Жас ақындар мүшәйрасы

Мәдениет

Құрманғазы аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Аймақ айнасы – дәуір үні» атты жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Мақсаты Жастар жылында жас ақындарымызды ауданға таныту, олардың шығармашылығын шыңдай түсу. Оған Нұржау, Сафон, Құрманғазы ауылдық округінен үміткерлер қатысты. Мүшәйра «Үй тапсырмасы», «Алтын бесік – Атамекен», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» атты үш бөлімнен тұрды.

Алғашқы бөлімінде қатысушылар өз өлеңдерін оқып, одан бәрі де сүрінбеді. Екіншісінде табан астында туған жер туралы ой-толғау жазуы керек еді, мұнда да өзін жақсы көрсеткендері бар. Үшінші бөлімі жас ақындарға қиындау тиді. Мұнда әрқайсысы LED экрандағы ұяшықтардан біреуін таңдап, сонда көрсетілген үш суретке 5 минут ішінде сегіз жол шығарды. Бөлім аяқталғаннан кейін әділқазылар алқасының төрағасы Мұтиғолла Ғани қатысушылардан сол суреттер туралы түсінігін айтып беруін сұрап, өз ұсыныстарын ортаға салды. Шыны керек, ақындардың бәрі де болашағынан зор үміт күттірер жастар екенін көрсетті.

Шараны қорытындылаған әділқазылар алқасының төрағасы, танымал айтыскер ақын, бірнеше жыр кітаптарының авторы Мүтиғолла Ғани: - Бүгінгі мүшәйраға қатысушыларға ауданның және барлық өнерпаздардың атынан алғыс айтамын. «Түрлі-түрлі жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, сіздердің ақындық өнерлеріңізді барымызша әділ бағалауға тырыстық. Бірақ, енді бәйге болған соң аздаған реніш қатар жүреді. Мен де талай жүлделі жарыстарға қатысқанмын. Бәрінен озып тұрған жерімде бірінші орынды басқаға берген жағдай да кездесті. Сондай сәттерде еңселеріңіз түспей алдағы күндерде жеңіске жету үшін күресу қажет. «Өзіңнен басқаның бәрін ұлы деп ойла», деген сөз бар ғой. Ақын ең бірінші сондай болуы керек. Жаңа бірінші орында келе жатып, үшінші орынға түсіп қалғандар да болды. Осында қатысып отырған әділқазылар алқасы суырып салмалығы бар бір үміткерді бірінші орыннан көреміз деп ойлағанбыз. Алайда, үшінші бөлімде бәрі басқаша өтті. Негізі ақынның сыналар тұсы да осы соңғы бөлім. Тек қана суырып салмалыққа сеніп, жазбай отырған дұрыс емес. Барынша, үлгергендеріңізше ой өрнектерін қағазға түсіріп үлгергендеріңіз дұрыс. Мысалы, Нұржаудан қатысып тұрған Жанаргүл суреттерге қарап отырып 5 минутта 2 шумақ жарым, 10 жол өлең жазып үлгерді, - дей келе жүлдегерлерге дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етті.

Мүшәйра қорытындысымен І орынға Нұржау ауылынан келген жас ақын Жанаргүл Оралқызы лайық деп табылды. ІІ орында Сафон ауылдық округінен келген Еркебұлан Өтебаев. ІІІ орын Құрманғазы агроколледжі студенті Арыстанбек Садихов пен Нұржау орта мектебінің оқушысы Айым Райымбековаға тиді.

 

Қанат ҒҰМАРОВ