Жаңғырығы жадымыздан өшпейді

Мәдениет

«Күні кешеге дейін көпшілік қауым үшін белгісіз болып келген Ауған соғысының жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қала береді» деп Елбасысыз айтқандай, жарияланбаған соғыстың жаңғырығы ел жадынан өшпек емес. С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде атаулы күнге орай «Естен кетпес отты жылдар» атты мәдени шара ұйымдастырылды.

Алдымен «Ауған ақиқаты» атты бейнефильм назарға беріліп, сұм соғыстың боздақтары бір минут үнсіздікпен еске алынды. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының міндетін уақытша атқарушы, ҚР Қарулы күштерінің капитаны Ернар Мұханбетәлиев отты күнде жайлы шағын баяндамасын оқыды.

Бұл күн көңілде сызы, жүректе ізі қалған күндерге тағзым етілетін күн деген аудан әкімі Бибоз Шаяхметов соғыс құрбандарының, тағдыр тезіне шыдап, тозақ отына төзіп еліне дін-аман оралып, кейін дүниеден озған майдангерлердің артында қалған бауырларына, жарларына, ұрпақтарына естелік хаттары мен сыйлықтарын табыстады.

Келесі кезекте сөз алған Ғабиден Қайыржанов интернационалист жауынгерлердің бір тобын «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапаттап, алды алпыстан асып, соңы елуді еңсеріп, самайларын ақ шалған қандыкөйлек қаруластарына мықты денсаулық, сергек көңіл, отбасылық бақыт тіледі. Ауғандықтарға арнап патриоттық ән жазған күйші, сазгер Талапқали Зайнуллинді Ауған соғысы ардагерлері қауымдастығының қайырымдылығы үшін берілетін «Сауап» медалімен, үнемі қолдау көрсетіп отыратын аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаевты, ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Жоламанованы облыстық ұйымның Алғыс хатымен марапаттады.

Шарада патриоттық әндер шырқалып, Б.Бегәлиев атындағы орта мектептің, «Нұршуақ» балалар театрының қойылымы тамашаланды. Ломоносов атындағы орта мектептің әскери-патриоттық клубы тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетті.

А.МЕЙІРМАНОВ.