Бекзат өнерді биікке көтеріп...

Мәдениет

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде 27 наурыз – халықаралық театр күніне орай «Өнер мен өмірді тоғыстырған таланттардың тұрағы» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.

Алдымен үлкен экраннан 65 жылдық тарихы бар басында үйірме болып құрылып, кейіннен халықтық деген атаққа қол жеткізген Теңіз және Киров театрының сахналық жолын көз алдыңа әкелетін сағынышты күндердің фотосуреттері назарға берілді. Өлкетанушы Асқар Дүйсенғалиұлы Теңіз топырағында малшы-механизаторлардан құрылған театрдың қалыптасу тарихымен, өркендеу кезеңімен таныстырса, «Киров» халық театрының ардагері Мағират Қыдырова өнер өлкесінде қатар самғаған замандастары жайлы тебірене сөз қозғады.

Бекзат өнерді ауыл сахнасында жүріп биіктерге көтерген аға буын әуесқой әртістер дәріптелген кешті көркемсөз шеберлері Руслан Исмагулов пен Гүлбақыт Ермұратова жыр шумақтарымен ашты.

Алғашқы құттықтау сөз алған аудан әкімі Бибоз Шаяхметов бүгінгі жаһандану заманында технология күрт дамып, кейбір құндылықтар өзінің маңызын жойып жатқан тұста театр өнері мәдениеттің шыңы ретінде талғампаз көрерменнің әлі де сұранысына ие болып, өміршеңдігін көрсетіп отырғанын атап өтіп, аудандық қоғамдық кеңестің шешімімен театр ұжымдарына аудан мәдениеті мен өнеріне сүбелі үлестерін қосқан театр майталмандарының есімдері және айшықты ерекше қазақи атаулар берілгені туралы хабарлады. «Теңіз» халық театрына Қазақ ССР-на еңбек сіңірген қайраткер Дүйсенғали Ғұмаровтың, «Киров» халық театрына театрдың іргетасын қалаған және алғашқы режиссері Зәмзам Исмагуловтың есімдері, «Калинин» халық театрына «Орлы», «Морской» халық театрына «Алға» атаулары берілгендігі туралы куәлікті театр режиссерлеріне табыстады.

Сондай-ақ, аудан басшысы бір топ театр ардагерлерін Алғыс хатымен, бүгінде өмірден озған өнер саңлақтарының ұрпақтарын Естелік хатымен марапаттады. Республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері Б.Бегәлиев атындағы жалпы орта мектеп жанынан құрылған «Нұршуақ» балалар және жасөспірімдер театрына да (жетекшісі Мария Қиюазова) құрмет көрсетілді.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров атаулы күнге ыстық лебізін білдірсе, театр ардагерлері Әуез Ізжанов, Сәуле Марданова, Сапура Исмагулова, Светлана Бердешова залға жиналған замандас әріптестерін, ізбасар буынды мерейлі сәттерімен құттықтады.

Салтанатты шарада бұл күндері өнер көгінде өрнекті іздерін қалдырып жүрген театр әртістері Заря Қуанышқызы, Нұрболат Исаев, Елдос Құлшаров, Қуаныш Әжіханов, Бекарыс Ғапурұлы, Қадыржан Хасанов, Айнамгүл Нұрғалиева әсем әндерімен көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

А.НӘЖІМОВ.