«Отырар сазының» ғаламат концерті

Мәдениет

Нұрғиса Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» ансамблі Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың арнайы шақыртуымен облысымызға өнер сапарымен келді.

Құрманғазы мәдениет сарайында үлкен концерт қойып, Мақат, Махамбет аудандарында болған белгілі өнер ұжымы аудан әкімі Қайрат Нұртаевтың шақыртуымен күй еліне келіп, құрманғазылықтарға өз өнерін паш етті.

Ансамбльдің бас дирижері әйгілі Нұрғисаның қызы ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Дінзухра Нұрғисақызы Тілендиева болса, дирижері ҚР-ның еңбек сіңірген артисі Жалғасбек Бөгендіков. Дінзухра мен Жалғасбек ансамбльге кезек-кезек дирижерлік етіп, өз кәсібінің шырқау шыңындағы қайталанбас дарын екендіктерін дәлелдеді.

Ансамбль құрамындағы Халықаралық байқаулардың лауреаты Фархад Кубеевке, бірнеше сайыстың Гран при жүлдегері, күйші Данияр Байжұмановқа, жыраулық дәстүрдегі әйгілі әнші Жанаргүл Сәркеноваға, примашы Алмас Нартайға, сазсырнайшы Гаухар Смағұловаға, т.б. өнерпаздарға құрманғазылық көрермендер қол соғып, зор қошемет көрсетті.

Концерттің соңында аудан әкімі Қайрат Нұртаев «Отырар сазы» құрамына аудан жұртшылығы атынан ризашылығын білдіріп, оркестр директоры, индерлік жерлесіміз, әрі конферансье Амантай Берғалиұлына алғыс хат табыс етті. Жазушы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, академик Өмірзақ Қажымғалиұлы мінберге көтеріліп, бас-басының өнер ерекшелігіне тоқталып, ақ бата тілегін арнады. «Отырар сазы» ертеңіне түгел құрамда Алтынжарға – Құрманғазы баба басына тәу етуге аттанып кетті.

Т.Дәрелұлы