболдан ашық турнир ұйымдастырылды.

Жарысқа Жаңаталап, Нұржау, Орлы, Құрманғазы, Еңбекші, Байда округтері және Афанасьев бекеті волейболшыларымен қатар, Мақаш ауылының ардагер споршылары, жастары, мектептің түлектерінен құралған командалар өзара сынға түсті.

Ашылу салтанатында Жұмабек Қуанышбайұлының өмірбаян жолдары мен жас ұрпақты спорт пен дене шынықтырудағы жеткен жетістіктері таныстырылды. Мақаш ауылдық округінің әкімі Болат Мұфтахов, ардагер ұстаз Сәуірбай Дәуітов құттықтау сөздерін арнап, мерейгердің зайыбы мен ұрпақтарына ескерткіш сыйлықтарын ұсынды. Жарысқа демеуші болған еңбек ұжымдары мен шаруа қожалық иелеріне, кәсіпкерлерге, ауыл азаматтарына алғыстарын білдірді.

Турнирдің қорытындысымен Құрманғазы а/о бірінші, Нұржау а/о екінші, Жаңаталап а/о үшінші орындарды еншіледі. Афанасьев бекетінің ойыншылары «Жеңіске деген жігері үшін» ынталандыру байрағына ие болды. Өтеуішов Әлімғазы «Үздік ойыншы», Ердешов Ернар «Үздік техникасы үшін», Құспанғалиев Надіржан «Ардагер спортшы», Орынғалиев Рафхат «Жас спортшы» атанды. Жүлделі орын алған командалар мен аталым иелері ақашалай және заттай сыйлықтармен марапатталды.

А.НӘЖІМОВ.