«Ұлттық өнерді дәріптеген озық ұжым»

Мәдениет

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйі жанындағы халықтық қазақ ұлт аспаптар оркестріне күй өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, республикаға танымал дирижер, марқұм Төлеген Ахметжановтың есімі берілуіне орай «Ұлттық өнерді дәріптеген озық ұжым» атты есептік концерті ұйымдастырылды.

Қошалақ жерінде қарапайым отбасында дүниеге келген Т.Ахметжанов Гурьев қаласындағы музыка училищесіне оқуға түсіп, атақты күйші-композиторлар Сейілхан Құсайынов, Боздақ Рзахановтан тәлім алды. Алғаш еңбек жолын мамандығы бойынша Орлы ауылындағы мәдениет үйінде бастап, Калинин атындағы кеңшардың қызметкер-жұмысшыларын тартып, ұлт-аспаптар оркестрінің негізін қалады. 45 адамнан құрылған ұжым мүшелері 1970 жылы облыстық байқаудан лауреат атанды. 1972 жылы оркестр «Халықтық» атағын абыроймен қорғаса, өзі Қазақ ССР мәдениет министрі бұйрығымен «Қазақстан ұлт аспаптар оркестрінің бірінші дәрежелі дирижері» атанды.

Алдымен зал толы өнерсүйер қауым Лед-экраннан айтулы азаматтың ғибратты ғұмыр жолымен танысып, мәдениет саласының қызығы мен қиындығын бірге бөліскен әріптестерінің түрлі шараларда бірге өнер көрсеткен сарғайған суреттерін тамашалап, Т.Ахметжанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі мен аудандық өнерпаздар концерттік бағдарламасын ұсынды. Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов ұлттық өнерді ұлықтап, ауданымыздағы мәдениет саласының жандануы мен көркеюіне бір кісідей атсалысып, өзінің музыкалық сауаттылығы мен ізденісінің арқасында дарынды шәкірттерді тәрбиелеген құрманғазылықтардың мақтанышы Төлеген Ахметжанов жөнінде ізгі лебізін білдіріп, өзінің алғыс хатын ұрпақтарына табыстап, бүгінгі кешке алыстан арнайы келген оркестрдің ардагері Қ.Түсіпқалиевке сый-құрметін көрсетті.

А.Шакупова.